Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"Президенттің қолынан жүлде алдым": Моңғолиядағы қандасымыз күрестен сайысқа түсіп, топ жарып жүр

Моңғолиядағы этникалық қазақ Мұстафа Нұрланұлы моңғол күресінен "Лашын" атағын екі мәрте ұтып алды. Біріншісін 2020 жылы Моңғолияның президенті Қалтыма Баттұлғаның өз қолынан алса, биыл елдің вице-премьері Амарсайхан Сайнбуян жүлдені табыстаған. Жырақтағы қазақ балуанымен Stan.kz тілшісі моңғол мен қазақ күрестерінің айырмашылығы туралы, спортшының алдағы мақсат-мұраттары жайында сұхбат жүргізді.

– Армысыз, аға! Атажұртыңызға өзіңізді жақынырақ таныстыра кетсеңіз. 

 Армысыздар, бауырлар! Моңғолияның Баян-Өлгий аймағында туып өстім. Қазіргі кезде жасым 30-ға таяп қалды. Отбасым, екі балам бар. Бүгінде ел астанасы Улан-Батор қаласына отбасымызбен көшіп келдік. Руымыз – Керей. Әке-шешем Баян-Өлгийде тұрады. Екеуі де ұстаз болған. Қазір анам зейнетте. Мектепте орыс тілінен сабақ берген. Әкем дене шынықтыру пәнінің мұғалімі болды. Қазіргі кезде жеке кәсіппен айналысады. Әке-шешеден үшеу тарадық. Ағам және өзімнен кейін бір інім бар. Моңғолияда туыстарымыз өте көп. Ағайындарымыздан жалғыз ғана үй қалды. Бірақ нағашыларым осында. Әкемнің туыстары Қазақстанға көшіп кеткен. 2009 жылы он жылдық мектепті бітірдім. Өзім әскери салада оқыдым. Қазіргі кезде әскерилердің атынан күресіп жүрмін. Жалпы әскери сарбазбын. Әкем де ауыр атлетикадан халықаралық дәрежедегі спорт шебері. Ағам мен жеңгем Баян-Өлгийде тұрып жатыр. Ініміз Ресейде оқиды. Келіншегім қазір бала күтіміне байланысты үйде. 

 Қанша жасыңыздан бастап күреспен айналысасыз?

– Моңғолияда қандай да бір жиын немесе тойлар ұйымдастыратын болса, барлық жерде моңғолдың ұлттық күресінен сайыстар өткізіледі. Біздегі екі моңғолдың біреуі міндетті түрде күресе біледі. Бала кезден моңғолдың ұлттық күресіне өзім жақын болдым. 14 жастан бастап жаттығу жасадық. Ең алғаш дзюдо күресінен бастағанмын. Жасөспірімдер мен жастар арасындағы ел біріншіліктерінде алғашқы жүлделерді иеленіп жүрдік. Кейін моңғолдың ұлттық күресіне қатты мән бере бастадым. Моңғол елі бір ғасырға толуына орай, Баян-Өлгий аймағынан тоғыз балуан жарысқа қатыстық. Бұның алдында да "Лашын" атағын жеңіп алғанмын. Бүгінде екі дүркін "Лашын" иегерімін. Мемлекеттік "Піл" атағын Әбдіқажы Тердікбайұлы ағамыз, одан кейін Бақыт Однайұлы мемлекеттік "Қаршыға" жүлдесін иеленді. Осы ағаларымның ізін қуып келемін. Моңғолдың ұлттық күресі сумондық, аймақтық және мемлекеттік болып бөлінеді. Ең алғаш сумондық дәрежеге жеткеннен кейін, аймақтық күреске жолдама аламыз. Жақсы атақтарды алып жатсақ, мемлекеттік күреске қатысуымызға мүмкіндік болады. 2019 жылы мемлекеттік жарыста, мені жеңген азаматтан допинг табылды. Сол балуанның жеңісін алып тастап "Лашын" мәртебесі ресми маған берілді. 

 Моңғол мен қазақ күрестерінің қандай айырмашылықтары бар?

– Моңғол күресі де ерте заманнан қалыптасқан. Жазық жерде, аяққа етік киіп күреседі. Байырғы моңғол әскерлерінің салт-дәстүрі іспеттес. Ғасырлар бойы өзінің тарихын сақтап қалған. Қазақ күресімен киім және әдіс-тәсілдерінен де айырмашылықтары бар. Бізде күреспес бұрын мемлекеттік туға әр балуан құрмет көрсетеді. Дененің бір жері жерге тисе, жығылған болып саналады. Алақан тиетін болса есептелмейді. Алайда шынтақ пен тізені жерге тигізбеуіміз керек. Қазақ күресі дзюдоға жақын ғой. Шынымды айтсам, қазақ күресімен де айналысқанмын. Әзірге бейімім болмады. "Лашын" атағы республикалық дәреже. Бұған жету үшін аймақтық белестерді бағындырдық. Моңғол күресінде бірдей салмақ болмайды. Қазақ күресіне осы жағы ұқсас. Біз 512 балуан күрестік. Ішінен іріктелген бес адамға "Лашын" атағы арнайы беріледі. Ең алғаш марапатты президентіміз Қалтыма Баттұлғаның өз қолынан алғанмын. Бүгінде қолымда екі мәрте "Лашын" атағы бар. Осы жолы елдің вице-премьері Амарсайхан Сайнбуян арнайы табыстады. Бұл атақ мемлекет басшысының жарлығымен беріледі. Өзімізде "Өлгий күштілері" деген клубымыз бар. Сонда жаттығуларымызды жасаймыз. Салмақ категроиясына мүлдем қарамайды. Менің салмағым 120 кг-ға жуықтайды. Моңғол балуандарының арасында 80 мен 160 салмақ дәрежесіндегі спортшылар да бар. 

 Аталарыңыздан күреске жақын кісілер болды ма?

– Менің атамның туған бөлесі Дағыс Еркетайұлы деген көкеміз бар. Моңғолдың ұлттық балуан күресінен қатарынан 6 рет жеңіске жетіп, "Арыстан" атағын қорғап шықты. Аймақтық жарыстардан аты шыққан. Кейіннен басқа аймақтарда күресіп жүріп, көкемізге көз тиді ме қайтыс болып кетті. Үлгі тұтатын ағаларымыз өте көп. Бақыт Однайұлы  ағамыздың жасы келді. Осы кісілерге қарап тәрбие көрдік. 

– "Лашын" атағына қандай сый-сияпаттарды қосып береді?

– Жалпы көптеген сыйлықтар болды. Ең бірініш ел-жұрт өзінің ыстық құттықтау лебіздерін жеткізеді. Жеке көлік сыйлаған. Баян-Өлгий аймағынан үй атады. Бірақ та пандемияға байланысты қаражаттары жетпей қалды. Улан-Батор қаласынан екі бөлмелі пәтер береміз деген. Әзірге құжаттарын рәсімдемеді. Бұрынғы спортшыларға да беріп жүр. Сондықтан да алдағы уақытта үйді толықтай береді. Қазір жаттығу жасап жүрмін. Жұмыстан да "күреске дайындал" деп босатты. Уақытымның көбісі жаттығуларға кетіп жатыр. Ұлымның үлкені бесте. Кішкентайымыз жеті айға енді толды.  Артымнан шәкірттерді де дайындап жатырмын. Баян-Өлгийде жаттықтырушы болып істедім. 

 Арғы жағыңызда теледидардан "Алматы. Алматы..." деп жатыр ғой. Атажұрттағы жаңалықтарды қарайсыздар ма?

– Әрине! Біз теледидардан "Қазақстан", "Хабар", "Астана" каналдарын тамашалаймыз. Бала кезімізде де көрдік. Жақын туыстарымыз Нұр-Сұлтанда тұрады. 2005-2008 жылдары аралығында көбі атамекенге көшіп кетті. Олармен хабарласып тұрамыз. Қазір жақсы орналасып алды ғой. Моңғолия мен Қазақстанды салыстырғанда бірдей сияқты. Атажұрт жеңілдіктерді бергенде пайдаланып қалған еді. 

 Өзіңіздің атамекенге қоныс аударатын ойыңыз барма?

– Қазақстандағы туыстарым да шақырып жатады. Бірақ әзірге баратын ойым жоқ. Бұл жерде жұмысым бар. Бір жағынан жақсы орналасып қалдық. Мынау вирустар басылса, туыстарға қыдырып барсам ба деймін. Қазақстанда бір-екі рет болғанмын. Соңғы рет 2019 жылы барыппыз.  

 Алдағы уақытта спорттық қандай мақсаттарыңыз бар?

– "Лашын" дәрежесінен де үлкен "Піл", "Арыстан" деген атақтар бар. Алла жазса, соларға ұмтылсам деп жатырмын.

 Уақыт тауып, сұхбаттасқаныңызға рахмет! Спорттағы дәрежеңіз артып, істеріңіз алға баса берсін! Тек қана сәттілік тілейміз!

– Рахмет үлкен! Айтқаныңыз келсін! 

Сұхбаттасқан: Қадірәлі САРЫПБЕК  

Талқылау