Экс-министрдің әйелін ұрып-өлтіруі: Танымал заңгер атышулы Қуандық Бишімбаевты қандай жаза күтіп тұрғанын айтты
Соңғы күндері қазнетте "әйелін ұрып өлтірді" деп күдікке ілінген бұрынғы экономика министрі Қуандық Бишімбаев туралы адам шошырлық ақпарат сәт сайын қызу талқыланып жатыр. Атышулы оқиғадан кейін екі ай мерзімге қамауға алынған экс-шенеуніктің ісіне қатысты отандық заңгерлер де түрлі пікір білдіруде, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат порталы.
Әлеуметтік желідегі жұрттың жағасын ұстатқан жаңалық 2023 жылдың 9 қараша күні тарады. Кейін күдікті Бишімбаевтың ұсталғаны жайлы да БАҚ беттерінде жарыса жазды. Жантүршігерлік оқиға Астанадағы мейрамханалардың бірінде болған. Ерлі-зайыпты арасында ұрыс-керіс туындап, сәлден соң 1992 жылы туған әйелдің өлімімен аяқталған. Аталған ақпаратты әуелі елордалық полиция департаменті растаған еді. Бүгінде қылмыстық іс тіркелді. Ендігі қадам қандай болмақ? Атышулы оқиғаға қатысты танымал заңгер әрі адвокат Тілеужан Кішкенебаев пікір білдірді.
"Қайтыс болған адамның неден қайтыс болғанын анықтайды. Ол үшін бірнеше сараптама тағайындалады, яғни ол сараптама адамды немен өлтірді, қолмен ұрып өлтірді ме, басқа нәрсемен өлтірді ме немесе у беріп өлтірді ме деген сияқты нақты сараптама тағайындалады. Мүмкін, адам ұрған кезде сүрініп кетіп барып құлап, қарақұсымен құлауы да мүмкін. Солай да өліп кетуі мүмкін немесе ұрған соққысы жанды жеріне тиіп кетті ме, соның барлығын сарапшы өзінің қорытындысында көрсетеді. Сол қорытындыға сүйене отырып қана оған жаза, айып тағылады. Айып тағылғаннан кейін іс сотқа жолданады. Сот сол айыпқа қарай сол бапта көрсетілген жазаларды қарастырады. Одан кейін оның жәбірленуші деп танылатын туысы деген болады. Мысалы, марқұмның бауырлары, әке-шешесі, інілері жәбірленуші деп танылады. Олардың ары қарай бұл сотталушыға кешірім бере ме, бермей ме – осылардың барлығы сот кезінде ескеріледі. Содан кейін сот жаза тағайындайды. Мүмкін кешіретін болса сот жазасын жеңілдетеді деген сияқты... Жоқ, оны бас бостандығынан айыруды қатаң жазада талап ететін болса, сот жәбірленушілердің пікірін ескере отырып жаза тағайындайды", — дейді Тілеужан Кішкенебаев.
"Әйелін ұрып өлтірді" деп күдікке ілінген Қуандық Бишімбаевтың кінәсі толық мойындалса, ол қанша жыл жаза арқалайды? Заңгер өз болжамын ашық айтты.
"Адамды қасақана өлтіру немесе абайсыздар өлтіру" деген бар. Оның барлығы сараптаманың қорытындысына сүйенеді. Егер де ҚР Қылмыстық кодекстің 99-бабы, яғни "Адам өлтіру" дейді. Сол баптың 1-бөлігімен сараланса, ол жерде сегіз жылдан он бес жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы күтіп тұр. Ал егер денсаулыққа қасақана ауыр зиян келтіру арқылы адам қайтыс болса, ол ҚР Қылмыстық кодекстің 106 бабының 3-бөлігімен саралануға жатады. Ол жерде сегіз жылдан он екі жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы күтілуде. Егер айыпты солай тағатын болса...", — дейді танымал заңгер.
"Күйеуінің қолынан көз жұмды" деген келіншек кім? БАҚ беттеріндегі дереккөздерге зер салсақ, ол – 1992 жылы туған Салтанат Нүкенова есімді әйел. 31 жастағы марқұм – Павлодар өңірінің тумасы. Салтанат астрологияны зерттеп, жеке блогын жүргізген. Оның әлеуметтік желідегі парақшасында жазылғандай, кеңес беру құны 80 мың теңге екен. Экс-министр жұбайымен оның қабылдауында танысқан. Ерлі-зайыпты шамамен бір жыл бұрын шаңырақ көтерген. Әйелінің аяғы ауыр болған деген бейресми ақпарат та бар.
Ел назарына іліккен Қуандық Бишібаев 1980 жылы Қызылорда қаласында туған. Халықаралық "Болашақ" бағдарламасы бойынша АҚШ-тағы Вашингтон университетінде оқыған. Айтпақшы, бұл жігіт ең алғаш сотталған "Болашақ" бағдарламасының түлегі ретінде ел есінде қалды. Сондай-ақ ол бірнеше лауазымды қызмет атқарған.
Соңғы рет Бишімбаев 2016 жылы 6 мамырдан желтоқсанның 28-іне дейін Ұлттық экономика министрі қызметін алты айдан аса атқарды. 2017 жылдың 10 қаңтарында Қуандық аса ірі көлемде пара алғаны үшін ұсталды. 2018 жылдың 14 наурызында ол 10 жылға бас бостандығынан айырылды. 2019 жылы рақымшылыққа ілінген, сол жылдың күзінде экс-шенеунік шартты түрде мерзімінен бұрын бостандыққа шықты. Шымкент қаласының Абай аудандық соты оның мерзімінен бұрын шартты түрде босату туралы өтінішін қанағаттандырған. Алайда әлеуметтік желіде кейбір қолданушылар “Түрмеден Бишімбаевты босатпағанда, мұндай ауыр қылмыс болмас еді” деп сотқа көңіл толмаушылық білдірген. Жалпы, жазасын өтеуші қандай жағдайда түрмеден шартты түрде мерзімінен бұрын босатылады? Заң өкілінің пікірі мынадай...
"Ол – әртүрлі жағдай. Мүмкін, оның денсаулығына байланысты шығар. Егер денсаулығында өте қауіпті аурудың түрлері анықталса, сондай жағдайда босатуы мүмкін немесе айыппұл түріне ауысуы мүмкін. Айыппұл түріне ауыстыру деген – құнын төлеп, күнін санын алу деген сөз. Бізде құны төленетін мемлекеттің бекітіп қойған соммасы бар. Сол құнын төлеу арқылы алды ма екен немесе денсаулығына байланысты алды ма екен, ол әртүрлі жағдайға байланысты", — дейді адвокат.
Жемқорлық демекші, 2020 жылдың тамызында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес мәселелері жөнінде кеңес өткізіп, жемқорлықпен сотталғандарды мерзімінен бұрын босатуға тыйым салуды тапсырған еді.
"Жемқорлықпен күрес мәселелері жөніндегі кеңесте сыбайлас жемқорлық бойынша сотталғандарды шартты түрде мерзімінен бұрын босатуға заң жүзінде тыйым салуды тапсырдым", – деп жазды Президент Twittter -дегі парақшасында.
Қасым-Жомарт Тоқаевтың мұндай бастамасын заңгерлер де қос қолын көтеріп, қолдап отыр.
"Иә, жемқорлыққа қарсы заңдар күшейітіліп жатыр. Оны дұрыс деп санаймын. Өйткені жемқорлықты күшейту арқылы тыймасақ бұл ауру созыла береді. Екінің бірі осындай қылмыспен айналыса беруі мүмкін. Сондықтан мұның тамырына балта шабу үшін жазаны күшейту керек, ауырлату керек. Сондай-ақ жемқорлықпен жазаға тартылған адам мерзімінен бұрын босату арқылы шықпау керек. Егер бұл заң нақты жұмыс жасайтын болса алдағы уақытта мұндай жемқорлықтар азаюы мүмкін деп айтқым келеді", — дейді Тілеужан Кішкенебаев.
Айта кетейік, Бишімбаевтың бірінші әйелі – Назым. Олар 2020 жылы ресми түрде ажырасқан. Бейресми ақпаратқа сүйенсек, олардың ортақ некесінен 3 бала бар. Қуандықтың әкесі – Уәлихан Бишімбаев та біраз лауазымды қызметтер атқарған екен. Қызылордадағы құрылыс институтының директоры, Тараздағы университеттің ректоры болған деседі... Ал "әйелін ұрып өлтірді" деп күдікке ілінген Қуандық Бишімбаев дәл қазір қамауда. Ал бұрынғы министрдің дәл осы атышулы ісіне қатысты тың ақпараттар алдағы уақытта да Stan.kz порталының назарынан тыс қалмайды.
Видео сұхбаттың толық нұсқасын дәл қазір Stan kz YouTube арнасынан көріңіз.