"Сәлем" сөзі араб тілінен енген, қазақтікі "армысыз": BI Group компаниясының амандасуға қатысты ұсынысы қоғамда сынға ұшырады
Фото: Stan.kz / ЖИ көмегімен жасалған
Желіде juster_duster есімді жігіт BI Group компаниясының өз бетінше қазақ тілін "үйретіп", халыққа қалай сөйлеу керегін нұсқап отырғанына шүйлікті. Оның айтуынша, "Сәлем", "Сәлеметсіз бе?" сияқты амандасу формаларын арабтан енген деп қабылдамай, орнына "Қайырлы күн" секілділер"дұрыс" деп санаған диалог ұсынған. Алайда оқырман мұны үлкен қате деп атап, себебі олардың "қазақша" деп көрсеткен сөздерінің де басым бөлігі араб тілінен келгенін дәлелмен көрсетті. Stan.kz қай нұсқасы дұрыс-бұрыс емес екенін білу үшін қазақ тілі маманынан сұрады.
Жігіттің айтуынша, @bi.group компаниясының соңғы жариялаған постері орынсыз болған. Мұнымен қоймай, өздері "дұрыс" деп санаған қазақша диалогты ұсыныпты.
"Неге Айдын Рақымбаев пен оның компаниясы @bi.group өзін лингвист сезініп, бізге қалай дұрыс сөйлеу керек екенін үйретпек болды? Жақында осындай постер пайда болды. Компания "Сәлем", "Сәлеметсіз бе?" сөздеріне қарсы шығыпты. Олардың ойынша, бұл сөздер араб тіліндегі "Ассаляму алейкум" тіркесінен шыққан, сондықтан көне түркі сөзі емес. Осыған сүйеніп, @bi.group "дұрыс" қазақша диалог ұсынған көрінеді", – деп ашуланды желі қолданушысы.
Жігіттің пікірінше, мұндай тұжырымның өзі қате. Өйткені олар ұсынған сөздердің де көбі араб тілінен енген дейді.
- "Қайырлы күн" – "хайр" сөзі араб тілінен.
- "Хал" – араб тілінен.
- "Рахмет" – араб тілінен.
- "Аман" – араб тілінен.
- "Тамаша" – араб тілінен.
Меніңше, құрылыс компаниясына да, кейбір блогерлерге де өз ісіне қатысы жоқ салаға араласудың қажеті жоқ. Қазақ өзі біледі, қалай амандасу керегін: "Армысыз" десе де, "Сәлеметсіз бе" десе де, екеуі де орынды. Қалай айтса да, бәрібір дұрыс болады", – деп түсіндірді жігіт.
Осы ретте BI GROUP компаниясы өз постында қазақтың амандасу дәстүріне қатысты үлгісін көрсеткен.
"Ата-бабаларымыз "Армысыз?", "Аман-есенсіз бе?" сияқты амандасу сөздерін қолданғанын білесіз бе? Бұл сөздер "Ар-абыройыңызбен жүрсіз бе, денсаулығыңыз бар ма?" дегенді білдіреді. Қарап тұрсаңыз, біздің ата-бабаларымыз қандай дана болған десеңізші! Ал "Сәлем" және "Сәлеметсіз бе" сөздері бір кездері бізге көне еврей тіліндегі "Шалом алейхем" мен араб тіліндегі "Ассалаумағалейкум" амандасуларынан келген. Әрине, мұндай амандасу да құпталады. Дегенмен қазақ тілінде амандасу ұлтына қарамастан, біздің еліміздің мәдениетіне деген нағыз құрмет болып саналады", – деп жазған.
Фото: BI GROUP компаниясы
Ал филология ғылымдарының докторы, профессор Гүлнәр Бекенова амандасу мәдениетіне қатысты түсіндіріп өтті.
"Армысыз ба, амансыз ба, сәлеметсіз бе?" сөздерінің әрқайсысының өз орны бар. Қазақ лексикологиясында амандасуға байланысты үлкен процесс жүріп жатыр. Бұл үрдісте кірме сөздердің тілде қолданылуының да өзіндік реті бар. Мұндай құбылыс қазақ тіліндегі синонимдік қатарды кеңейтіп, сандық жағынан да байыта түседі. Сондықтан тілдегі "амандасу" сөзінің бірнеше формасының болуы заңды құбылыс. Кейде "мынау арабтан, мынау парсыдан, мынау түріктен немесе еврейлерден келген" деген түсінік айтылады. Алайда бұлайша жіктеу дұрыс емес. Өйткені біздің тілімізде қалыптасып кеткен қазақи қолданыста "сәлем", "сәлеметсіз бе" сөздері ең жиі қолданылатын формалар. Оның араб тілінен енгенін ескеру керек. Алайда түп-төркінін қазбалай берудің қажеті шамалы. Ал "армысыз ба", "аман-есенсіз бе" деген сөздер, әдетте, үлкен кісілердің, ақсақалдар ортасында қолданылатын амандасу үлгісі", – деді тіл маманы.
Сондай-ақ профессордың пікірінше, "сәлем", "сәлеметсіз бе" жалпы этикетке берілген атау болса, "ассалаумағалейкум" ер адамдар арасында қолданылатын дәстүрлі амандасу түрі.
"Сондықтан бұл атаулардың бәрі қатар өмір сүруге тиіс. Бірақ әрқайсысының қолданылу орны бар екенін ұмытпаған жөн. "Мынау дұрыс, ал мынау дұрыс емес" деп кесіп айту қате. Әр компанияның да өз ішінде корпоративтік этикеті болады. Егер олар өз ережесіне сәйкес өзгеріс енгізсе ол өз еркі", – деді профессор.
Қолданушылардың пікірі екіге қақ жарылды. Бір тобы компанияны "білмейтін салаға араласты" деп сынап, қазақ тілінде арабтан енген сөздердің көп екенін, оларды жоққа шығару дұрыс емес екенін айтты. Тағы бірі мұндай әрекетті халықты шатастыру, "мынау дұрыс, мынау қате" деп жалған түсінік қалыптастыру деп бағалады.
Ал екінші тарап постерде ешқандай қысым да, талап та жоқ, тек қазақ тілін қолдау мен дамытуға шақыру ғана бар екенін алға тартты. Олардың ойынша, әркім оны қабылдаса да, қабылдамаса да өз еркі.

"Сәлем" сөзі араб тілінен енген, қазақтікі "армысыз": BI Group компаниясының амандасуға қатысты ұсынысы қоғамда сынға ұшырады
