Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Полиция "мамбеттер" туралы қалжыңы үшін екі айға қамалған қарағандылық қыздың бостандықта жүргені туралы ақпаратқа жауап берді

Алика МұхамадиеваФото: видеодан скриншот

Полицейлер Threads желісінде ұлтаралық араздықты қоздырғаны үшін қамауға алынған қарағандылық қыздың тергеу изоляторынан босатылғаны туралы ақпаратқа жауап берді. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.

Әлеуметтік желіде қарағандылық күдікті бостандықта жүргені және Алматыдағы мекемелерді аралап жүргені туралы ақпарат талқыланған жазбалар пайда болды.

Қарағанды ​​облысының полиция департаменті бұл ақпарат шындыққа жанаспайтынын мәлімдеді.

"Күдікті уақытша ұстау изоляторында жатыр, оған қатысты сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізілуде", – делінген облыстық полиция департаментінің баспасөз қызметі таратқан хабарламада.

Полицейлер қазіргі уақытта жауапқа тарту мақсатында жалған ақпарат таратқан адамдар анықталып жатқанын атап өтті.

Сондай-ақ полиция көрінеу жалған ақпарат тарату қылмыстық жауапкершілікке тартылатынын еске салып, тұрғындар мен БАҚ өкілдерін тек ресми ақпарат көздерін пайдалануға шақырды.

Еске салсақ, осыған дейін желіде қазақстандықтардың ар-намысына тиетін жазба қалдырған қарағандылық кәсіпкер Алика Мұхамадиева екі айға қамауға алынғаны туралы жазған едік. Оның ұсталуына "Қазақстан несімен танымал?" деген сауалға "мамбетами" деп жауап беруі себеп болған. Сондай-ақ ол қазақ тілінде сөйлеуді талап ететіндерді мазақ етіп, мемлекеттік тілді "полукалбитский диалог" деп келемеждеген. 

Қарағанды облыстық полиция департаменті қызға қатысты Қылмыстық кодекстің 174-бабы, 1-бөлігі "Ұлтаралық араздықты қоздыру" бойынша іс қозғалғанын растады. Бұл бап бойынша 2 жылдан 7 жылға дейін бостандығын шектеу немесе бас бостандығынан айыру жазасы қарастырылған. Полицияның хабарлауынша, сотқа дейінгі тергеу аясында күдікті елден кетпек болған.

Аида Тақабаева
Жұма, 22 Тамыз, 2025 08:57
Талқылау