Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

“Кадрда көрінбеуің керек": "Жайдарман" ойындарын көруге барған қазақстандық ару орамалы үшін қысымға ұшыраған

Фото: Динараның жеке архиві

Астаналық 26 жастағы Динара Нұрланқызы желіде көңіл көтеріп демалып қайтамын деп “Жайдарманға” барып, кейін жылап шыққанын жеткізді. Айтуынша, төрешілердің артында отырған орамалдағы аруға бағдарламаны түсіруші операторлары қайта-қайта орын ауыстыруы керек екенін айтып, дөрекілік танытқан. Құқығымды таптап, еңсемді түсірді деген ару Stan.kz тілшісіне мән-жайды анықтап айтып берді.

Динараның айтуынша, ол үнемі жұмыстан соң қаладағы спорттық, мәдени жарыстарға, іс-шараларға, театрларға қалмай барады. Соны біліп танысы оған билет сыйлаған.

“6:30-да басталатын болғандықтан, ол жерге 6:15-те барып, өз орнымды тауып отырдым. Ал қасымдағы құрбым әлі жолда келе жатты. Біздің орын төрешілердің артында екен. Отырғаным сол еді бір кісі келіп, “алдыңғы жақты толтыру керек, сол үшін мына бос орынға отырыңыз” деді. Басында түсінбей қалдым. Бәлкім адамдар кадрда көп болып көрінуі үшін солай істеп жатқан шығар деп ойладым. Бірақ жанымдағы адам әлі келмегесін тағы бір-бірімізді таппай қалармыз деп күтуді шештім. Әрі осы орындағы билетті сыйлағасын ауысып кетуге ыңғайсыздандым”, – деді бойжеткен. 

“Кадрда орамалмен отыруға болмайды” деді

Дегенмен бұдан кейін Динараға тағы басқа адам келіп, қызыл киімі камераға кедергі екенін ескерткен.

“Мұнда қызыл киіммен отыруға болмайды” деді. Түсінбей қалдым. Қасымда үш орындықтан кейін қызыл жейдемен тағы бір қыз отырды. Мен қызыл түстің камераға қандай әсері бар екенін сұрадым. Ол болса “оператор айтып жатыр. Тез болыңызшы” деді де, жұлқынып кетіп қалды. Сәлден соң бірінші оператор келіп тағы да: “жанға жылжыңызшы” деді. Мен оған өзімнің орным осы жер екенін айтып түсіндірдім. Кейін жағдайды топшылап, “сонда қызыл түс пе, әлде менің орамалым кедергі болып тұр ма?” дедім. “Иә кадрдда орамалмен отыруға болмайды” деді. Маған ешкім бұған дейін мұндай шарт туралы айтпаған”, – деп қосты ол. 

Кейін бойжеткенге бағдарлама басталар алдында тағы бір қызметкер келіп, ауысуын сұраған.

“Қазылар алқасы келе жатыр, болыңызшы. Орын ауыстырыңызшы” деді. Олардың мені не үшін қуғылары келіп жатқанын түсіндім. “Бастығыңызды шақырыңызшы” дедім. Неге бұлай болып жатқанын, мән-жайды білгім келді. Бұл жерде олардың әрекеті намысым мен жүрегіме тиді. Ол жерде өзімді қылмыскер немесе отыруға лайықсыз адам сияқты сезіндім. Көзім жасқа толып тіпті не істеу керегін білген жоқпын. Жайдарман біткенше ешкімге бір ауыз сөз айтпай, эмоциямды көрсетпей, сыйластықпен соңына дейін шыдадым”, – деп қосты Динара.

“Діни атрибуттардың болмайтыны билетте жазылмаған”

Шыққан соң бойжеткен шараны ұйымдастыратын басшылықтан мән-жайды сұрап, осындай дөрекілік жағдай болғанын айтқысы келген. 

“Дәлізден жаңағы операторларды іздедім. Бұл Хабар арнасына берілетін эфир екен. Сөйтіп хабардың қызметкерін көріп соған қарай жүгірдім. Барып жағдайды түсіндіріп жатқанымда, жанында осы Жайдарманның продюсері Жанасыл деген кісі тұр екен. Ол “бұл сұрақтарыңызды маған қоюыңызға болады” деді. Ол кісіні танитынмын, ол да мені танитынын айтты. Жасын, білімін сыйлайтынмын. Сосын неге бұлай болып жатқанын сұрадым. Ол кісі “жазылатын да, жазылмайтын да заңдар болады. Бұл жазылмайтын заң, сондай тапсырма” деп немқұрайлықпен жауап берді. Мәселені шешуге немесе түсіндіруге ұмтылмады. Жалпы телеарнаның талаптары деді. Ол кісінің жауабына қанағаттанбадым. Құқығым бұзылып тұр. Бұл кісі менің мәселемнің мәнін түсініп те тұрған жоқ”, – деп қосты ол. 

Динара кейін дала шығып іштегі булыққан эмоциясын жылап шығарғанын алға тартты.

“Осындай эмоциямен қайтамын деп ойламаппын. Концерт бойы ішкі ойларыммен күрестім. Бұл оқиға маған қатты ауыр тиді. Мұндай жағдайға бұрын кезікпеппін.  

Орамал таққан болсын, тақпаған болсын, кез келген адамға мән жайды түсіндірместен бұлай қарым-қатынас таныту құқықты бұзумен тең. Мен тек дін, ислам тұрғысынан қарап тұрған жоқпын. Басқа адам да өзіндік белгісімен келсе осылай ете ме” деген сұрақ. Діни атрибуттар болмайды деген ескерту шарттары билетте жазылса, немесе алдын ала айтылса мұндай жағдай болмас еді. Бұл туралы еш жерде хабарланбаған. Тіпті басынан қызметкерлер жаймен түсіндіріп жеткізгенде, адаммын ғой құрбым келген соң ауысар едім”, – деп қорытты ол.

Динара кейін өзіне сол жердегі жігіттердің дөрекілігі үшін ұйымдастырушы қыз хабарласып кешірім сұрағанын алға тартты. Алайда жобаны ұйымдастыратын басшылықтың кешірім сұрауын күтетінін жасырмады.

“Діни немесе коммерциялық насихат жүргізуге құқығымыз жоқ”

Stan.kz тілшісі “Жайдарман” ойындарының директоры Жанасыл Болатбекпен байланысқа шығып, осы жағдайға байланысты пікірін сұрады. Ол желіге жазба етіп қалдырған ойын жеткізді. Айтуынша, жобаның түсіріліміне “Хабар” арнасы араласпайды. 

“Ара жігін ажыратып алайық. “Хабар” арнасынан бұрын (Телеарна дайын өнімді қабылдаушы тарап. Түсірілімге араласпайды) “Жайдарманның” позициясын айтайын.

Камера алдында қызыл орамал ғана емес, кез келген басқа сауда белгісінің логотипі бар киіммен отырған адам болса да, олар кадрдан тыс отыруға тиіс. PR технологиясы бойынша бұл — астыртын жарнама (насихат) болып есептеледі.

Бұл талап дінге де қатысты. Егер кадрда исламдық, христиандық немесе буддистік діни киімдегі адам отырса, бұл да діни насихат ретінде қабылдануы мүмкін. Ал Қазақстан — зайырлы мемлекет, сондықтан біз кадрда қандай да бір діни немесе коммерциялық насихат жүргізуге құқығымыз жоқ”, – деп жазды ол. 

Директордың айтуынша, төрешілердің артындағы орындар сатылмайды. Қажет жағдайда орын ауыстыра алу үшін таныстарға беріледі екен.

“Ойынның үстінде ешкім шығарылған жоқ. Басқа орындарда орамалды көрермендер көп болды. Ешқандай мәселесіз ойынды тамашалады. Жайдарманда орамалды аруларымыз да сахнада ойнап жүр. Еш кедергісіз. Екі жақты келісіммен әрине. Жазылмаған заңдылық туралы жоғарыда айтылды”, – деп қорытты ол.  

STAN.KZ
Дүйсенбі, 05 Мамыр, 2025 17:32
Талқылау