Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

2022 жылы тұрғын үй бағасы қымбаттай ма: "Отбасы банк" басшысы баспана бағасына қатысты болжам жасады

"Отбасы банк" АҚ басқарма төрағасы Ләззат Ибрагимова Қазақстанда ендігі жылғы баспана бағасына қатысты болжамдарын айтты, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі. 

Орталық коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз мәслихатында тілшілер баспана бағасы тұрақтана ма деген сұрақ қойды.

"Меніңше, бағаның өсу қарқыны төмендейді. 10 процентке және одан жоғары көтерілмейді. Себебі зейнетақы жинағын пайдаланудың негізгі кезеңі 1 сәуірде аяқталады. Қазір депозиттерді толықтырғысы және ипотеканы өтегісі келетіндерден өтініш түсіп жатыр. Ал баспананы толығымен сатып алуды көздейтін өтініштер өте аз", – деді Ибрагимова орталық коммуникациялар қызметінде өткен онлайн брифингте.

Осы орайда банк басшысы зейнетақы жинағының бір бөлігін пайдалану шарасы тұрғын үй бағасына әсер еткенін мойындады. Алайда бүгінде әлем бойынша баспана қымбаттап жатыр. Оған инфляция да ықпал етті. Құрылыс материалдарының бағасы көтерілді. Мамандардың жалақысы артты. 

Сондай-ақ банк төрағасы демографиялық жағдайды да ескеру қажеттігін, Қазақстанда бала туу көрсеткіші артып келе жатқанын айтты.

"Жыл сайын 400 000-нан астам бала дүниеге келеді және 60 000-нан астам жаңа неке тіркеледі. Екі мыңыншы жылдардың басында туған балалар өсіп келеді. Осы факторлардың барлығы сұранысқа едәуір әсер етпек. Қазір нарықтағы ұсыныс өте үлкен, бұрын-соңды болмаған 15 млн шаршы метр баспана салып жатырмыз. Менің ойымша, бағаның өсу қарқыны төмендейді. Бірақ қазіргі бағалардың төмендеуіне келсек, бүкіл әлемде болып жатқан инфляцияны ескере отырып, мұндай болжам жасамас едім", - деп атап өтті Ибрагимова.

Талқылау