Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"Өз халқын үңгірге бір-ақ тықты, бұдан өткен қорлық жоқ шығар": Айгүл Орынбек Дәурен Абаевқа сын айтты

Дәурен Абаев Қазақстанда орыс тіліне қысым көрсетіліп жатыр дегендерге арнайы жауап берген еді. Алайда оның жауабы көпшілікке бірдей ұнай қойған жоқ. Осыдан соң қоғам белсенділері мен журналистер сын айтты. 

Абаев

Абаев пікір-таласқа айналған әңгімеге қатысты жауап берді. Елімізде орыс тіліне деген қысым емес, сұраныс көп деп кесіп айтты. Ал дауға айналған тақырып жабайы ұлтшылдық көрінісі деген пікірін қосты. Бұл сөз қоғам белсенділерінің шымбайына тиіп кетті. 

“Еліміздің бас идеологі Абаев бізді үңгірге бір-ақ тыққан ба? Халық осылай “жабайы түрде” ұлттың тілін талап етіп жүргеніне ең бірінші осы үңгірді басқаратындар кінәлі! Отыз жыл бойы “қазақ тілі” мәртебесін көтере алмадық. Көгілдір экранның жын-ойнаққа толы, ұлтыңның тіл мәртебесін көтеретін танымдық 20 минуттық бағдарламаң жоқ!

“Қалаулым”, “Қосылайық” сияқты шаш жұлысып, төбелесіп жатқан бағдарламалар экран бетінен неге түспейді деп ойлап жүрсем, біз сияқты үңгірде тұратын жабайы халыққа арналған екен ғой. Абаев 90% деген статистиканы қайдан алды екен? Ресейге жалпақтаймын деп өз халқын үңгірге бір-ақ тығу, бұдан өткен қорлық жоқ шығар! Елдің басында мынандай үңгір басқарғыштар тұрғанда қазақ тілінің мәртебесі түгілі, ұлттың мәртебесі ұлтарақ болып тұр!”, – деп жазды Айгүл Орынбек желіде. 

“Жабайы ұлтшылдық билік пен тіл заңы тірлік етпегенде көшеге шығады. Өз тілін білмейтін елдің 90 пайыз шет тілін білуі – Тәуелсіздік мүддесіне қарсылық”, – деп жазды журналист, депутат Қазыбек Иса.

Халықаралық "Алаш" сыйлығының лауреаты, ақын Маралтай Райымбекұлы Дәурен Абаевқа ашық хат жазды.


Динара Сәтжан: Мен қазақпын, ана тілімді білемін, бірақ орыс тілінде өз ойымды білдірген оңай


“Дәурен Әскербекұлы, қоғам өзіңізді мемлекеттік идеологияға жауапты тұлға ретінде біледі. Ел дамуы жолындағы қайраткерлік қызметіңізден де хабардармыз. Бірақ кеше ғана Александр Трухачев есімді журналиске берген сұхбатыңызда қазақ тіліне қатысты айтқаныңызды көріп, қолға қалам алуға бекіндім. Сұхбатта айтылған жайттарды түйіндей келе, менде мынадай үш сұрақ туындап отыр:

1. Ел азаматтарының 20 пайызы ғана орыс болғанымен, өзіңіз айтқандай, ел азаматтарының 90 пайызы әлі де орысша білуі және балалардың 30 пайызы орысша оқуы масқара емес пе? Керісінше, бұл егемендік алғанымызға 30 жыл өтсе де, қазақ тілі мемлекеттік тіл деген мәртебелі тұғырына қона алмай отырғанының көрінісі емес пе?

2. Дәуке, сұхбатта айтылған "пещерный национализм" деген анықтаманы жете түсінбедім. Ана тілге деген жанашырлық, оның болашағына деген алаңдаушылық бәрімізде де бар. Сонда бәріміз де осы санатқа жатамыз ба?

3. Бүгінде қоғамда қазақ тілі – ұлтаралық қарым-қатынас тіліне айналуы керек деген пікір орнығып келеді. Алайда қазіргідей қалпымызбен біз мемлекеттік тілдің жағдайын қалай, қайтіп және қашан дұрыстаймыз? Бұған қатысты билік басындағылардың не ойлағаны бар?

Мұндай сұрақтар жалғыз менде емес, қазақ тілі мен төл руханиятымызға жаны ашитын әр азаматта туындады ғой деген сенімдемін. Қалың қазақтың атынан жолдаған сауал деп қабылдағайсыз”, – деп жазды ақын.

Талқылау