Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"Өте ауыр әрі қорқынышты екен": Әсел Сәдуақасова жақында жақын құрбысынан айрылғанын айтып, жан сырын ақтарды

Әсел Сәдуақасова жақын құрбысынан айрылдыФото: https://www.instagram.com/asselsadvakassova

Белгілі актриса, кинопродюсер Әсел Сәдуақасова әлеуметтік желідегі парақшасында жақында жақын құрбысынан айрылғанын айтты. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.

Өнер иесінің жақын құрбысы 43 жасында қатерлі ісіктен көз жұмған. Ол құрбысының сырқатының немен аяқталатынын түсінгенімен, мұндай қайғыға дайын болу мүмкін емесін жеткізді.

“Мен бірінші рет осындай жас жақынымды жоғалтып отырмын. Бұл өте ауыр әрі қорқынышты екен. Жаныңдай жақын адамды енді ешқашан көре алмайтыныңды түсіну – тым ауыр. Бұрынғыдай бірге күле алмайсың, ал біз үнемі күлетінбіз… Енді ешқашан жан сырын ақтарып, ең құпия сезімдер туралы сөйлесе алмайсың. Ол көздерге қайта қарай алмайсың, құшақтай алмайсың, Ең бастысы – бес күнәсіз баланың анасынан айырылғаны”, – деп жазды ол.

Әсел Сәдуақасова елде болғанда құрбысымен жиі кездесіп, онымен көбірек әңгімелесуге тырысқанын жазды.

“Алматыда жүргенде, мүмкіндігінше жиі жанында болуға тырыстым. Көп сөйлесетінбіз, неше түрлі ауыр мағыналы әңгіме айтатын едік. Оның айтқандары жан дүниемді төңкеріп жіберетін. Соңғы рет кездескенде “Әсел, ешкімді тыңдама. Жүрегің нені қалайды, сен қалай білесің, солай өмір сүр. Ешкім сен үшін не дұрыс екенін білмейді. Мен түсіндім: біз өзімізге тым көп тыйым саламыз, өзімізді тым көп шектейміз. Ал өмір – бір-ақ рет беріледі, әрі бәрі қалай боларын ешқашан білмейсің” деп айтқан болатын”, – деді ол.

Актриса марқұм құрбысының осы сөздерін сан мәрте оқығанымен, олар жүрегіне енді ғана терең жеткенін жасырмады

“Осы сөздерден кейін ойланасың. Өмірді бағаламайтынымыз қандай өкінішті, ұсақ-түйекке босқа алаңдаймыз, мағынасыз нәрселерге күйзелеміз, өзімізді, уақытымызды аямаймыз, басымдықты дұрыс қоймаймыз…Аман жүргеніміздің өзіне шүкір етуді ұмытып кетеміз”, – деп жазды ол.

Ол әр адамның өмірін қалай өткізетіні өз қолында екенін айтты. Оның пікірінше, бұл — әркімнің жеке таңдауы.

“Иә, кімге қанша ғұмыр берілетінін білмейміз. Бәрі жаратқанның қолында. Бірақ өзгерте алатын дүние – өзімізге берілген жалғыз, қайталанбас, қымбат өмірді қалай өткізетініміз. Махаббатпен бе, әлде қорқынышпен…Жақындарымызбен бе, әлде сізге лайық емес адаммен бе…Жанымыз қалаған іспен айналысамыз ба, әлде өзгерістен қорқып, жаңаға қадам жасамаймыз ба…Бұл дүниеде ешқандай ғажайып жоқ деп сенеміз бе, әлде өмірдің өзі – ғажайып деп қабылдаймыз ба.. Бұл әрқайсымыздың өз таңдауымыз. Өмір – жай ғана алланың сыйы емес, бізге берілген қасиетті дары. Мұны ұмытпау аса маңызды”, – деп жазды ол.

Айта кетейік, бұған дейін шетелге көшіп кеткен Әсел Сәдуақасова елге қайтқысы келетінін жеткізгені хабарланған еді.

Балнұр Жұмаділла
Сейсенбі, 25 Қараша, 2025 23:53
Талқылау