Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"Отбасыммен татуласқым келмейді": Дэвид пен Виктория Бекхэмнің тұңғыш ұлы әйелі үшін ата-анасымен қарым-қатынасын үзді

Бруклин Джозеф Пельтц Бекхэм отбасымен татуласпайтынын мәлімдедіФото: Getty Images

Дэвид пен Виктория Бекхэмнің тұңғыш ұлы 16 миллион жазылушысы бар Instagram-парақшасында жазба жариялап, отбасындағы шиеленісті қарым-қатынас жайлы алғаш рет ашық айтты. Ол отбасымен татуласпайтынын мәлімдеп, олармен қарым-қатынасын үзді. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.

Ұлыбританиялық БАҚ-та оның ата-анасымен арасындағы жанжалға қатысты қауесеттер бірнеше ай бойы айтылып келгенімен, модельдің өзі нақты мәлімдеме жасамаған еді. Енді ол бұл мәселеге нүкте қойып, “Мен отбасыммен татуласқым келмейді”, – деп нақты жазды.

Бруклин жазбасында отбасының шынайы жағдайын жылдар бойы жасырып келгенін жеткізді. Оның айтуынша, өмір бойы Дэвид пен Виктория Бекхэм өз отбасын мінсіз етіп көрсетуге тырысып, ол туралы медиа кеңістікте тарайтын барлық ақпаратты қатаң бақылауда ұстаған. Әлеуметтік желілердегі көзбояушылық жазбалар, отбасылық мерекелер және жалпы Бекхэмдер әулетінің ішіндегі жасанды қарым-қатынас олар үшін қалыпты жағдайға айналған.

Бруклин Бекхэм ата-анасын, әсіресе анасын оны әйелімен бірнеше рет ажырастыруға тырысты деп айыптады. Оның айтуынша, бұл әрекеттер Никола Пельтц-Бекхэммен некеге тұрғанға дейін де, үйленгеннен кейін де жалғасқан.

“Біз отбасы болуға сонша тырысқанымызға қарамастан, отбасым әйеліме үнемі құрметсіздік көрсетті”, – деп жазды ол.

26 жастағы Бруклин ата-анасы тарапынан “шексіз шабуылдарға” ұшырағанын айтты. Оның сөзінше, бұл шабуылдар жеке де, жария түрде де болған, ал олардың егжей-тегжейі ата-анасының нұсқауымен баспасөзге тараған.

Ол анасы Виктория Бекхэмді 2022 жылы оның үйлену тойын бұзуға тырысты деп айыптады. Айтуынша, Виктория жеке киім бренді барына қарамастан соңғы сәтте Николаға арнап қалыңдық көйлегін тігіп беруден бас тартқан. Бұл Никола үшін үлкен соққы болған, себебі ол Викторияның дизайнын киюге қатты қуанған, ал нәтижесінде жедел түрде басқа көйлек іздеуге мәжбүр болған.

Ол кезде кейбір ақпарат құралдары Николаның өзі Виктория Бекхэм тіккен көйлекті киюден бас тартты деп жазған еді. Алайда кейінірек Никола Пельтц-Бекхэм Times газетіне берген сұхбатында бұл қауесеттерді жоққа шығарып, көйлектің тігілмеу себебі ателье командасының оны уақытында аяқтап үлгермейтінімен байланысты екенін айтқан.

Сонымен қатар Бруклин Бекхэмнің айтуынша, үйлену тойынан бір күн бұрын отбасының мүшелері оған Никола Пельтцтің “жеткілікті дәрежеде” текті отбасыдан шықпағанын және ол ешқашан олардың отбасының мүшесі болмайтынын айтқан. 

Бұған қоса Бруклин Бекхэм анасы Викторияның оның әйелімен алғаш биін “ұрлап алғанын” жазды. Жоспар бойынша ол әйелімен қонақтар алдында билеуді керек болған. Алайда Бруклин ортаға шыққанда оны қалыңдығы мен анасы күтіп тұрған.

“Ол менімен барлығына көзге көрінетіндей, өте орынсыз биледі. Мен өмірімде ешқашан өзімді соншалықты қорланған және өз орнымда еместей сезінген емеспін”, – деді ол.

Сондай-ақ Бруклин Джозеф Пельтц Бекхэм әйелі екеуінің Дэвид Бекхэмнің туған күніне орай Лондонға ұшып келгенін жазды. Алайда “бір апта бойы қонақүй бөлмесінде отырып, онымен оңаша кездесу үшін уақыт табуға тырысқанымен, әкесі үнемі бас тартқан”.

Жұп мамыр айында сэр Дэвидтің 50 жылдық мерейтойына қатыспады, тіпті әлеуметтік желілерде құттықтау жарияламады. Бұл жайт отбасылық жанжал туралы қауесеттерді одан әрі күшейтті.

“Ол біздің кездесу үшін жасаған әрекеттерімізді қабылдамай, тек жүздеген қонақ пен әр бұрышта камера тұрған үлкен мерекелік кеш аясында ғана кездесуге келісті”, – деп жазды Бруклин Instagram-да.

Оның сөзінще, әкесі ақырында кездесуге келісім берген, бірақ кездесуде келінінің келмеуін талап еткен. Бруклин мұны “шапалақпен тең соққы” деп қабылдағанын айтты.

Осыдан кейін, Пельтц-Бекхэмнің сөзінше, отбасы Лос-Анджелеске барған кезде де онымен кездесуден бас тартқан.

Былтыр қараша айында Никола мен Бруклин әкесі Дэвид Бекхэмге рыцарь атағы берілген салтанатты рәсімге Ұлыбританияға келмеген және бұл оқиғаға қатысты әлеуметтік желілерде еш пікір қалдырмаған. Алайда олардың бұл шараға қатыспау себебі белгісіз.

Бруклин мен Никола Пельтц-Бекхэм қарым-қатынасын 2019 жылы бастап, 2022 жылы үйленді. Олар АҚШ-та тұрады. Үйлену тойынан бері БАҚ беттерінде Бекхэмдер отбасында келіспеушілік болғаны туралы қауесеттер тарай бастады. Бұған себеп ретінде қалыңдық АҚШ-тың өнеркәсіпкері әрі миллиардері Нельсон Пельтцтің қызы Никола Пельтц екені айтылды. Кейбір мәліметтерге сәйкес, жанжал Никола енесі Виктория Бекхэм тойға тіккен көйлекті киюден бас тартқаны үшін басталды делінген. Кейінірек Никола бұл қауесеттерді жоққа шығарып, көйлектің тігілмеу себебі тек Виктория Бекхэм ательесінде оны уақытында аяқтай алмағаны екенін айтқан еді.

Айта кетейік, бұған дейін Дэвид Бекхэм өзінің психикалық ауытқуы бар екенін мойындап, онымен қалай өмір сүріп жүргенін айтқаны хабарланған еді.

Балнұр Жұмаділла
Сейсенбі, 20 Қаңтар, 2026 23:56