Осылайма әлде осылай ма? Сіз мән бермей жүрген шылаулардағы қателіктер
Біз, Stan.kz редакциясы, қазақстандықтар қазақ тілінде сауатты жазып, сөйлегенін қалаймыз. Осы орайда, "Таза тіл" шығарылымдар сериясын жарияладық.
Бүгінгі талқылайтынымыз – ма (ме, ба, бе, па, пе) шылауының емлесі. Ма (ме, ба, бе, па, пе) шылауы сөйлемге сұрау мәнін үстеп, сұраулы сөйлем жасайды. Өзі тіркескен сөзден бөлек жазылады.
Мысалы:
Қартайғанша қақаптап,
Бұл тәңірі атқан талмай ма?
Иттеніп жүріп өлмей ме,
Өлсе, бәрі қалмай ма? (Абай)
Бұл шылау сыртқы тұлғасы жағынан -ма, -ме, -ба, -бе, -па, -пе деген болымсыз етістік жасайтын жұрнақпен ұқсас келеді.
Бірақ шылау бөлек жазылады да, болымсыз етістік жұрнағы түбірге қосылып, бірге жазылады.
Мысалы:
Ғылым таппай мақтанба,
Орын таппай баптанба,
Құмарланып шаттанба,
Ойнап босқа күлуге. (Абай)
Ма, ме, ба, бе, па, пе демеулігі кейде бірыңғай мүшеден кейін қайталанып жұмсалады. Мысалы: Ерте ме, кеш пе, пайдаға ма, зиянға ма сен де барыңды бересің (Ғ. М.).
Қандай жағдай болмасын, сұрау мәнін үстейтін шылау бөлек жазылады.
Дайындаған: Аққибат АҚЖІГІТОВА
Қазақ тілінде сөйлеуде тағы қандай сәттерде қиындық туындайды? Адамдар қай кезде жиі қателеседі? Егер сауалдарыңыз болса, келесі форма арқылы бізге сұрақ жолдаңыз