Президент Тоқаев православ қауымын Пасха мерекесімен құттықтады

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстандағы православ қауымын Пасха мерекесімен құттықтап, бұл мейрамның үміт, сүйіспеншілік және рухани жаңару символы екенін атап өтті. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Құттықтауында президент Пасха кезеңінде қоғамда жанашырлық, мейірімділік, өзара көмек пен тату көршілік құндылықтары кеңінен дәріптелетінін айтты.
"Құрметті еліміздің православ қауымы! Сіздерді Пасха мерекесімен құттықтаймын! Христиан жылнамасында ерекше орын алатын бұл мереке үміт пен сүйіспеншіліктің, рухани жаңарудың символы саналады. Пасха мейрамында және оған дайындық кезеңінде жанашырлық, мейірімділік, тату көршілік, өзара көмек қасиеттері ел ішінде кеңінен дәріптеледі. Православ қауымы қоғамда әділдік, бейбітшілік, келісім, төзімділік және сенім қағидаттарын қалыптастыруға елеулі үлес қосып келеді. Ұрпақтан ұрпаққа жалғасқан Пасха дәстүрі отбасындағы ынтымақты сақтауға және адамгершілік қарым-қатынасты нығайтуға ықпал етеді, үлкенге құрмет көрсетіп, жақыныңа жанашыр болуға баулиды. Ұлттық бірлік пен конфессияаралық келісімнің сақталуы, дәстүрлі құндылықтар мен жан-жақты жаңғыруға деген ұмтылыстың үйлесім табуы еліміздің өсіп-өркендеуіне арқау болып отыр", – деді президент.
Сонымен қатар ол православ қауымының елдегі бейбітшілік, келісім және төзімділік қағидаттарын нығайтуға қосып отырған үлесін жоғары бағалады.
"Халқымыз бейбітшілік пен тұрақтылық, заң мен тәртіп, білім мен инновация, қоршаған ортаға қамқорлық пен тазалық қағидаттары берік орныққан озық елде өмір сүріп, еңбек етуге ұмтылады. Республикалық референдумда қабылданған Халық Конституциясы – соның айқын дәлелі. Біз қастерлі Отанымыздың болашағы жолындағы ортақ жауапкершілікті терең сезіне білсек, кез келген сын-қатерді еңсеріп, биік мақсаттарымызға жететінімізге кәміл сенемін. Осы жарқын мереке әрбір шаңыраққа шаттық пен бақ-береке сыйласын! Баршаңызға зор денсаулық, мол бақыт және толағай табыс тілеймін!" - деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Еске салайық, бұған дейін Қасым-Жомарт Тоқаев қазақстандықтарды Ораза айт мерекесімен құттықтап, бұл күннің мұсылман қауымы үшін рухани маңызы зор екенін атап өтті. Президент өз сөзінде ораза айында қалыптасатын сабыр, қайырымдылық, өзара сыйластық сияқты құндылықтарға тоқталды. Сонымен қатар ол биыл Ораза айттың Наурыз мейрамымен қатар келуін ерекше мәнге ие жағдай ретінде бағалады. Тоқаев елдің конституциялық реформалар арқылы даму жолын таңдағанын айтып, халыққа денсаулық, бірлік пен амандық тіледі.
"Терезеге телміріп, жүруді армандадым": 10 жыл төсекке таңылған марафоншы ауруды қалай жеңгенін айтты
Оқыңыз