Парижде жаңа мемлекет құру туралы келісімге қол қойылды
Фото: lnc.nc
Парижде Франция үкіметі мен Жаңа Каледония архипелагы тұрғындарының өкілдері арасында келісімге қол қойылды. Архипелаг жаңа мемлекетке айналады, бірақ Франциядан тәуелсіздігін толық алмайды. Франция премьер-министрі Франсуа Байру бұл келісімге “тарихи” деп баға берді. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі Les Nouvelles Calédoniennes басылымына сілтеме жасап хабарлайды.
Басылымның хабарлауынша, келісімде Жаңа Каледония азаматтығын енгізу қарастырылған. Архипелаг тұрғындары бұл азаматтықты француз азаматтығымен қатар ала алады. Сондай-ақ жаңа мемлекет өз сыртқы саясатын дербес айқындай алады.
Тұрғындардың өзін-өзі билеуі туралы жаңа референдум өткізу идеясы алынып тасталды, бірақ келісімнің өзі Жаңа Каледония тұрғындарының дауысы негізінде шығарылады. Ал провинциялық сайлаулар 2026 жылдың мамыр-маусым айларына шегеріледі деген болжам бар.
Еске салайық, 2024 жылдың көктемінде Жаңа Каледонияда Париж ұсынған реформағадағы сайлау жүйесіне қатысты жаппай тәртіпсіздіктер болды.
Франция парламенті ұсынған заң жобасы наразылықтарға себеп болды. Ол жергілікті сайлауларда дауыс беру құқығына ие азаматтардың санын кеңейтуді көздеді. Қолданыстағы заң бойынша, аралда тек 1998 жылға дейін сайлау тізіміне енген азаматтар мен олардың балалары ғана дауыс бере алады. Жаңа Каледонияда тәуелсіздік туралы үш референдум сәтсіз аяқталғаннан кейін, Франция архипелагта 10 жылдан астам уақыт тұрақты тұрып жатқан барлық адамдарға дауыс беру құқығын беруді жоспарлаған.
Бұл реформа архипелаг халқының 40 пайызын құрайтын байырғы тұрғындар — канактардың саяси ықпалын төмендетеді деген қауіп туды.
Франция Жаңа Каледонияны 1853 жылы өз қарамағына алып, 1946 жылы бұл аумаққа француздың теңіз асып жатқан иелігі мәртебесін берген. Жаңа Каледония — әлемдегі үшінші ірі никель өндіруші, алайда бұл сала дағдарысқа байланысты тоқырап тұр. Бүгінде аймақ тұрғындарының әрбір бесіншісі кедейлік шегінен төмен өмір сүріп жатыр.

"Күйеуімді қазақша Дарын деп атайды": Ағылшын азаматына тұрмысқа шыққан қазақ қызы оқиғасын бөлісті
