Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Паралимпиада жүлдегерлеріне мемлекеттік марапаттар мен ақшалай сертификаттар табысталды

Мемлекеттік хатшы Қырымбек Көшербаев Токиодағы Паралимпиадада сәтті өнер көрсеткен қазақстандық спортшыларға ақшалай сертификат табыс етті, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі. 

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Токио-2020 ХVI Жазғы Паралимпиада ойындарындағы аса үздік спорттық жетістіктері үшін марапаттау туралы жарлыққа қол қойды:

  • ІІІ дәрежелі "Барыс" орденімен Давид Дегтяревті;
  • "Парасат" орденімен Зарина Байбатинаны, Теміржан Дәулетті және Ануар Сәриевті;
  • "Құрмет" орденімен Нұрдәулет Жұмағалиді. 

Сондай-ақ парапауэрлифтингтен Давид Дегтяревке 106 миллион теңге, дзюдошылар Зарина Байбатина, Теміржан Даулет, Әнуар Сариевке – 63 миллион теңгеден, Нұрдәулет Жұмағалиға 31 миллион теңгенің сертификаты берілген.

"Токиодағы Паралимпиада ойындарында бүкіл әлем адам еркінің, темір шыдамдылығы мен өмірге деген ұмтылыстың жоғары көрінісіне куә болды. Тағдыр адамның мүмкіндіктерін шектеуі мүмкін, бірақ оның еркін шектей алмайды. Біз бүкіл әлем паралимпиадашыларының батылдығы мен табандылығына таңданамыз. Және бұл заңды да. Себебі сіздер барлық қиындық пен кедергіні еңсеріп, спорт шыңын бағындырып, өзіңіз және өз еліңіз үшін үлкен табысқа қол жеткізе алдыңыз. Бұл құрмет пен таңдануға тұрарлық іс", – деді Қырымбек Көшербаев.

Токио Паралимпиадасының жүлдегерлері Давид Дегтярев пен Теміржан Дәулет қазақстандық спортшылардың атынан Мемлекет басшысына Паралимпиадада өнер көрсетуге дайындығына көмек пен қолдау көрсеткені үшін алғыс айтты.

Айта кетсек, Токиодағы Паралимпиадада Қазақстан құрамасы бес медаль иеленді. Пауэрлифтингтен Давид Дегтярев алтын, дзюдошылар Әнуар Сариев, Теміржан Дәулет және Зарина Байбатина күміс, ал жүзуші Нұрдәулет Жұмағали қола медаль жеңіп алған болатын.

Талқылау