Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"Өтірік жұдырықтасты": Головкиннің жеңілісінен кейін қазақстандықтардың пікірі екіге бөлінді

Отандасымыз Геннадий Головкин мен мексикалық Сауль Альварестің арасындағы жекпе-жек 18 қыркүйек күні өтті. Төрткүл дүние көз тіккен бәсекеде "Канелоның" асығы алшысынан түсіп, қазақстандық боксшыны төрешілердің бірауыз шешімімен жеңіп кетті. Осы тартыстан кейін Головкиннің тарапына түрлі пікірлер айтылды. Олардың арасында жасы 40-қа келген спортшыны ақтағандар да, "жеңілетінін біле тұра шықты" деп даттағандар да болды. Stan.kz тілшісі "Генаның" жеңілісін қазақстандықтар қалай қабылдағанын анықтап көрді.

Головкин 2

Дереккөз Sarah Stier

"Нағыз жанкүйер жеңілгенде де қолдай білуі керек"

Қазақстандық танымал журналист Мақсат Толықбай нағыз жанкүйердің жеңілген шақта да қолдай білуі керек екенін айтады.

"Гена 12 раундқа шыдап береді" деп бәстескен едім. Әнұранды шырқаттың, көк туды желбіреттің, арқаңды жерге тигізбедің. Әйтпесе, 40-қа келген жасың бар. Нағыз бабында тұрған Альварес сияқты 32 жасында Гена да ешкімге жеңілген жоқ. Нағыз жанкүйер жеңілгенде де қолдай білуі керек. Біз үшін чемпионсың!" –  деп жазған Толықбай.

Ол сонымен қоса Головкиннің кәсіби боксқа жол ашып, қаншама жастарды қанаттандырғанын еске алып, сол үшін ризашылығын білдірген.

Қазақстандық спортшы, ММА жекпе-жектерінде өнер көрсеткен Ардақ Назаров Instagram парақшасында "Гена – нағыз батыр! Оңай емес, мұның артында қаншама еңбек жатыр", – дейді.

Ал қазақтың қоғам қайраткері, айтыскер ақын әрі дінтанушы Мұхамеджан Тазабек өзінің парақшасында "Гена, чемпион!" деп қысқа қайырған. Осылай деп жазған Тазабек Головкинмен бірге түскен суретін қоса жариялаған.

Белгілі әнші Сәкен Майғазиев "Генажан, сен бізге жеңімпазсың! Генаға қарап қаншама жас бой түзеді. Жаса, Қазақстан!" – деп жазады әлеуметтік желідегі парақшасында.

Тағы бір танымал әнші Ғазизхан Шекербек Геннадийдің жекпе-жектерін қайта-қайта көру арқылы боксқа қызығушылығы артқанын айтады.

"Боксты бұрын Г. Головкин Қазақстанның атынан шығатын болған соң көретінмін. Канеломен бірінші кездесуі өткен соң қайта-қайта қарап бокстың өзіне қызығушылық артты. Сол үшін осы үшінші кездесулерін қатты күтіп едім. Дегенмен Головкин – жігіт. С.Альварес Головкиннің бағына кездесіпті", – дейді ол.

"Жігіттер" тобының солисті, әнші Бағлан Әбдірайымов бұл жекпе-жектің нағыз шоу-бизнес екенін айтады.

"Екі спортшыны салыстырсақ, Гена мықты екен! Ұпай санымен ұтылу – жеңіліс емес. Бұл нағыз шоу-бизнес! Бокс тарихында қалатын елдің мақтанышы", –  дейді Әбдірайымов.

Қазақстандық продюсер Қыдырәлі Болман желідегі жазбасын Головкинді жекпе-жектен кейін хабарласып, құттықтаған ел президетіне алғыс айтумен бастайды.

"Генаны әуесқой бокста жүрген кезінен білемін. Содан бері жақсы көремін. Өте қарапайым, ақылды, тәлімді, тәрбиелі азамат. Өте талантты боксшы. Әлем чемпионы. Әлемдік кәсіпқой боксқа дара жол салған, қазақтың көк байрағын көкке көтеріп жүрген батыр Генамыз! Әлемдік кәсіпқой бокс тарихында Рокки Бальбоа сияқты ерекше дарыны болып қаласың! Мен үшін сен бәрін жеңдің!", - деп спортшыға дем береді.

"Ақша үшін өтірік жұдырықтасты"

Пікір білдірушілердің арасында Головкин мен екі боксшының жекпе-жегінің алдында қазақ әнұранын шырқаған Димаш Құдайбергенді сынағандар да табылды.

Қазақстандық актер Ерболат Әлқожа Димашты әнұранды өтірік айтты деп айыптайды.

"Димаш гимнді өтірік орындады. Головкин өтірік жұдырықтасты (ақша үшін). Ал біздің қаншама жүйкеміз шын өлді. Бүйткен намысыңның..." – деп жазған Әлқожа.

Ал белгілі әнші әрі актер Серікболсын Кішкенбаев Головкинді чемпионы әрі чемпионы болып қала береді дей келе, Димаштың өнер көрсетуінде "пафостың" көп болғанын айтады.

"Кішкене ерсіздеу болып кетті деп ойлаймын. Әнұранды айтып, пафос көп болып кетті. Ешқандай көре алмаушылық емес, деңгейі мықты, оған еш әңгімем жоқ", – деген ол.

Кейбір жазбалардың ішінде әзілді саясиландырған пікірлер де кездесті. Солардың бірінде мәжіліс депутаты Мәди Ахметовтің "пікірін тез ауыстыруын" сынға тиек етеді.

"Мәди Ахметов Головкинге алғашқы жеті раундта жанкүйер болып, сосын бірден Канелоның жағына шығып кетті", – делінген сондай бір жазбалардың бірінде.

Талқылау