Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"Өскемен жаққа өгей боп": Айнұр Тұрсынбаева Абай облысының құрылуына арнап өлең шығарды

Елімізде Абай, Ұлытау және Жетісу облыстарының құрылатыны жайлы ақпарат көпшілікті, оның ішінде айтыскер ақындарды қуантты. Айнұр Тұрсынбаева қуаныштың лебімен өлең шығарса, Сара Тоқтамысова байырғы арманының орындалғанын айтты. Сол сияқты Жандарбек Бұлғақов та президенттің бастамасын қолдады, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі. 

Президент Жолдауынан шабыттанған Айнұр Тұрсынбаева 2 сағаттың ішінде өлең жазып, желідегі парақшасында жариялады.

"Қайран да менің Абайым!
Киелі алтын сарайым!
Сұп-суық аты Семей боп
Өскемен жаққа өгей боп...
Жетімсіреп көрдіңдер,
Қиындықтың да талайын..
Өлгеніңді тірілтіп,
Өшкеніңді жандырды
Қасымжомарт ағайым..
Ардақты жаңа атауың,
Құтты болсын ағайын..!

Алашты Алла қолдашы..!
Еліме қатал болмашы!
Қазақтың жансын жұлдызы
Бүтін боп туы, таңбасы..
Мықты болып тұр бәрінен..
Жетісуымның олжасы..
Қонаевпенен басталды,
қуаныштардың ең басы!
Сарыарқаға да бет алды,
Жеңістің жүйрік жорғасы..
Қайырлы болсын Ұлытау,
Ұлтымның ұлы Ордасы!

Науқас балаларға садақа жинап жүргенде 300 миллионды 3 күнде жинап берген оқырмандарыма "Халқымыз үшін енді керемет сүйіншілер келеді, осынша садақаның қайыры ерекше болады" деп айтып едім ғой. Лайым, тек сүйінші сұрап қуанып жүрейікші.

Қуанышымыз ұзағынан болсын. Бір-бірімзге көмектесіп, садақа салып жүрейік. Сонда бәрі жақсы болады", - деп жазба қалдырды Тұрсынбаева.

Сондай-ақ, Семей өңірінде туған тағы бір қазақтың ақын қызы Сара Тоқтамысова жүрекжарды лебізін желі арқылы жеткізді. 

"Семейім облыс болатын болды! Семейліктер үшін көңіл босайтындай жаңалық болды-ау! Жезқазған, Ұлытау облысы болатын болды!
Қанша жыл сахнада шырылдап жырлап жүрген жан айқайдың орындалған күні. Жасай берсін Президентіміз!" - деді Тоқтамысова.

Ал Жандарбек Бұлғақов жап-жаңа Жетісу облысынан сурет жариялап: 

"ЖЕТІСУ облысынан баршаңызға бір сәлем! Алматы сияқты алып шаһардың дәл түбінде орналасқандықтан өркендеп-даму жағынан кенжелеп қала беретін Талдықорған енді басқаша түлейді деп сенеміз.
Жылдар бойы оңаша отау болуды армандап келген Жезқазған мен Семейдегі ағайындарды құттықтаймын!" - деп жазды.


 

Назгүл Әбушәріпқызы
Бейсенбі, 17 Наурыз, 2022 09:22
Талқылау