Прокурор бұрынғы вице-министр Ерлан Қожағапановты жеті жылға соттауды сұрады
Фото: primeminister.kz
Прокурор бұрынғы мәдениет және спорт вице-министрі Ерлан Қожағапановты жеті жылға соттауды сұрады. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
5 мамыр күні өткен сот отырсында іс бойынша прокурор Арман Кизікен бұрынғы вице-министр Ерлан Қожағапановты қызметтік өкілеттігін асыра пайдаланғаны үшін кінәлі деп танып, жеті жылға бас бостандығынан айыруды талап етті.
Оған 2018 жылы Петропавлда өткен Қазақстан мен Ресей XV форумын ұйымдастыру барысында бір миллиард теңгені жымқырды деген айып тағылған. Сондай-ақ прокурор Қожағапановты II дәрежелі "Айбын" орденінен және "кеден қызметінің полковнигі" атағынан айыруды ұсынды.
Қарияның сұрағына келемеждеп жауап берген вице-министр сынға қалды (видео)
Іс бойынша екінші айыпталушы – Ләззат Көккөзова сегіз жылға бас бостандығынан айырылуы мүмкін.
Прокурор сондай-ақ бір миллиард теңгеден астам сомаға қатысты азаматтық талапты ішінара қанағаттандыруды және айыпталушылардың мүлкіне салынған тыйымды күшінде қалдыруды ұсынды.
Айта кетейік, Ерлан Қожағапанов екі рет мәдениет және спорт вице-министрі, сондай-ақ Астана мен Алматы қалалары әкімдерінің орынбасары және премьер-министрдің кеңесшісі қызметтерін атқарған.
Еске салсақ, 2024 жылдың наурызында бұрынғы мәдениет және спорт вице-министрі Ерлан Қожағапанов ауыр сыбайлас жемқорлық қылмысын жасады деген күдікпен ұсталған еді.

“Кадрда көрінбеуің керек": "Жайдарман" ойындарын көруге барған қазақстандық ару орамалы үшін қысымға ұшыраған
