Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"Ғасырларға арналған көлеңкелер": Қазақстандық ару "Золотое Яблоко" дүкеніндегі қате қазақша аудармаға шүйлікті

Әлеуметтік желіде Динара Ақылова есімді қолданушы "Золотое яблоко" дүкеніне қатысты сын айтты. Қыздың пікірінше, компания Қазақстанда үлкен кәсіп жүргізіп жатқанына қарамастан, қазақ тілін тиісті деңгейде қолданбайды. “Золотое яблоко” дүкендерінің бірінде түсірілді делінген фотода "Тени для век" деген сөзді "Ғасырларға арналған көлеңкелер" деп қазақшалағаны көрінеді. Бұған қатысты Stan.kz ақпарат агенттігі "Золотое яблоко" әкімшілігінен пікір сұрады.Фото: @akylova_dinara

Динара Ақылова "Золотое Яблоко" дүкеніндегі қате жазылған мәтінге назар аударып, бұл кәсіпорындардың мемлекеттік тілді дұрыс қолдануға тиіс екенін атап өтті.

"Қазақстанға үлкен кәсіппен келіп, ненің не екенін де жаза алмайсыңдар. Мысалы, мынау "Золотое Яблокода". Біз, қазақтар, намыстанып, қай тілде болсын таза жазып, таза сөйлеуге тырысамыз. Мыналар сияқты сауатсыз емеспіз, шүкір!" – деп жазды Динара Ақылова.

Бұл пікір әлеуметтік желі қолданушылары арасында қызу талқыланды. Кейбір пікір білдірушілер қазақстандық нарықта жұмыс істейтін кез келген кәсіпкер мемлекеттік тілге құрмет көрсетуге тиіс екенін айтады.

Керісінше, орысшадағы “Тени для век” деген сөзді қазақшаға “Көзге арналған бояу” немесе “Көз бояуы”, “Қабаққа арналған бояу” деп аударылған дұрыс секілді.

Ал "Золотое Яблоконың" қолдау қызметі тіл мәселесіне үлкен құрметпен қарайтынын айтып, қос тілді коммуникация саясаты сақталады деп жауап берді.

"Золотое Яблоко" қолдау қызметі сұраныс түскен тілде жауап береді. Қазақстан аумағында орналасқан барлық дүкенімізде клиенттер қазақ және орыс тілдерінде кеңес ала алады. Барлық баға белгісі, вобблерлер және сауда залдарындағы басқа да мәтіндік материалдар екі тілде ұсынылған. Тұтынушыларға арналған барлық коммуникацияның аудармасымен қазақстандық аударма бюросы айналысады. Ал "Золотое Яблоко" арнайы бөлінген қызметкерлері мәтін сапасын тексереді. Егер баспа материалдарында қате анықталса, мейлі ол аударма немесе грамматикалық қате болсын, біз әрдайым макеттерді жедел тексеріп, түзетеміз. Бұл тәсіл компанияның барлық елдердегі қызметінде қолданылады", – деп түсіндірді компания.

Дегенмен компания "Тени для век" деп жазылған фотоға қатысты ондай ешқандай мәтін табылмағанын жеткізді.

"Тени для век" сөз тіркесінің "Ғасырларға арналған көлеңкелер" деп аударылуына қатысты айтарымыз, біз дүкендегі барлық материалды мұқият тексердік, алайда мұндай аударма табылмады. Интернетте бұл қате аударманың кездесетіні рас, бірақ біз тапқан фотодағы сөре біздің дүкенге тиесілі емес. Десе де, қосымшаны тексеру барысында дүкен сөресіндегі басқа тауарлардың атауы дұрыс аударылмағанын байқадық. Қатені түзету үшін барлық қажет шараларды қабылдауға уәде береміз", – деп толықтырды "Золотое Яблоко".
Талқылау