Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Отандық өнім бәсекеге қабілетсіз: Қазақстандық кәсіпкерлер сүт импортына шектеу қоюды сұрайды

Қазақстанда сүт өнімдерінің басым бөлігі сырттан тасымалданады. Мәселен кейінгі екі жылда импорт көлемі үш есе артқан. Көрші елдерден келетін өнімдердің бағасы төмен болғандықтан, отандық кәсіпкерлер бәсекеге төтеп бере алмай отыр. Сондықтан айран, қаймақ пен ірімшік шығаратын кәсіпорын басшылары сүт импортына шектеу қоюды сұрайды. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі 31-арнаның Информбюро жаңалықтар бағдарламасына сілтеме жасап хабарлайды.

Фото: Pixabay.com

Қарағандыдағы фабриканың өкілдері кейінгі екі жылда сүт өндірісі 15% төмендегенін айтты. Өйткені нарықта Ресей мен Беларусьтен келетін сүт, айран, қаймақ пен ірімшік көбейген, шетелдік өнімдер арзан. Тиісінше сұраныс артады.

“Солтүстікте орналасқан қалаларда басқа елдердің өнімдері көбейген. Сондықтан Қазақстандық өндірушілер өнімдерін Астанаға, Алматыға, Қарағандыға тасуға мәжбүр. Соның салдарынан біздің өнімге сұраныс азайып жатыр”, – деді сүт фабрикасының басшысы Дулат Ақпар.

Ресей мен Беларусь сүтті тұтыну көлемінен 200% артық өндіреді. Артылғанын экспортқа шығарады. Өнімнің көп бөлігін Қазақстанға тасып жатыр. Экспортқа шығарған тауар үшін Қазақстан көлік шығынын толық субсидиялайды екен. Нәтижесінде олардың өнімі біздікінен де арзан болады дейді сүт өндірушілер.

“Көбі дүкенде тұрған кезде арзан өнімді алады. Сондықтан біздің өнімдер өтпей қалады. Сырттан келетін өнімдердің сүт өндірісі бірнеше есе көп болғандықтан, өзіндік құны да төмендейді, шикізат құны да төмен. Бізде 1 литрі 200 теңге тұрса, оларда 160 теңге”, – деді сүт өндірушілер одағының төрағасы Владимир Кожевников.

Мәжіліс депутаты Нұржан Әшімбетов жағдайды дереу қалыпқа келтірмесек, кәсіпкерлеріміз шығынға батады дейді. Отандық өніммен ішкі нарықтың басым үлесін қамтуға қауқарымыз жетеді дейді халық қалаулысы.

“Біздің шаруашылықтар мен зауыттар бағаны түсірсе, бәсекеге жарамды болады. Әрі қарай да өнімдерді дамыта аламыз. Осы жұмысқа жергілікті әкімшіліктер, ауыл шаруашылығы министрлігі, сауда министрлігі бас қатыруы керек. Бірақ бешқандай жұмысты байқап отырған жоқпыз”, – деді мәжіліс депутаты Нұржан Әшімбетов.

Ауыл шаруашылығы министрлігі бұл мәселеге қатысты жауап берген жоқ. Сарапшылар сүт импортын шектеуді де ұсынып отыр. Аталған тауар кез келген көлік түрімен де кіргізіледі. Ал мамандар теміржол арқылы ғана кіргізуге рұқсат берілсе, импорт көлемі едәуір азаяды дейді.

Талқылау