Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"ӨЖЖ аппаратына қосылғандарды қарап жатқан жоқ": Қарағанды тұрғыны дәрігерлердің назарына ілігу қиын екенін айтып шағымданды

Қарағанды тұрғындары аурухана төсегіне жатқызылғанның өзінде, дәрігерлердің назарына ілігу қиын екенін мәлім етті. Бұл туралы Stan.kz апарат агенттігі 31 арнаның "Информбюро" жаңалықтар бағдарламасына сілтеме жасап хабарлайды.

қарағанды

Телеарнаға шағым айтып жүгінген Айгүл Имашева екі жақты пневмониямен түскен әкесінің жағдайы өкпесін жасанды тыныс алу аппаратына қосқаннан кейін күрт нашарлап кеткенін хабарлады. Сөзінше, ақ халаттылар көмектескеннің орнына, әкесінің маңына да жоламай қойыпты.

Айгүл Имашева бірнеше күннен бері Қарағандыдағы облыстық клиникалық аурухананың есігін күзетіп жүр екен. Хәл үстінде жатқан 60 жастағы әкесінің беті бері қарасы керек-жарағын беріп жіберемін деген үміті бар. Дегенмен, екі жақты пневмония диагнозымен түскен әкесінің жағдайы туралы дәрігерлер жақ ашпай отыр. Сөзіне қарағанда, әкесінің өкпені жасанды желдету аппаратына қосылғанын өзі жасырын түрде кіріп көріпті. Содан бері әкесінің амандығын тілеп отыр екен.

Қызуы қатты көтерілген Спандияр Имашев о баста Топар ауылындағы ауруханаға жатқызылған, бірақ жағдайы ушығып Қарағандыға жеткізілген. Бірден жансақтау бөліміне жатқызылып, ауа жетпей, дем ала алмағандықтан өкпені жасанды желдету аппаратына қосылыпты. Жақындарының сөзінше, осы кезден бастап әкелерінің жағдайы ушығып кеткен.

"Реанимациялық жағдайы жоқ, қарапайым палата, әрленбеген, қасында оттегі жастығында адам жатыр, есік ашық, бүкіл есігі ашық. Екі иығы көгерген, соншалықты суып кеткен, мұз. ӨЖЖ аппаратын таққан кезде бинтпен қатты байлаған, ол жері көгеріп кеткен. Уқалап-уқалап, сүре-дұғаларды оқып, папамның құлағына сыбырладым. Өйткені ӨЖЖ аппаратын көте алмай жатқандар бар деді. ӨЖЖ аппаратына қосылғандарды, былай айтқанда, үміт жоқ адамдарды қарап жатқан жоқ екен", - деді Айгүл Имашева.

Қазір Спандияр Имашевтің жары да ауыр жағдайда жатыр, бірақ балалары анасын дәрігерлердің қолына беруге сескенеді. 

"Үйде емдеп жатырмыз, себебі, Топардағы аурухана дәрігерлеріне сенім жоқ. Ол жақта дұрыс қарамайда, қарағанның өзінде осындай жағдай болып тұрғаннан кейін ешкімге сеніміміз болмай тұр", - деді Әйгеріми Әбілхайырова.

Ал денсаулық басқармасындағылардың көбі денсаулығына байланысты жұмыста жоқ. Бірақ телефон арқылы науқастардың бәріне бірдей қарап жатқанын мәлімдеді. 

Кейіннен Қарағанды облыстық әкімдік өкілдері науқастың 29 мамырда ауыр жағдайда түскенін, дереу медициналық көмек көрсетіліп, ӨЖЖ аппаратына қосылғанын мәлімдеді. Қазір науқасқа барлық ем-дом шаралары көрсетіліп жатыр екен.

Әкімдік өкілдерінің мәліметінше, облыстық деңгейде де барлық науқасқа қажетті ем бірдей жүргізіледі, дәрі-дәрмек те жеткілікті. 

Талқылау