"Отбасы банк" жайлы кең тараған 5 миф: Жалақың төмен болса, ипотекалық қарыз берілмейтіні рас па?
Мемлекеттік қолдаудың арқасында бүгінде тұрғын үймен қамтамасыз етуге бағытталған несиелер қолжетімді бола түсті. Тіпті жалақысы төмен азаматтар да дұрыс бағыт-бағдардың әрі тиімді ипотекалық бағдарламалардың көмегімен баспана мәселесін оңтайлы жолмен шеше алады. Бұған қоса “Отбасы банк” ұсынатын тұрғын үй құрылыс жинақтары жүйесі ипотекалық жүктемені жеңілдетуде. Дегенмен ақпараттың ауқымдылығына қарамастан, қоғамда банк туралы түрлі жаңсақ пікірлер қалыптасқан. Бүгінгі мақаламызда халық арасында кең таралған бес мифтің ақ-қарасын анықтаймыз.
№1 миф: “Отбасы банк” арқылы үй алу үшін жалақы жоғары болуы керек
Қазақстандықтардың арасында “Отбасы банкінің” ипотекалық заемын тек жалақысы жоғары азаматтар рәсімдей алады деген жансақ түсініктің бары рас. Дегенмен айлық табысы 100 мың теңгеден аспайтындар да банктің көмегімен үйлі бола алады. Ол үшін баспана құнының 50%-ын депозитте жинау керек (кемінде үш жыл). Одан кейін “Отбасы банк” жылдық 3,5-дан 5%-ға дейінгі мөлшерлемемен тұрғын үй заемын тағайындайды.
Әрбір азамат ай сайын депозитке аударатын соманы өзінің айлық табысына қарай белгілей алады. Ең бастысы, салымды үзбей, ақша құйып отыру қажет. Себебі депозитіңізге тұрақты түрде қаржы аударған сайын бағалау көрсеткішіңіз де өсіп отырады. Тұрғын үй заемын рәсімдеу үшін бағалау көрсеткіші кемінде 16-дан асуы қажет.
№2 миф: “Отбасы банк” тек мемлекеттік бағдарламалар бойынша жұмыс істейді
“Отбасы банк” – қазақстандықтарды қолжетімді баспанамен қамтуға бағытталған мемлекеттік бағдарламалардың негізгі операторы. Дегенмен мемлекеттік тұрғын үй бағдарламалары аясында азаматтарды несиелендіру – банктің негізгі міндеті емес. “Отбасы банк” мемлекеттік бағдарламаларға қатыспайтын тұрғындар үшін де түрлі жеңілдіктермен бірнеше заем ұсынады. Мұндағы ипотекалық несиенің мөлшерлемесі екінші деңгейлі коммерциялық банктермен салыстырғанда әлдеқайда төмен. Мәселен, 2021 жылы “Отбасы банк” берген тұрғын үй заемының 79%-ы нарықтан баспана алу үшін рәсімделген.
“Отбасы банк” ұсынатын барлық бағдарлама жайлы мына сілтемеден оқуға болады.
№3 миф: “Отбасы банк” арқылы тек ыңғайсыз аудандардағы жаңа үйлерді ғана сатып алуға болады
“Отбасы банк” салымшылары қаладағы кез келген ауданнан баспаналы бола алады. Бұл тұрғыда олар жаңадан салынған және бұрын қолданыста болған үйлерді сатып алу мүмкіндігіне ие.
Осы орайда қазақстандықтар үй таңдауда былтырдан бастап іске қосылған Baspana market қызметін пайдалана алады. Бұл сайттың көмегімен енді азаматтар банкпен серіктес құрылыс компаниялары салып жатқан немесе екінші нарықтағы үйлерге заем рәсімдеуге өтініш бере алады. Бұған қоса Baspana market-те нысанның сипаттамасы жайлы оқып, қолжетімді пәтерлер санын, олардың құны мен жобасы туралы білуге болады. Тіпті көңіліңізден шыққан пәтерді брондап, жеке кабинет арқылы сатып алу статусын да бақылай аласыз.
№4 миф: “Отбасы банкінде” мемлекеттік сыйлықақы тек бір жыл бұрын ашылған депозиттерге түседі
Мемлекеттік сыйлықақы жыл сайын, күнтізбелік жылдың нәтижесіне сәйкес барлық депозиттерге аударылып отырады. Яғни банк клиенті жыл соңына дейін жаңа депозит ашып, онда қаржы құйса немесе қолданыстағы депозитіне салым жасап үлгерсе, мемлекеттік сыйлықақы алады. Қаражат әр жылдың басында барлық депозиттерге бір уақытта аударылады.
Мысалы былтырғы жылдың қорытындысы бойынша биылғы жылы 116 680 теңге көлеміндегі мемлекеттік сыйлықақының ең жоғары мөлшеріне Отбасы Банкінің 382 406 салымшысы ие болды.
Тағы бір ескеретіні, бұған дейін мемлекет тарапынан сыйлықақы берілген сомаға мемлекет сыйлықақысы түспейді, яғни ол жыл сайын бір жыл ішінде жиналған жаңа салымдар мен алдыңғы жылы сыйлықақы есептелмеген сомаға қосылады. Егер алдыңғы жылғы депозитке салынған сома 200 АЕК-тен жоғары болса, онда қалған салым сомасына осы жылдың қорытындысы бойынша сыйлықақы түседі.
№5 миф: “Отбасы банк” арқылы үй алу үшін міндетті түрде үш жыл күту керек
Егер қалтаңызда тұрғын үй сомасының 50%-ы болса, “Отбасы банкінен” ипотекалық қарыз алу үшін үш жыл күтудің қажеті жоқ. Бұл жағдайда банктен аралық заемға өтініш бере аласыз. Ол үшін депозит ашып, қаржыны толығымен құю керек. Өз кезегінде банк пәтер құнының 100% мөлшерінде 7-ден 8,5%-ға дейінгі мөлшерлемемен (ЖТСМ – 7,4%-ға дейін) несие береді. Бір айта кетерлігі, бұл мөлшерлеме уақыт өте келе 5%-ға дейін төмендейді.
Үш жыл ішінде банк салым сомасына 2% сыйақы мен 20% мөлшерінде жыл сайынғы мемлекеттік сыйлықақыны қосып отырады. Осы үш жыл ішінде қарыз алушы банкке тұрғын үй алуға жетпеген пәтер құнының 50%-ын емес, банк берген толық соманы өтейді. Жинақтау кезеңі аяқталған соң аралық заемнан 3,5-тен 5%-ға дейінгі мөлшерлемемен тұрғын үй заемына ауысуға болады. Ал депозиттен түскен қаражат негізгі қарызды өтеуге кетеді. Несиелендіру мерзімі 25 жылға жетеді, ал баспананың құны 90 миллион теңгеден аспауы керек.