Назарбаев зияткерлік мектебі тәжірибесін басқа мектептерге беру үшін 22 млрд теңге бөлінген: НЗМ қаражаттың қалай жұмсалғаны туралы айтудан бас тартты
Фото: nisa.kz
Былтыр жоғарғы аудиторлық палата "Назарбаев зияткерлік мектептерінің" бес жылдық жұмысына миллиардтаған қаржы бөлінгеніне қарамастан, оның қайда және қалай жұмсалғаны күмән тудырған еді. Арада бір жыл өтсе де, басқа мектептерге "инновациялық тәжірибені ел көлемінде үлестіруге" деп арнайы бөлінген 22 миллиард теңгенің нақты есебі әлі күнге дейін айтылмай отыр. Осыған байланысты Stan.kz бұл мәселені қайта көтеріп, оқу орнынан қаржының қайда кеткенін нақтылап сұрады.
Өткен жылғы жиында жоғарғы аудиторлық палата төрағасы Әлихан Смайылов 2019-2023 жылдары Назарбаев зияткерлік мектебіне 250 миллиард теңге бөлінгенін, соның ішінде 22 миллиард теңгеден астамы Назарбаев зияткерлік мектебінің тәжірибесін жалпы білім беру жүйесіне таратуға бағытталған қаржы деп атап өтті.
Алайда бұл бағыттағы нәтиже әлі де айқын емес. Мәселен, соңғы бес жылда оқу-ағарту министрлігі бекіткен 3 мыңнан астам оқулықтың ішінде Назарбаев зияткерлік мектебінің үлесі бар-жоғы 67 ғана (небәрі 2%) екен. Бұл көрсеткіш "инновациялық тәжірибені ел көлемінде үлестіру" деген мақсатқа мүлде сай келмейді.
Әлихан Смайылов сол сәтте мұны қатты сынға алып, Ұлытау облысының бес жылдық бюджеті зияткерлік мектепке бөлінген қаржыдан аз деп көрсеткен еді. Оның айтуынша, "тәжірибе тарату" бағыты әлі күнге дейін мемлекеттік жоспарлау жүйесінде нақты мақсаттармен де, өлшенетін көрсеткіштермен де байланыстырылмаған.
Осы тұста Назарбаев зияткерлік мектебі 22 миллиард теңге деп бөлінген қаржының қалай жұмсалғанына қатысты өз есебін ұсынып, ақшаның бағыты мен игерілуін түсіндірді.
"Осы уақытқа дейін "Назарбаев зияткерлік мектептері" дербес білім беру ұйымы елімізде 280 төл бағдарлама бойынша 330 мыңнан астам педагогке біліктілікті арттыру курстарын ұйымдастырды. Мұғалімдерді әдістемелік қамтамасыз ету үшін бірегей "Жүйелік-әдістемелік кешен" онлайн платформасы жасақталды. Онда 454 мыңнан астам пайдаланушы тіркелсе, 117 миллионнан аса түрлі оқу-әдістемелік материалдар жүктелген. 2020 жылы "Online Mektep" жобасы іске қосылды, онда 26 мыңнан астам сабақ пен 550 мың тапсырма енгізілді. Бұл жоба пандемия кезінде елдегі миллиондаған білім алушыны оқытқан жалғыз ресурс болды", – деп жауап берді білім ордасы.
Сонымен қатар зияткерлік мектеп кейінгі 4 жылда "Ауылдық жерлерде тірек мектептердің әлеуетін дамыту", "Отпан: Маңғыстау облысындағы тірек мектептер желісі", Аманат партиясымен бірлесіп іске асырылып жатқан "Баққуатты аймақ" секілді әлеуметтік жобалар арқылы ауыл мектептеріне әдістемелік қолдау көрсету бойынша ауқымды жұмыс жүргіздік деп пікір білдірді. Дегенмен салаларға нақты қанша қаражат кеткені туралы ақпаратты айтудан бас тартты. Бұдан қалды мектептерге бөлінген қаржы бойынша есептер оқу-ағарту министрлігі тарапынан қадағаланатынын жеткізді. Ал министрлік әрқайсысының есебін айтуға құлық танытпады.
Бұған қоса 2019-2023 жылдары 1-6 сынып оқушыларына грант берудің нақты ережесі жасалмаған. Соған қарамастан, бұл гранттарға 5 миллиард теңге бөлінген, бірақ олар қалай жұмсалғаны белгісіз. Осы жайды да мектептен нақтылап сұрадық.
"Өркен" білім беру гранты дарынды балаларға арналған мектептерде оқуға төленеді. Министрліктің 2023 жылғы 14 тамыздағы бұйрығына сәйкес, бұл конкурсқа тек Қазақстан азаматтары қатыса алады. Грант тек 7-сыныптан 12-сыныпқа дейінгі оқушыларға арналған. Ал 1-6 сыныпқа мұндай грант қарастырылмаған", – деп қысқа қайырды.
Ал оқу-ағарту министрлігі 1-6-сынып шығындары мемлекеттік тапсырыс аясында жабылды деп қана жауап берді.

"Құл-Мұхаммедтен Алагөзовке": Қоғам белсендісі Алматыдағы Тереңқұр аумағындағы қонақ үй салынатынын айтып дабыл қақты
