"Сені ұрып өлтірем, балалар жетімдер үйіне кетеді": Тұрмыстық зорлық-зомбылық көрген қазақстандық әйелдер оқиғаларымен бөлісті
“Күйеуім мені өлтірсе, түрмеге түседі, балаларға не болмақ?” деген әйелдер Алматы қаласындағы “Жан-Сая” дағдарыс орталығына бас сауғалаған. БҰҰ зерттеуі бойынша Қазақстанда жылына 400-ден астам қыз-келіншек тұрмыстық зорлық-зомбылықтан көз жұмады. Stan.kz тілшісі тұрмыстық қысымның құрбандарын құтқарып, жаңа өмір бастауға қол ұшын созатын орталыққа барып қайтты. Мұндағы келіншектер күйеулерінен көрген қорлықтарын ақтарыла айтып берді.

“Сені ұрып өлтірем, балалар жетімдер үйіне кетеді”
28 жастағы алматылық Самалдың (кейіпкердің аты өзгертілген) тұрмысқа шыққанына он жылдай уақыт болған. Ол 2012 жылдан бастап азаматымен бірге тұрып, кейін жүкті болған соң ресми түрде некеге отырған.
“Екінші сәбиіміз туғаннан кейін ештеңе істегісі келмей, тек қыдырып, сауық қуып, жұмыс та істемей, ішімдік ішіп кетті. Үшінші сәбиімнің айы күні жақындаған кезде 8 наурыз күні мені қатты ұрып-соқты. Сол күні ауруханаға түстім. Келесі күні менің бет ауызым істі. Жүктілік кезеңінде болғандықтан дәрігерлер қозғалуыма тыйым салды. Соның кесірінен үшіншіміз жүрек ақауымен туылды”, – деді Самал.
Келіншектің сөзінше, күйеуін ата-әжесі бетінен қақпай еркелетіп өсірген. Ол 12-15 жасында ұрлық, 18 жасында қылмыс жасаған. Ал Самал бұл туралы мүлдем білмеген.
“Үшінші перзентіміздің ауруы туралы айтқанымда “ештеңе етпейді, кейде балалар солай дүниеге келіп, көз жұмып жатады”, деп қолын бір сілтеді. Мен сонда да үміт үзбей, дәрігерлерге көрсетіп, оталар жасатып, аяққа тұрғыздым”, – деп қосты ол.

“Жан-Сая” дағдарыс орталығы
2018 жылы жазда Самалдың балалары желшешекпен (ветерянка) ауырған. Ол дәрігерлердің салғырттығынан сол жылы ортаншы ұлынан айырылып қалғанын есіне алды.
“Ортаншы ұлыма бұл ауыр болды. Жедел жәрдем де дәрігерлер де мұның жай желшешек екенін айтып аса мән бермеді. Ұлымның ентігуі күшейіп, кейін мүлдем ауа жұта алмай есінен танып қалды. Ал дәрігерлер сонда да балада жай ұстама болғанын айтты. Кейін сол жерде ұлымнан айырылып қалдым”, – деп өкісікпен еске алды.
Ұлдарының қазасынан соң Самалдың күйеуі одан сайын ішімдікке салынған. Самал ажырасуға өтініш жазғанымен балалары жылап кеткісі келмейтіндерін айтқан.
“Бір айдан соң жағдай мүлдем нашарлай түсті. Ол пәтер жалдаушымен төбелесіп, оны мүгедек етіп, түрмеден бір-ақ шықты.Түрмеден шыққан соң үйде жатып, менің тазалау компаниясында жұмыс істеген бар табысымды өзі алғысы келді. Сол үшін “ұрып өлтіремін, сосын балалар жетімдер үйне кетеді” деп қорқытты. Соңында тіпті енемнің өзі үрейленіп, бұл үйден басқа жаққа кетуіме кеңес берді”, – деп қосты Самал.
Келіншек бәрінен де балаларының болашағына алаңдайтынын алға тартты.
“Кейде мен өскен орта мен отбасым тағдырыма әсер етті ме деп те ойлаймын. Себебі кішкентайымызда әкем ішімдік ішіп алып, анамды жиі ұратын. Біз әпкеміз екеуіміз бірге қашып жүретінбіз. Қазір анам әкеммен заңды некеде болса да, басқа ер адаммен кеткен. Мен балаларымның да осындай тағдырды бастан өткергенін қаламаймын. Болашақта қызыма жұбайы жақсы қараса, ал ұлдарым жарларын сыйласа екен деймін. Сол үшін де оларға енді жанжалдарды көрсеткім келмейді”, – деп қорытты Самал.

“Жан-Сая” дағдарыс орталығы
“Қоянжырық ауруымен дүниеге келген қызын қабылдамады”
39 жастағы Алматы қаласының тұрғыны Гүлжан (кейіпкердің аты өзгертілген) Шелек ауылына келін болып түскен. Ол он жылдан астам уақыт сәбилі болуды аңсаған. Сөзінше, құдай тілеуін беріп, жүкті болған кезінде күйеуі ұлды болғысы келетінін баса айтқан екен.
“Бірінші күйеуім маған қол көтермеді. Барынша жақсы қамтамасыз етті. Алайда мен жүкті болған кезімде ұл болғанын қалады. Бірақ құдай қыз берді. Оның үстіне ол қоянжырық ауруымен дүниеге келді. Бізге ота жасатуға тура келді. Күйеуім оны мүлде қабылдамады. Кейін қызымның емімен жүгіріп жүрген кезімде ұл туып бермегенімді бетіме басып, шатақ шығаратын болды. Мен бұған шыдай алмай қызымды алып немере әпкемнің үйіне кетіп қалдым”, – деді Гүлжан.
Гүлжанның қызына әпкесі жолдама арқылы ота жасауға көмектескен. Кейін көршілері оны фазендасына жұмысқа шақырған. Гүлжан ол жақта жүріп өзінен 13 жас үлкен ер адаммен танысқан. Кейін онымен көңіл жарастырып, Алматыға жалдамалы пәтерлердің біріне көшіп келген.

“Жан-Сая” дағдарыс орталығы
“Екінші күйеуім жүкті болған кезімде жақсы қарады. Бірақ босанғанымнан кейін маған қол көтеретінді шығарды. Қол-аяғым қанша көгерсе де ұрған кезінде ешқандай арыз түсірмедім. Ол әйел күйеуінен төмен болуы керек деген ұстанымда болды. Сол себептен сәбиімізге берілетін әлеуметтік көмектің ақшасын өзі алатын. Тек жөргек қана әперіп, қалған ақшаға ішімдік ішетін. Тіпті көршілер балаларының сыймай қалған киімдерін беріп жатса, алғаным үшін қызғанып мені ұратын. Бұған дейін жалғыз өзім қайда барамын деген қорқынышпен барлығына көніп жүре беріппін”, – деп есіне алды Гүлжан.

“Жан-Сая” дағдарыс орталығы
“Менің ешкімім жоқ екенін басынды”
Алматы облысы Ұзынағаш ауылының 38 жастағы тұрғыны Айтолқын (кейіпкердің аты өзгертілген) 20 жасында тұрмыс құрған. Анасынан ерте айырылған ол тағдыр тауқыметін жастайынан көргенін айтады.
“5- сыныбымда анам қаза тапты. Әкем де өмірде жоқ еді. Үйде төрт ағайынды болдық. Анам қайтыс болған соң бізді кәмелетке толған екі үлкен ағам қамқорлықтарына алды. Ағаларым жұмыс істеп, жәрдемақыларымызды жеткізіп, өз бетімізше өмір сүрдік. Ешкімнен кем болмай, сабаққа киімдеріміз бен керегімізді алып жүрдік. Кейін бір бауырым қаза тапты. Сіңлім қазір тұрмыста”, – деді Айтолқын.
Айтолқын таңдаған өмірлік жарының мұншалықты басқа адамға айналарын сезбегенін айтады.
“Басында бәрі жақсы болды. Бес жылдан соң бірінші қызымды дүниеге әкелдім. Содан кейін басында бір екі түртіп, жай нұқып қалып қылықтар көрсетіп жүрді. Мен жарайды деп үндемей жүрдім. Кейін соққыларын үдете түсті. Тіпті екінші ұлымызға жүкті кезімде де ұрып тастады. Қайта сәбиге зияны болмай дүниеге әкелдім”, – деді ол.
Айтолқын басында ата-енесімен бірге тұрған. Кейін отбасымен оларға масыл болғысы келмей, шаруа қожалығына барып мал бағуды шешкен.

“Жан-Сая” дағдарыс орталығы
“Ол жақта ісіміз оңынан жүрді. Азық-түлігіміз тегін келіп тұрды. Оның үстіне айлығымызды да уақытылы қолма-қол беріп отыратын. Сөйтіп біз ақшамызды жинап өзімізге мал сатып алдық. Үйіміз, көлігіміз болды. Бірақ неге екенін білмеймін кейін күйеуім жанжал шығара бастады. Сондағы маған айтатыны бейшарасың, таза емессің деген жаман сөздер”, – деп қосты келіншек.
Кейіпкеріміздің сөзінше, ол үйінен кеткен соң күйеуі балаларға аналарын жамандап, алшақтатып қойған.
“Қанша тырысқаныммен берекеміз болмай кетті. Өзім ата-анасыз жетім өскен соң балаларымның да сондайды көргенін қаламап едім. Сол үшін осы уақытқа дейін төзіп келдім. Таңнан бастап түрлі жаман сөздер айтады, одан қалды ұрады. Не болып жатқанын айтатын менің анам жоқ. Ал ата-енемнің сөздерін ол құлағына да ілмейді. Менің ешкімім жоқ екенін басынады. Қатты ұрғаннан талып қалатын кездерім де болатын. Өлген шығармын деп те ойлайтынмын. Басымнан тебетін. Қазір сол басым қатты ауырады. Бірақ шыдамның да шегі болады екен. Қазір тіпті жүйкем жұқарып, қолдарым дірілдейді. Ер адам бір қол көтерсе тоқтамайды екен. Мас болса түсінер едім, бірақ сау кезінде ұрған соң кешіру қиын екен”, – деп қорытты Айтолқын.
"Бізден 100 есе жоғары алады": Қазақстан мен шетелдік дәрігерлердің жалақысын салыстырып көрдік