Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Ақсудағы мектеп оқушыларының ата-аналары тегін берілетін дәптерлер үшін ақша жиналғанына наразылық білдірді

Фото: instagram.com/akademkniga.ekb

Павлодар облысы, Ақсу қаласындағы Абай атындағы мектепте жұмыс дәптерлеріне ақша жинау мәселесіне байланысты дау туды. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды. 

Мектептегі бастауыш сынып оқушыларының ата-аналары заң бойынша тегін берілетін оқу құралдары үшін олардан ақша жиналғанын хабарлады.

Бірінші сынып оқушыларының ата-аналары пәндік дәптерлерді сатып алу үшін әрқайсысы 1 500 теңге, ал төртінші сынып оқушыларының ата-аналары – 2 500 теңгеден жинаған. Олардың айтуынша, ақша жинау мектептің дәстүріне айналған, бұған сынып жетекшілері де араласқан. 

"2021 жылдан бері дәптерлерді ақшаға сатып аламыз. Бұрын ауылда тұрғанда тегін берілетін дәптерлердің неге қалаға көшкеннен кейін ақылы болып кеткенін түсіне алмаймыз. Менің бірнеше балам мектепке барады. Мысалы, бірінші сыныпқа табиғаттану пәнінің дәптерлерін, төртінші сыныпқа – табиғаттану, дүниетану, қызықты математика дәптерлерін сатып аламыз. Ата-аналар комитетінің төрағасы "жаңа дәптерлер интернет-дүкендерде қымбатқа тұрады, сондықтан біз оларды көтерме бағамен арзан сатып аламыз" дейді және бірінші сынып дәптерлеріне 1 500 теңге, төртінші сынып дәптерлеріне 2 500 теңге жинайды. Бұл іске сынып жетекшілері де қатысады", – дейді аты-жөнін атамауды сұраған ата-аналар. 

Абай атындағы мектептің бір төртінші сыныбында 27 бала оқиды екен. Осылайша, тек бір сыныптан 67 500 теңге жиналады. Мектепте 9 төртінші сынып және 10 бірінші сынып бар, әр сыныпта 24 оқушыдан. Ата-аналар жиналған ақша көлемі жүздеген мың теңгеге жетуі мүмкін екенін айтады. 

Павлодар облысының білім саласында сапаны қамтамасыз ету басқармасының басшысы Гүлнәр Үздембаева Ақсу қаласының білім бөлімі бірінші сыныптарға негізгі пәндер бойынша дәптерлердің 100%-ын сатып алған. 

"Дәптерлерді білім беру ұйымдарына беру толық көлемде жүзеге асырылды. Оқу әдебиеті мен жұмыс дәптерлерін сатып алу үшін ақша жинауға тыйым салынады. Егер ата-аналар тарапынан сұрақтар туындаса, 8 (718) 37 6-59-41 телефонына хабарласа алады", – деді Гүлнәр Үздембаева.

Ал дау шыққан Абай атындағы мектептің директоры Шолпан Қариева сыныптарда дәптерлер үшін ақша жинау туралы білмейтінін айтады. 

"2022 жылдан бастап қала білім бөлімі бірінші сыныптарды "Әліппе", "Математика", "Ана тілі" жұмыс дәптерлерімен тегін қамтамасыз етеді. Олардың жетіспеушілігі болуы мүмкін емес. Біздің мектепте 2 000 оқушы бар, оның жартысы бастауыш сыныптарда оқиды. Ал басқа пәндерге дәптер сатып алу – ата-аналардың жеке таңдауы. Егер мұғалімдер бұл іске қатысқаны анықталса, міндетті түрде шара қабылданады", – деді мектеп директоры.

Жағдайға қатысты өңірлік білім басқармасының жалпы, орта және бастауыш білім бөліміне де мәлімдеме жасады. 

"Жұмыс дәптерлері тек бірінші сыныптарға міндетті. Олар толықтай бюджет қаражатына сатып алынып, мектептерге беріледі. Екінші, үшінші және төртінші сыныптар үшін ешкім жұмыс дәптерін сатып алуға міндеттей алмайды. Егер кейбір сыныптарда ата-аналар өз еркімен сатып алуды шешсе, біз оған кедергі жасай алмаймыз. Бірақ бұл іске мектеп директоры немесе сынып жетекшілері араласпауы тиіс", – деді бөлім басшысы Нұргүл Азанбаева.
Дана Русланқызы
Сейсенбі, 09 Қыркүйек, 2025 20:35
Талқылау