Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"Туған күнінде өзіне сыйлық жасағысы келген": Астана маңында құлаған ұшақта үш баланың анасы қаза тапты

Апат болған ұшақта үш баланың анасы Диана Ахметова болған

Фото: t.me/Burkit001/Диана Ахметованың отбасы мұрағатынан

Ақмола облысында апат болған жеңіл моторлы ұшақта үш баланың анасы, 43 жастағы Диана Ахметова мен ұшақтың иесі Арман Мусин болған. Әйел адам көптен бергі арманын орындап, туған күнінде өзіне сыйлық жасап, ұшақпен ұшпақ болған. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі Newtimes.kz порталына сілтеме жасап хабарлайды.

Марқұм Диана Ахметованың таныстарының айтуынша, ол жекеменшік ұшақта ұшуды армандаған. 

16 тамызда туған күнін атап өткен Диана келесі күні сағат 17:00-де ұшақпен ұшуға жазылған. Жоспар бойынша ол Төңкеріс ауылының маңынан әуеге көтерілуге тиіс еді. Құрбысының айтуынша, ол қону алаңына таксимен жеткен. Ұшар алдында аймақта жаңбыр жауа бастағанда ол ұшуға рұқсат етпей қоя ма деп алаңдаған. Бұл туралы ол құрбысымен хат алмасқанда айтқан.

Апат болған ұшақта үш баланың анасы Диана Ахметова болған

“Шағын ұшақ. Бірақ жаңбыр басталып кетті. Мен жеткенде ұшуды тоқтатса, көңілім түсер еді. Мен негізі өзімнің туған күніме жоспарлаған едім. Кеше жаңбыр болғандықтан рұқсат етпеді. Алла қаласа, аман-есен келсем, бәрін жазып, айтып беремін”, – деп жазды ол құрбысына.

Диананың танысының айтуынша, әйел алдын ала әуе сапарын ұйымдастыратын компания өкілдерімен хабарласып, олардан нұсқаулық алған. Онда көрсетілген ереже бойынша, компанияның жұмыс уақыты ауа райына тікелей байланысты. Олар жаңбыр немесе қатты жел кезінде ұшпайтынын айтқан. Егер жоспарланған күні жаңбыр жауып кетсе, ұшуды тоқтатып, оны басқа күнге шегереміз немесе ақшаны қайтарамыз делінген.

Апат болған ұшақта үш баланың анасы Диана Ахметова болған

Бірақ сол күні жаңбырға қарамастан Диана сағат 17:00-де Төңкеріс ауылының маңында әуеге көтерілді. Марқұм сағат 17:38-де көз жұмды. Ол байланысқа шықпаған соң балалары анасын іздей бастаған. Ресми ақпаратты полиция Диананың отбасына кеш жеткізген. 

“Балалары анасын іздей бастаған соң, біз де арнайы іздеу жұмыстарымен айналысатын еріктілер ұйымы арқылы оның орналасқан жерін білдік. Оның Арайлы ауылының маңында екені көрсетілді. Кешкі сағат 21:00 шамасында жаңалықтардан ұшақтың құлағанын білдік. Бірақ полиция марқұмның туыстарына оның қаза тапқанын түнде ғана хабарлады. Түнгі 12-де ұшақта оның болғанын білдік”, – деді марқұмның танысы.

Апат болған ұшақта үш баланың анасы Диана Ахметова болған

Фото: Диана Ахметованың отбасы мұрағатынан

Диананың артында үш баласы: 19 жастағы қызы және 12, 14 жастағы ұлдары қалды. Ал былтыр балалар әкесін жер қойнына тапсырған еді.

Марқұмның туыстарының айтуынша, әуе серуенін ұйымдастырған  polety_astany компаниясының өкілдері қайғылы жағдайдан бері отбасы мүшелерімен байланысқа шықпаған. Тіпті, таныстарының сөзінше, олар оқиғадан кейін бірден Instagram-дағы парақшасын өшіріп тастаған.

Көлік министрлігі апатқа ұшыраған әуе кемесінің Aerostar R40F маркалы, борт нөмірі UP-LA229 екенін растады. Қайғылы оқиға орнында министрліктің оқиғаларды тергеу департаментінің мамандары жұмыс істеп жатыр. Авиациялық қауіпсіздік ережелеріне сәйкес арнайы комиссия құрылды.

Көлік полициясы Қылмыстық кодекстің 344-бабы, 3-бөлігі бойынша (Әуе көлігін пайдалану немесе қозғалыс қауіпсіздігі қағидаларын бұзу, абайсызда екі немесе одан да көп адамның өліміне әкеп соқтыру) сотқа дейінгі тергеуді бастады.

Бұған дейін Ақмола облысында ұшақ құлап, екі адам қаза тапқаны туралы жазған едік.

STAN.KZ
Дүйсенбі, 18 Тамыз, 2025 16:43
Талқылау