Петропавлда ер адам жаңа туған нәрестені бесінші қабаттан лақтырып жібермек болған
Петропавлда әйелімен араздасқан ер адам жаңа туған нәрестені бесінші қабаттан лақтырып жібермек болды. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі КТК телеарнасына сілтеме жасап хабарлайды.
Фото бейнежазбадан алынған
Оқиға кешқұрым қаладағы жатақханалардың бірінде болған. Ерлі-зайыптылардың жанжалы төбелеске ұласқан соң, көршілері полиция шақырған. Тәртіп сақшыларын көріп, одан сайын ерегескен азамат бөлменің есігін іштен құлыптап, жаңа туған нәрестесін 5-ші қабаттан лақтырамын деп қоқан-лоққы көрсетті.
Баланың өміріне қауіп төнген соң, барлық құтқару қызметі әлдеқандай жағдайға дайын тұрған. Жедел жеткен арнайы жасақ есікті бұзып кіріп нәрестені құтқарды. Бала дін аман, медицина қызметкерлеріне тапсырылды. Бұл олардың екінші баласы екен. Біріншісі үш жаста. Ерлі-зайыпты бұл жатақханадағы бөлмені жалға алғандарына бір ай ғана болыпты.
“Ұсталған азамат облыстың 23 жастағы тұрғыны. Масаң күйде болған. Өзімен бірге тұрып жатқан 21 жастағы әйелі екеуі арасында жанжал болған. Аталған факті бойынша сотқа дейінгі тергеу жүріп жатыр. Оқиғаның мән жайы анықталып жатыр”, – деді СҚО ПД баспасөз қызметінің ресми өкілі Нұрбек Баекин.