Пітір садақа берудің 10 пайдасы
Пітір садақасының сауабы туралы Пайғамбарымыз (с.ғ.с) былай деген: «Кім пітір садақасын берсе,ол пендеге Алла тағала он жақсылық береді.
Пітір садақаны беру Хижреттің екінші жылы, Рамазан оразасы парыз етілген жылы міндеттелді. Зекеттен бұрын пітір садақасы уәжіп болды.
Пітір садақасын беру әрбір дәулетті мұсылман ер мен әйелге – уәжіп. Сахих Бухариде келтірілген бір риуаятта Абдулла ибн Омар (р.а.) былай дейді:
«Алла елшісі құрмадан бір саъ немесе арпадан бір саъ пітір садақасын беруді әр бір мұсылман құл мен азаттыға, әйел мен еркекке, үлкен мен кішіге өлшеп бекітті. Және оны айт намазына шықпай тұрып беруді бұйырды». (Бір «саъ» шамамен 2 кг 918 грамм).
Әбу Дәуідте келтірілген бір риуаятта, Пайғамбарымыз былай деген: “Бір саъ бидай – екі адамға (есептеліп беріледі)” . (Бір «саъ» шамамен 2 кг 918 грамм).
Сахаба Абдулла ибн Аббас (р.а.) пітір садақаның мәнін былай деп түсіндірген:
«Пайғамбарымыз пітір садақаны ораза кезінде ауыздан шыққан ұнамсыз сөздер мен жағымсыз істерден тазару үшін әрі кедейлерге ішер ас болсын деп міндеттеді…».
Сондай-ақ, Құран Кәрімнің Ағла сүресінде былай делінеді:«Өзін тазартумен қатар, Раббысын еске алып намаз оқыған кісі сөзсіз құтылды».
Осы аятты Омар ибн Абдулазиз (р.а.) «пітір садақасын беріп, артынан айт намазын оқыған кісі сөзсіз құтылды», – деп тәпсірлеген.
Хадисші Уәкиъ ибн әл-Жәррах та (р.а.) пітір садақасының маңыздылығын былайша тілге алады: «Рамазан айындағы пітір садақа – намаздағы сәһу сәждесі іспетті. Намазда жіберген қателікті сәһу сәждесін жасау арқылы жоятын болсақ, оразадағы кем-кетіктерді пітір садақасын беру арқылы толықтырамыз».
Ендеше, пітір садақа беру арқылы бір шетінен ораза кезінде жіберіп алған анша-мұнша қателіктерімізді жуып-шайып, кем-кетігін толықтыратын болсақ, екіншіден, Алла ризалығын үшін мұқтаж адамға жәрдем еткеніміз үшін де дүниемізге береке кіреді. Алла тағала Құранда: «Сендер жақсы көрген нәрселеріңнен садақа бермесеңдер, жақсылыққа қол жеткізбейсіңдер», – дейді.
Оның үстіне, пітір садақа қалталы жандарды жомарттыққа баулып, осылайша қоғамда бауырмалдылық пен жәрдем берушілікті қалыптастырады.
Пітір садақасының сауабы туралы Пайғамбарымыз (с.ғ.с) былай деген: «Кім пітір садақасын берсе,ол пендеге Алла тағала он жақсылық береді.
1.Тозақ отынан азат болар.
2. Барлық күнәларынан тазарар.
3. Тұтқан оразасы қабыл болар.
4. Ол кісіге жәннатқа кіруге уәжіп болар.
5. Алла тағала ол кісінің осы жылғы істеген істерін қабыл етер.
6. Қиямет күні Пайғамбар (с.ғ.с) шапағат етер.
7. Сират көпірінен найзағайдай жарқ етіп өтер.
8. Тұтқан оразасы қор болмас.
9. Мизан таразысында сауап жағы басым болар.
10. Ол кісінің аты сауап кітабына жазылар.
Абдусамат Қасым
Тағы да оқыңыз: