Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"Отбасы банк" ұлттық даму институты мәртебесін алды: Пәтер кезегінде тұрғандар енді қалай баспаналы бола алады? 

"Отбасы банк" АҚ екінші деңгейлі банктер, депозиттерге кепілдік беру жүйесіндегі орнын сақтай отырып, ұлттық даму институты ретінде де қызмет көрсететін болады. Яғни, тұрғын үйге мұқтаж азаматтарды есепке алу, кезекке қою және тұрғын үйді бөлу қызметтерін орталықтандырылған түрде жүзеге асырмақ. 

Жаңа жүйе қолайлы болмақ 

Елімізде баспана мәселесі әлі де өзекті болып отыр. Бүгінде ел көлемінде 650 мың азамат тұрғын үй кезегінде тұр. Жергілікті атқарушы органдардың мәліметінше, былтыр барлығы 8906, биыл 8161 азамат үймен қамтылды. Екі жыл аралығында әлеуметтік тұрғыдан осал топқа кіретін 13759 адам қоныс тойын тойлады. 

Тұрғын үйге мұқтаж жандардың мәселесін шешуде енді "Отбасы банк" АҚ да көмекке келмек. Ұлттық даму институты мәртебесі берілген соң баспаналарды бөлу механизмін қолға алады. Ол қалай жүзеге аспақ? Кеңірек тоқталып өтейік. 

Қолданыстағы заңнамаға сәйкес, пәтерлер бірінші кезекте үй алу құқығы бар жекелеген азаматтар санаты есепке алына отырып, тізім бойынша пропорционалды түрде бөлінеді. Ал жаңа заң жобасы баспананы есепке тұру уақыты мен табысына қарай үлестіруді көздейді. Атап айтқанда, ұсыныстарды күнкөріс деңгейінің көлеміне қарай жасайды. Бүгінде күнкөріс деңгейі – 43 407 теңге. Ендігі ретте пәтермен қамту ісі осы сомаға байланысты болмақ. Айталық, егер отбасының табысын әр мүшесіне бөлгендегі сома бір күнкөріс минимумын құраса, пәтерді жалға алу бағасының бір бөлігін субсидиялау және жалдамалы үй, ал 1-5 КД аралығында болса, 2 пайыздық мөлшерлемемен жеңілдетілген ипотека ұсынылады. Жанұяның әр мүшесіне бөлінген табыс 5-7 КД көлемінде болса, 5 пайыздық мөлшерлемемен, 7 КД асқан жағдайда 7 және 9 пайыздық мөлшерлемемен ипотекалық тұрғын үй қарастырылады. 

Бұл ретте баспаналарды салу мен сатып алуға жергілікті билік жауапты болады. Кейін әкімдік сол үйлерді "Отбасы банкіне" азаматтар арасында бөлу үшін тапсырады. Атап өтерлігі, тұрғын үйлердің 70%-ы Ұлы Отан соғысы ардагерлері, жеңілдіктер бойынша Ұлы Отан соғысының ардагерлеріне теңестірілген ардагерлер, басқа мемлекеттердің аумағындағы ұрыс қимылдарының ардагерлері, бірінші және екінші топ мүгедектігі бар азаматтар, мүгедектігі бар балалары бар немесе оларды тәрбиелеп отырған отбасылар, кәмелетке толғанға дейiн ата-аналарынан айырылған жетім балалар мен ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балалар, жесірлерге, көпбалалы отбасыларға үлестіріледі. Қалған 30%-ы өзге топ өкілдеріне берілмек. 

Азаматтарға баспана мәселесін шешуде мемлекеттік қолдаудың тек бір рет көрсетілетінін де атап өткен жөн. Яғни, азамат бұған дейін мемлекет есебінен салынған жалға берілетін немесе кредиттік үйді алса, жеңілдікті ипотекалық несиенің игілігін көрсе, онда есепке қайта тұра алмайды.

Отбасы банк ұлттық даму институты бола отырып, кезекте тұрғандардың қазіргі, қалыптасқан бірыңғай республикалық базасын жүргізетін және "Тұрғын үймен қамтамасыз ету орталығы" жаңа электрондық базасы арқылы тұрғын үйге мұқтаж азаматтардан өтінімдер қабылдайтын болады. Өтініштер Отбасы банкіне Баспана маркет (otbasybank.kz) платформасы арқылы онлайн режимінде жолданады. Бұл олардың жұмысын едәуір жеңілдетеді. Себебі бұрынғыдай мекемелерді аралап, анықтамалар тапсырудың қажеті болмайды. Қазірдің өзінде "Отбасы банк" 8 мемлекеттік деректер базасымен интеграцияланған. Алдағы уақытта басқа жүйелермен ықпалдастық орнатылады. Сол арқылы жылжымайтын мүлкі бар-жоғы,олардың отбасылық жағдайы  автоматты түрде тексеріліп, тұрғын үйге мұқтаж адамның мәртебесі мен санаты расталады. Яғни, автоматтандыру арқылы бұл процестің ашықтығы сақталып, қандай да бір адам факторы болмайды. 

Кезекке қою туралы өтініштерді Отбасы банк заңнамада көрсетілгендей, алты айлық өтпелі кезең аяқталғаннан кейін, 2025 жылы қабылдай бастайды. Осы уақытқа дейін әкімдіктер кезекте тұрғандардың есебін жүргізуді және бірыңғай республикалық базаны қалыптастыруды жалғастыра береді.

“Тұрғын үймен қамту орталығының жұмысы "Бір терезе" қағидаты бойынша іске асатын болады. Бұл дегеніміз - "тұрғын үйге мұқтаж" мәртебесін растау үшін бұрынғыдай бірнеше инстанцияға жүгініп, кезекке тұрып, содан кейін қолжетімді заем алу үшін банкке барып, әуре-сарсаңға түспейді деген сөз, - деп түсіндірді "Отбасы банкінің" Басқарма төрағасы Ләззат Ибрагимова.

Бағдарламалар игілігі

Жалпы, бүгінде "Отбасы банк" АҚ шарттары жеңілдетілген төрт ипотекалық бағдарлама бойынша салымшыларды баспана бақытына бөлеп жатыр. Алғашқысы - ел арасында "Бақытты отбасы" атауымен белгілі "2-10-20" бағдарламасы. Биыл осы бағдарлама бойынша 37,6 млрд теңгеге 2 972 заем берілді. Ал "5-10-20", яғни "Шаңырақ" аясында 4 231 (сумма 46,4 млрд. теңге) адам үйлі болды. Бұл мақсатқа 36,7 млрд теңге бөлінді. 

Сол сияқты кейінгі жылдары енгізілген бағдарламалар да жоғары сұранысқа ие. Атап айтқанда, "Отау" бағдарламасы аясында 46,9 млрд теңгеге 2 167 заем берілді. Бұл бағдарлама аясында барлығы 1 трлн 50 млрд теңге қарастырылған. Алдағы 7 жыл аралығында жыл сайын 150 млрд теңге бөлінбек. Ал "Наурыз" арқылы 109  млрд теңге сомасына 4 144 азамат ипотекалық несие ресімдеді 

"Отбасы банк" ауылдағы ағайынның, моноқалалар тұрғындарының да мәселесін шет қалдырған жоқ. Олар үшін "Асыл мекен" бағдарламасын іске қосты. Оның талаптары тұрғындарға тиімді. Бастапқы жарна ретінде 10% салып, 5% мөлшерлемемен 10 млн теңгеге дейінгі соманы 8 жылға ресімдеуге болады. Сөйтіп, ауылдық жерден не үйді сатып алуға, не салуға мүмкіндік бар. Банк оны іске асыру жолында 2 млрд теңге көлемінде өз қаражатын бөлді. Қазіргі таңда жалпы сомасы 1,4 млрд теңгеге 150 заем берілді.

Ауылдағы ағайын "Наурыз" бен "Отау" бағдарламалары арқылы да баспаналы бола алады. Олар үшін басты басымдық – жаңа және екінші нарықтағы үйді алу мүмкіндігі. Шалғайдағы елді мекен тұрғындары өтінішті аудан, қала орталығына бармай-ақ видеобанкинг немесе "Baspana" порталы арқылы бере алады. 

Жас мамандарды қолдау мақсатында өңірлік тұрғын үй бағдарламаларын да жүзеге асырып келеді. Соның арқасында соңғы 7 жыл аралығында бүкіл ел бойынша 35 жасқа дейінгі 7700-ден астам азамат қоныс тойын тойлады. Бұл жобаны іске асыруға банк 38,4 млрд теңге, жергілікті атқарушы органдар 132,6 млрд теңге бөлді. Мұндай бағдарламалар өңірге қажет дәрігер, мұғалім, спортшы, ТЖМ қызметкері сынды мамандардың аймақта еңбек етуге оң ықпал етеді. Ал бағдарлама талаптарын жергілікті әкімдіктердің өздері белгілейді. Мұндай бағдарлама Алматы, Астана қалаларында, Қарағанды, Қызылорда, Абай, Шығыс Қазақстан, Жетісу, Батыс Қазақстан, Павлодар облыстарында сәтті жүзеге асуда. 

Талқылау