Тоқаев қазақстандықтарды Наурыз мейрамымен құттықтап, Ясауи кесенесіне зиярат етті

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев қазақстандықтарды Ұлыстың ұлы күні – Наурыз мейрамымен құттықтап, ел бірлігі мен тазалық құндылықтарына мән беруге шақырды. Сонымен қатар президент Түркістан облысына жұмыс сапары барысында Қожа Ахмет Ясауи кесенесіне зиярат етті. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Бұдан бөлек президент Қасым-Жомарт Тоқаев Қожа Ахмет Ясауи кесенесіне зиярат етті. Мемлекет басшысы Түркістан облысына жұмыс сапарымен барды. Сол жерде мемлекет басшысы қазақстандықтарды Наурыз мейрамымен құттықтады.
"Баршаңызды Ұлыстың ұлы күні – әз-Наурыз мейрамымен шын жүректен құттықтаймын! Әз-Наурыз – тазару, жаңару уақыты. Тазалық – мән-мағынасы кең ұғым. Бұл – ең алдымен, ой тазалығы, сана мен ниет тазалығы деген сөз. Осыдан екі жыл бұрын елімізде "Таза Қазақстан" жалпыұлттық акциясы бастау алды. Ауқымды жоба халықтың, әсіресе, жастардың жаппай қолдауына ие болды. Азаматтарымыз тазалықты құр сөзбен емес, нақты ісімен көрсетуде. Ұқыптылық, жинақылық, тиянақтылық қасиеттері ұлтымыздың жаңа сапасына айнала бастады. Жалпы, "Таза Қазақстан" бастамасы – жай ғана кезекті саяси науқан немесе үгіт-насихат емес, бұл – мемлекетіміздің мызғымас идеологиясы. Сондықтан осы игі іспен біз жыл бойы айналысуымыз керек, бұл ұлт болмысының ажырамас бөлігі болуға тиіс. Әсіресе, Ұлыстың ұлы күні тазалық философиясын кеңінен дәріптеу маңызды", – делінген Ақорданың хабарламасында.
Президент ұлыстың ұлы күні Жер Ана да, еліміз де жаңарып жатқан осы тарихи сәтте айтылған тілектің мән-мағынасы айрықша деп ойлайтынын айтты.
“Қазір Қазақстанда түбегейлі өзгерістер кезеңі басталды. Оны баршаңыз жақсы білесіздер. Бәріміз бір ел болып Конституциялық реформаны табысты жүзеге асырдық. Бұл реформаның тарихи мән-мағынасы ерекше. Оның ел дамуына тигізетін ықпалы аса күшті боларына күмән жоқ.
Жаңа Конституция, ең алдымен, өскелең ұрпақтың игілігі үшін қабылданды, бұл жастарға арналған құжат десек, қате болмайды. Елімізге жаны ашитын, яғни шын мәнінде жанашыр ұрпақ қана Қазақстанның көркеюіне мол үлес қоса алады. Еліміздің келешегі – отаншыл, жасампаз, жауапкершілігі мол жастардың қолында.
Біз ешқандай кедергі мен қиындыққа қарамай, елімізді өркениет жолына шығаруымыз керек. Халқымыздың тарихи тағдыры – өзіміздің қолымызда.
Қазақстаннан басқа Отанымыз жоқ. Шындықты айтсақ, Қазақстанның дамуы мен өрлеуі бізден басқа ешкімге керек жоқ. Сондықтан қазіргі ұрпақ Отанымыздың баянды болашағы үшін барлық жағдайды жасауы керек.
Бәріміз бір ұлт болып, бір ел болып осы ұлы тарихи жорықта міндетті түрде жеңіске жетуіміз қажет. Бұл – біздің ең басты міндетіміз, миссиямыз.
Ұлыстың ұлы күні Жер Ана да, еліміз де жаңарып жатқан осы тарихи сәтте айтылған тілектің мән-мағынасы айрықша деп ойлаймын. Сондықтан ең бастысы елімізге амандық, жерімізге тыныштық тілеймін.
Қасиетті Отанымыз – Қазақстан Республикасы мәңгі жасасын!
Ата заңымыз өз тұғырынан түспесін!
Туымыз биікте желбіресін!
Ұлыс оң болсын, ақ мол болсын!" – дейді мемлекет басшысы.
- "Наурызға 317 млн, ал Жаңа жылға 793 млн теңге": Қазақстанның бас қалалары Наурыз мейрамына Жаңа жылдан екі есе кем қаржы бөлді
- Қазақстанда 62 жыл бойы не себепті Наурыз мейрамын тойлауға тыйым салынды
Еске салайық, бұған дейін Қасым-Жомарт Тоқаев қазақстандықтарды Ораза айт мерекесімен құттықтап, бұл күннің мұсылман қауымы үшін рухани маңызы зор екенін атап өтті. Президент өз сөзінде ораза айында қалыптасатын сабыр, қайырымдылық, өзара сыйластық сияқты құндылықтарға тоқталды. Сонымен қатар ол биыл Ораза айттың Наурыз мейрамымен қатар келуін ерекше мәнге ие жағдай ретінде бағалады. Тоқаев елдің конституциялық реформалар арқылы даму жолын таңдағанын айтып, халыққа денсаулық, бірлік пен амандық тіледі.
"Терезеге телміріп, жүруді армандадым": 10 жыл төсекке таңылған марафоншы ауруды қалай жеңгенін айтты