Полиция Леди Гаганың 2 миллион адам жиналған концертіндегі теракттің алдын алды
Фото: Stringer/Daniel Ramalho/AFP
Бразилиялық полиция танымал әнші Леди Гаганың концертінде лаңкестік әрекеттің алдын алды. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі BBC-ге сілтеме жасап хабарлайды.
Полицияның мәліметінше, сенбі күні Леди Гаганың концерті кезінде Рио-де-Жанейродағы Копакабана жағажайында лаңкестік әрекет жасалмақ болды.
Жексенбі күні полиция теракт ұйымдастырды деген күдікпен ер адам мен жасөспірімді ұстады.
Леди Гаганың концертіне кіру тегін болғандықтан ән кешіне екі миллионнан астам адам жиналған.
Рио-де-Жанейро штатының азаматтық полициясы Бразилияның әділет министрлігімен бірлесіп жүргізген тергеу нәтижесінде күдіктілер қолдан жасалған жарылғыш құрылғыларды іске қосуға дайын орындаушыларды жалдамақ болғаны анықталды.
“Шабуылды жоспарлаған топ әлеуметтік желілерде жағымсыз пікірлер таратқан. Бұл пікірлер негізінен балаларға, жасөспірімдерге және ЛГБТ қауымдастығына қарсы бағытталған”, – делінген хабарламада.
Лаңкестік істі ұйымдастырған ер адам Рио-Гранди-ду-Сул штатында атыс қаруын заңсыз сақтағаны үшін тұтқындалды. Ал жасөспірім Риода балалар порнографиясын сақтағаны үшін ұсталды.
Концерт Рио-де-Жанейро қаласының экономикасын жандандыру мақсатында қала қаржысы есебінен өткізілді. Іс-шара қалалық бюджетке 100 миллион доллар кіріс әкелуі керек еді.

"Мәһрге наубайхана ашып беруді сұрадым": Египеттік жігітке тұрмысқа шыққан қазақ қызының тойы желіде қызу талқыға түсті
