Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

“Бас-аяғы он күннің ішінде төрт бөлмелі жер үй алдық”: Жақындарымен бірігіп, салым жасаған қазақстандықтар қалай баспаналы болғандарын айтып берді

Бүгінде тұрғын үй депозитін ашып, қаражат жинау баспана мәселесін шешудің ең ұтымды әдісіне айналған. Оның үстіне банктердің тиімді ұсыныстары  үйлі боламын деген қазақстандықтардың ниеттеріне дөп түсуде. Мәселен, азаматтар “Отбасы банкінде” салым ашып, жиналған қаржысын мемлекеттік сыйлықақының көмегімен көбейте алады. Ал бір үйдің мүшелері депозиттерін “Отбасылық пакетке” біріктірсе, қажетті сомаға тезірек жетуге сеп болады. Бүгінгі материалымызда осы әдісті қолданудың қандай артықшылықтары бар екенін айтып, оны тиімді пайдаланып, баспаналы болған отандастырымыздың оқиғаларымен бөлісеміз. 

Данагүл Асаупова отбасымен, жеке архивтен

“Отбасымыздың 5 жылдық мерейтойын өз пәтерімізде атап өттік”

Батыс Қазақстан облысының тұрғыны Данагүл Асаупованың баспаналы болу машақаты сонау студенттік шағынан бастау алады. Нұр-Сұлтанда IT мамандығы бойынша білім алып жүрген бойжеткенге анасы біртіндеп қаражат жинап, тұрғын үй алу туралы құлақ қағыс жасайды. 

“Жалдамалы пәтерде тұрғанша, ертеңгі күніңе қазірден қамдан” - деп анам үнемі құлағыма құятын. Сөйтіп, ойлана келе 2013 жылы өз атыма “Отбасы банкінен” салым ашуды жөн көрдім. Бірте-бірте шәкіртақымнан, арасында жұмыс істеп жүргенде жалақымнан ақша аударып тұрдым. Ал университетті тәмамдаған соң көп ұзамай тұрмысқа шығып, отбасылы болдым”, – деп әңгімесін бастады үш баланың анасы.

Армандаған үйіне тезірек жету үшін Данагүл жолдасымен келісіп, оның атынан да депозит ашады. Ал несие алар кезде ерлі-зайыптылар салымдарын “Отбасылық пакетке” біріктіреді.  

“Барлық депозиттердің шарттарын, тұрғын үй бағдарламаларын қарастыра келе, “Отбасы банк” депозитін қолданып, пәтердің жарты сомасы жиналған соң, қалған жартысына 5%-дық несие арқылы үй алуға болатынын білдік. Өз депозитімдегі жинақ пен күйеуімнің  шотындағы қаражат тезірек мақсатымызға жетуге арқау болды. Ай сайын тұрақты түрде 25 мың теңгеден салып отырдық. Арасында тіпті 5 мың теңге салған күндер де болды. Мемлекеттік сыйлықақының ең жоғары сомасын алу үшін жыл сайын 200 АЕК-тен кем қылмай, қаражат салуға тырысып бақтық”, – деп есіне алады келіншек. 

Ата-енесімен бірге үш жыл тұрып келгенін айтқан Данагүл қажетті сома жиналғаннан кейін “Нұрлы жер” бағдарламасы бойынша үш бөлмелі пәтер сатып алады. 

“Екі депозитімізді қосып, 5 миллион теңге жинай алдық. Алайда бұл кезде үйдің нарықтағы бағасы аспандап, бір бөлмелі пәтердің өзін алу қиынға соқты. Осы орайда “Нұрлы жер” бағдарламасының басталуы біздің үй таңдап жүрген уақытымызбен тұспа-тұс келді. Жолдасым мемлекеттік қызметкер болғандықтан, бағдарламаға қатыса алдық”, – дейді Данагүл.

Осы тұста бір азаматтың атынан бірнеше депозит ашқаннан гөрі үй ішімен “Отбасылық пакетке” салым жасаған әлдеқайда тиімді екенін атап өткен жөн. Себебі бұл жағдайда әрбір депозитке жыл сайын мемлекеттік сыйлықақы аударылып отырады (ал егер азаматтың атында бірнеше депозит болса, сыйлықақы оның тек біреуіне түседі).  

Баспанаға жылдам қаражат жинау үшін депозитті тек ерлі-зайыптылар ғана емес, отбасының барлық мүшелері, жақын туыстары ашса болады. Бұған қоса балаларға да “Отбасы банкінде” арнайы шот ашу қарастырылған. Үй алар кезде “Балалар депозитін” де ересектердің салымымен біріктіру мүмкіндігі бар. 

Депозит бойынша жылдық тиімді мөлшерлеме 14%-ға дейін, несие бойынша жылдық тиімді мөлшерлеме 5,2%-дан басталады. 

“Отбасы банк” арқылы үй алу үшін мына шарттар орындалуы керек: 

  • Пәтер құнының жарты сомасын жинау;
  • Шотқа кемінде 3 жыл көлемінде қаржы құю; 
  • Бағалау көрсеткішін 16-дан жоғары ету. 

Мәселен, Данагүл бағалау көрсеткіші жоғары болғандықтан, заемды 5%-бен рәсімдеуге мүмкіндік алған.

“Отбасы банк” сайтында бағдарламадан өткендердің тізімі жарияланғанда қуаныштан төбеміз көкке жеткендей болды. Өйткені тізімде біз де бар едік. Сөйтіп, бағымызға орай отбасымыздың 5 жылдық мерейтойын өз пәтерімізде атап өттік”, –дейді Данагүл Асаупова. 

Парфеновтар отбасы, жеке архивтен

“Он күн ішінде төрт бөлмелі жер үй алдық”

51 жастағы Есенгелді Парфенов те “Отбасылық пакеттің” игілігін көрген тұрғындардың бірі. 2002 жылдан бері отбасымен Оралда тұрып жатқан азамат жергілікті ұйымдардың бірінде жүргізуші болып жұмыс істейді. Тапқан-таянғанымыз ішіп-жем мен жалдамалы пәтер ақысынан артылмайды -деген ол, жекеменшік баспанаңның болмағаны қиын екенін жеткізді. 

“Алғашында пәтерде жарым, ұлым, үшеуміз, тұратынбыз. Кейіннен балам үйленіп, немерелі болдық, отбасымыз одан сайын кеңейе түсті. Жалдамалы пәтер тарлық ете бастады. Оның үстіне жинаған қаражатымызды жастардың тойына жұмсап қойғандықтан, бірден үй сатып алатын дайын қаржымыз болмады. Ұлым мен келінімді бөлек шығаруға қимадық”, – дейді оралдық азамат. 

Үй алудың түрлі жолдардың қарастыра келе, отбасы баспаналы болудың ең ұтымды әрі сенімді әдісі – депозитте қаражат жинау екенін түсінеді. Ал мақсатын жақындату үшін ер азамат өзіне және жұбайының атынан салым ашып, оны отбасылық пакетке   біріктіруді ұйғарады. 

“Балаларым пәтер алудың тиімді жолдары туралы көп ізденді. Соның ішінде “Отбасы банк” ұсынатын шарттар бізге ыңғайлы болды. Үш жылымыз көзді ашып жұмғанша өте шықты. Әсіресе, жыл сайын түсетін мемлекеттік сыйлықақының көп көмегі тиді. Сөйтіп тиісті қаражат жиналған соң, банктен аралық заем рәсімдедік. Көп ұзамай Наурыз мейрамына қарсы Орал қаласынан төрт бөлмелі жер үй алдық. Бұл тұрғыда банк қызметкері Мәдина Хайрешованың көмегі көп болды. Бізді күтіп, үй алғанша кеңестерін бөлісіп, бар қолдауын аямады”, – дейді Есенгелді Парфенов.

Парфеновтар отбасы жылжымайтын мүліктің жарты сомасын өздері жинап, қалған бөлігіне ипотекалық заем алған. Қарызды 15 жылға рәсімдеген олар ай сайын 117 мың теңге төлеп отыр. Жаңа үйде немерелеріміздің қызығына тоймай жүрміз деген отағасы енді тағы бір үй алып қойсақ деген ниетін де жасырмады. 

“Жалдамалы пәтерде 10 жылға жуық тұрған екенбіз. Көпқабатты үйде құдды бір құмырсқаның илеуіндегідей күй кешеді екенсің. Өйткені мұнда күні-түні дамылдамас тіршілік, тыныштық жоқ. Ал жеке жер үйге көшкенде өз басым көңілім жай тапқандай болды. Өз аулаң, ұлым мен келінімнің, немерелерімнің өз бөлмелері бар. Оның үстіне немерелерім де есік алдында еркін ойнай алады. Отбасымызбен қысылмай өмір сүріп жатырмыз. Енді осы ипотекалық қарызымызды өтесек, тағы бір үй аламыз деп отырмыз. Тіпті ол үшін банкте әйелім, ұлым мен келінім тағы да “Отбасылық пакет” ашып, салым жасап отыр”, – деп аяқтады сөзін оралдық азамат. 

 

Талқылау