Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Өскемен тұрғыны алаяқтық жолмен құрбыларының атынан 9 миллион теңге несие алған

Өскемен тұрғыны алаяқтық жолмен құрбыларының атынан 9 миллион теңге несие алған. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.

ШҚО полиция департаменті баспасөз қызметінің ақпаратынша, полицияға жүгінген 23 жастағы қала тұрғыны алаяқтың құрбаны болғанын жеткізді.

Өз сөзінде ол құрбысының алдап, 3 200 000 теңгеден астам сомаға онлайн несие ресімдегенін айтқан. Жәбірленуші несие туралы банк қызметкерлері қоңырау шалған кезде ғана білген.

Арыз түскен соң тәртіп сақшылары жедел-іздестіру шараларына кірісті. Соның нәтижесінде 22 жастағы күдікті ұсталып, бөлімшеге жеткізілді. Тергеу барысында қыздың осыған ұқсас тағы 2 алаяқтық жасағаны анықталды.

"Ол екі құрбысынан қоңырау шалып алу үшін ұялы телефонын сұрап, кейін банк қосымшасы арқылы 1 және 5 млн теңгеге несие рәсімдеп, ақшаны өз шотына аударған. Қазіргі уақытта Қылмыстық кодекстің 190-бабы 2-бөлігіне (Алаяқтық) сәйкес сотқа дейінгі тергеу амалдары жүріп жатыр", – делінген ақпаратта.

Еске салсақ, Қызылорда облысында алаяқтар тобы мемлекеттік қызметкерлерді интимді суреттер арқылы бопсалағаны туралы жазған едік.

Талқылау