Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Пәтерді жасырын жалға берген қазақстандықтар 60 мың теңгеге дейін айыппұл арқалайды

пәтерді жалға беруФото: hoff.ru

Қаржы вице-министрі Ержан Біржанов Мәжіліс кулуарында салық төлемей, тұрғын үйді жалға беретіндер қалай анықталатынын айтып берді. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.

Ержан Біржановтың айтуынша, тұрғын үй нарығын "көлеңкеден шығару" бойынша жүйелі жұмыс жүргізіліп жатыр.

"Біз қазір ақпаратты дәл алып отырмыз. Барлық мемлекеттік органдармен 74 интеграция жүргізілді, деректер базасы іске қосылды. Мемлекеттік кірістер комитеті Big Data жүйесін іске қосты. Бұл тәуекелдерді, сондай-ақ нысандарға иелік етіп, бірақ онда нақты тұрмайтын, не басқа қалаларда тұратын тұлғаларды дәлірек анықтауға мүмкіндік береді. Бұған қоса, банк аударымдары бойынша да талдау жүргізіліп, неғұрлым сапалы зерттеу жасауға жол ашылды", - деді ол.

Жұмыс құқық қорғау органдарымен, сондай-ақ мүлік үй иелері бірлестіктері және пәтер иелерінің кооперативтерімен бірлесіп жүргізіледі.

"Пәтерін жалға беретін азаматтарға жеңілдетілген, тиімді режимдер қарастырылған. Мысалы, тіркелмей-ақ пәтерді жалға беруге болады, кейін бір жыл өткен соң жылдық декларация тапсырады. Бұл рәсім жеңілдетілген тәртіппен жүзеге асырылады. Салық мөлшерлемелері де төмен, жеңілдетілген декларация бойынша  3%, ал өзін-өзі жұмыспен қамтығандар үшін 4% болады. Егер жеке кәсіпкер ретінде тіркелмесе, онда жылдық декларация тапсырып, табыстан 10% төлейді", - деп түсіндірді вице-министр.

Мұндай азаматтар анықталған жағдайда, салық органдары олардан бір ай ішінде тіркеліп, салық төлеуді талап ететін болады.

"Мемлекеттік кірістер органдарының заңды талаптарын орындамағаны үшін 10–15 АЕК (39 320–58 980 теңге) айыппұл салынады", - дейді Ержан Біржанов.

Еске салайық, бұған дейін Қазақстанда ипотекаға алған пәтерді жалға беру заңсыз болып саналатыны туралы жазған едік. Енді банкпен рәсімделіп, ипотекаға алған пәтерді жалға беріп, табыс табу үшін қазақстандықтар банктен рұқсат алуы керек. Олай болмаған жағдайда айыппұл салынады.

Айнұр Мұхади
Сәрсенбі, 05 Қараша, 2025 18:01
Талқылау