Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"Орамал тағып, шай құю ыңғайсыз екен": Ресейлік қыз мобилизация кезінде көшіп келіп, қазаққа келін болды

Ксения Далабаева 2022 жылдан бастап Қазақстанда тұрады. Ал 2023 жылы ол қазақ жігітке тұрмысқа шығып, қазақ отбасының келіні атанды. Бүгінде ол бауырсақ дайындайды, туыстар ортасында ақ орамалын тастамайды, ата-енесіне шай құйып, қонақ күтуге көмектеседі. Сонымен қатар ол қазір қазақ тілін үйреніп жүр. Stan.kz ақпарат агенттігі Ксенияға хабарласып, Қазақстанға қалай келін болғанын сұрады.

Фото Ксения Далабаеваның жеке архивіненФото Ксения Далабаеваның жеке архивінен

Ксения Далабаева – басқа ресейліктер сияқты 2022 жылы Қазақстанға көшіп келген дәрігер. Мұнда дәрігерлік қызметті жалғастыру үшін қайта оқу қажет болмайтындықтан ол Қазақстанды таңдапты. Ал қазақ жолдасы Русланмен Астанаға келген алғашқы айда танысыпты.

“Қазақстандағы алғашқы айымда жолдасымды кездестірдім”

"Жолдасыммен таныстығым өте қарапайым болды. Күйеуіммен Қазақстанға көшіп келген алғашқы айда таныстым. Сол кезде жаңа елге барынша тез үйренуге тырыстым, жаңа таныстыққа дайын болдым. Ол маған әлеуметтік желі арқылы жазды, ал парақшасында ақ халатпен Ресейдің медицина университетінде түскен фотолары болды. Ол маған жұмысқа орналасуым үшін қандай құжат рәсімдеуім керек екенін айтып бере алады деп ойладым. Ол нотариусқа бірге барайық, көмектесемін деді. Бірақ алғаш рет кездескенде кофе ішіп, жай ғана әңгімелестік. Айтпақшы, құжаттарды сол күйі жинамадым, дәрігер болып жұмыс істемедім. Косметологияға жұмысқа орналастым", – деп бастады әңгімесін Ксения.

Орыс қыздың сөзінше, өзі қазаққа тұрмысқа шығамын деп ешқашан ойламаған. Алайда оған тағдыры осылай құбылатынын баяғыда бір балгер айтқан екен. Бірақ Ксения оған мән бермеген.

"Таныстығымызға қатысты жолдасым екеуміздің ортақ әзіліміз бар. Бұрын астрологтар, таро картасы және тағы басқасы сән болып кеткен кезде құрбыларыммен бір қызға жүгінгенбіз. Ал ол қыз маған "Алдағы бес жылда басқа елге көшесіз және сол жақта тұрмысқа шығасыз" деген еді. Мен болсам түк түсінбей, жай сөз деп қабылдадым. Ол кезде Санкт-Петербургте ординатураны оқып жүргем. Басқа елге көшу туралы ойым болмады. Ал қазір күйеуіммен осы оқиғаны еске түсіріп, "бізді тағдыр тоғыстырды" деп күлеміз", – дейді ол.

“Ата-анам қарсы болды”

Дегенмен алғашында ата-анасы қазаққа тұрмысқа шығуына қарсы болыпты. Ал қазір екеуінің бір-біріне деген сыйластығын көріп, қуанады екен.

"Ата-анама Русланмен қарым-қатынасым туралы айтқанда олар күдіктеніп, қорқынышпен қарады. Олар менің елден кеткенімді қаламады әрі мені уайымдады. Оның үстіне өзге мәдениетте, өзге елде, өзге дінде сені бірнәрсеге мәжбүрлеуі мүмкін немесе саған сыйластықпен қарамауы мүмкін деген күдік те бар. Себебі біз Русланмен екі түрлі, екі бөлек ортада өстік. Кейін Русланмен жеке танысқан соң олардың қорқынышы сейілді. Біздің ара-қатынасымызға, оның маған қарауына, мінез-құлқымызға қарап, біздің бір-бірімізге деген сыйластығымызды көрді. Осы нәрсе оларға мен үшін алаңдамауға, сенуге көмектесті. Біраз уақыттан соң ата-анам Русланның әкесі және анасымен, достарымен танысты. Олар өте мейірімді, қарапайым, ашық-жарқын адам екен деді", – дейді ол.

“Үйлену тойын жасамадық”

Олар Русланмен бір жыл қыз-жігіт болып жүріп, сосын үйленген. Ксенияның жолдасы үйінің кенже ұлы болса да, жас жұбайлар ата-енеден бөлек тұрады. Бірақ жиі барып тұратын көрінеді.

"Біздің дәстүрлі үйлену тойымыз болмады. Халыққа қызмет көрсету орталығында неке қию рәсімі өтті, содан кейін мешітке бардық. Ал кешке тек жақындарымызбен ресторанда отырдық. Басында үйлену тойын кейін жасаймыз деп ойлағанбыз. Бірақ екеумізге де ондай үлкен жиындар ұнамайды. Ал "басқалар үшін жасау керек" деп той істеу - өте біртүрлі нәрсе. Қазақтың дәстүрі бойынша, кенже бала қолда қалады екен, келін бірге тұруы керек екен. Бірақ біз бөлек тұрамыз және оларға жиі барамыз, жақын тұрамыз. Өз үйімізде жөндеу болғанда ата-енеммен 2-3 апта тұрып көрдім. Жолдасымның отбасы өте жақсы, тату адамдар. Олармен тұру қиын болған жоқ, бәрі жеңіл өтті", – дейді қазақтың келіні.

Фото Ксения Далабаеваның жеке архивіненФото Ксения Далабаеваның жеке архивінен

Қазақстанға келген кездегі ең бірінші кезіккен қиындығым Астананың ауа райына үйрену болды дейді ол.

"Ең бірінші кезекте даланың аңызақ желі, бораны, қысына үйренісуім керек болды. Одан кейін оңай болмаған нәрсе жергілікті халықпен тіл табысып кету, олардың әрекетін түсіну. Себебі Қазақстан мен Ресей арасында менталитет ерекшеліктері көп. Біраз әрекетті түсінуім қиын. Қазір қарасам, біраз нәрсеге үйреніп кеткен сияқтымын, адаптация кезеңінен жақсы өткен сияқтымын. Бір жағынан алда әлі үлкен жол тосып тұрғанын білемін”, – дейді Ксения.

“Қазақтар дәстүрлерді кәдімгідей ұстанады екен”

Ксенияның сөзінше, қазақ отбасының ресейлік отбасылардан айырмашылығы көп. Мұнда бүкіл туған-туыс бір-бірін таниды, жақын араласады. Ал Ресейде ол өз отбасымен, туған әпкесімен ғана сөйлеседі екен. Сонымен қатар ол дәстүрдің көптігіне таңданатынын жасырмады.

"Менің туыстарым көп, тек бір-бірімізбен жақын емеспіз. Сондықтан қазақтардың туыстарға берілгенін, ағайынға жақындығын көріп, біразға дейін таңғалып жүрдім. Дәстүрдің көптігі және соны ұстану да мені таңдандырады. Адамдар шынымен бәрін ұстанады екен ғой. Ресейдегі таныстарым келін мен енесі арасында жақын қарым-қатынас жасамайды. Келін ештеңеге міндетті емес, оған қатысты дәстүр де, талап та жоқ. Ал Қазақстанда келін күйеуінің отбасының мүшесі болады, оған қатысты дәстүрлер де жетеді”, – дейді ол.

Қазақ отбасындағы “келін істейді” деп қабылданған істер алғашында оған ыңғайсыз болған. Орамал тағу, шай құю, қонақ күту – мұның бәріне уақыт өте келе барып жеңіл қарадым дейді Ксения.

Алғашында мұның бәрін қабылдау, орындау маған қиынға соқты. Келін болып қонақтармен бірге отыра алмайтыным, керісінше асүйде бәрін дайындап жүруім, бәріне шай құюым керек екені ыңғайсыз болды. Қарапайым орамал тағып жүрудің өзі біртүрлі көрінді. Мысалы, Ресейде әйелдер орамалды тек шіркеуге барғанда тағады. Ал Қазақстанда әр келін орамал тағуға міндетті деуге болады. Осы дәстүрді мен бір жыл қабылдай алмай жүрдім. Тіпті орамал таға алмайтынмын, орамалды байлауға абысыным көмектесетін. Бірақ сонда да орамалды таққанда қатты дискомфорт сезінетінмін. Сосын осы тақырыпты жолдасыммен талқыладық. Ол өзінің ойын айтты. Уақыт өте келе бұған жеңілірек қарайтын болдым. Себебі бұл – жолдасымның мәдениетінің бір бөлігі. Өмірде біз санасуымыз керек дүниелер бар. Қазір күйеуімнің отбасында орамалды тек қонақ келгенде тағамын", – дейді Ксения Далабаева.

Сонымен қатар ол біздің халықтың ас та төк той жасайтынын, мейрамдарды тойлайтынын көріп, таңданыпты.

“Мені қазақтардың мейрамдарға деген махаббаты қатты таңғалдырды. Мұнда Наурыз, Пасха, Жаңа жыл сияқты кез келген мейрамды тойлайды екен. Халық үлкен күшті тойларды жақсы көреді. Жұртты қонаққа шақырып, өздері де қонаққа барғанды ұнатады. Мысалы, баласы университет бітіріп жатса, соны атап өту үшін ресторанда үлкен той жасайды. Мен мұндайды әлемнің басқа жерінен көрмедім”, – деді ол.

“Қазақ тілін үйренгім келеді”

Уақыт өте келе қазақтың дәстүріне, мәдениетіне, тұрмыс-тіршілігіне тереңдей түстім дейді ол. Сонда қазақ тілін білмесем болмайды деп ойлапты. Бір жағынан жолдасын қуантқысы келеді екен. Бүгінде ол қазақ тілін қалай үйренгені туралы лайфхак видеолар түсіріп жүр.

“Жодасымның отбасында бәрі бір-бірімен қазақша сөйлеседі. Қазақ тілін түсінбегендіктен олардың үйінде өзімді бөтен сияқты, басқа әлемге түсіп кеткендей сезінетінмін. Сол үшін қазақша сөйлегім келеді. Бір жағынан жолдасымды қуантқым келді. Қазір қазақ тілін оқулықтар арқылы үйреніп жүрмін. Оған қоса менің мұғалімім бар. Онымен екі аптада бір кездесіп, оқып жатқанымды талқылаймыз, сұрақтарымды қоямын. Ол маған қателерімді айтады, қазақ тілінің қандай да бір тұстарын түсіндіріп жібереді. Желіде қазақ тілін үйреніп жүргенімді көрсетсем, біразы маған "қатты акцентің бар екен" деп жазады. Бірақ мен оған мән бермеуге тырысамын. Ең бастысы сөздердің түсінікті болуы, ал акцент деген уақытымен реттелетін нәрсе", – дейді қазақтың келіні.

Фото Ксения Далабаеваның жеке архивіненФото Ксения Далабаеваның жеке архивінен

Дегенмен Ксенияның парақшасына "Өзге ұлтпен отбасы болуды құптамаймыз" деп жазатындар көп екен. Жағымсыз пікірдің танымал екеуі мыналар: біріншісі "еліңе қайт", екіншісі "басқа ұлтпен отбасы құруға қарсымыз, аралас болып кетеді”. Екінші пікірге көбіне бала, мәдениет, дін сияқты себептерді айтады. Дегенмен Ксения мұндай ойларға қарсылығын желідегі видеосында ашық айтты.

"Біріншіден, балалар және олардың геніне алаңдаған ата-аналар маған жағымсыз пікір жазғанша мектепке барып биология мен генетиканы оқысын. Екіншіден, дін жағынан әркімге өзінің дінін тереңірек оқуды ұсынар едім. Мысалы, Исламда мұсылман жігіт балаларым да мұсылман болады деген шартпен христиан қызға үйлене алады. Үшіншіден, маған хейт жазатындар мәдениеттің сәйкессіздігін айтады. Бірақ Салтанат пен Бишімбаевтың оқиғасын алсақ, олар бір мәдениеттің адамдары еді. Сонда мәселе бір орта, бір мәдениетте емес, адамның қандай екенінде. Нашар адам қандай мәдениеттен шықса да, нашар адам болады. Осының бәрін қабылдау қиын болса, ол демек сол адамдардың мәселесі", – деп жауап берді ол хейтерлерге.
@ms.vafelki Ответ пользователю @user516193835261 #межнациональныйбрак #межнациональныйбрак #казахстан #астана ♬ оригинальный звук - ms.vafelki

 

“Балаларымыз қай тілде сөйлейді?”

Ксения мен Руслан үйленбей тұрып балалары қай тілде сөйлейтінін талқылаған.

"Жолдасым мен оның ата-анасы үшін балаларымыздың қазақша сөйлегені маңызды. Мен үшін де балаларымның орыс тілін білгені маңызды. Себебі өз ата-анам Ресейде тұрады және орысша сөйлейді. Сондықтан біз балаларымыз болғанда мен тек орысша, ал жолдасым тек қазақша сөйлейміз деп келістік. Себебі балаларымыз екі тілде де сөйлегенін қалаймыз. Қазір көбіне бір-бірімізбен орысша сөйлесеміз. Бірақ тұрмыстағы нәрселерді көбіне қазақша айтамыз, әсіресе мен үйренген сөздерімді күнделікті қолдануға тырысамын. Ал Руслан мені әрдайым қолдайды", – дейді Астана тұрғыны.

Ол қазақ тілін үйрене бастағанда "Шай ішесің бе?" деген сөзді бірінші жаттапты.

"Қазақстанда шай – тек ішетін сусын емес, ол дәстүр және қонақжайлық, адамдарды жақындастыратын себеп. Бұрын мен кофені жиі ішетін едім, қазір шайды көбірек ішемін. Себебі жолдасымның үйінде де, туыстары да шайды жиі ішеді, шай үстінде жиналады. Бірақ Руслан шайды ұнатпайды, сонда біздің отбасымызда мен ғана шай ішемін", – дейді ол.

Ксенияның ата-анасы Санкт-Петербургке көшіп келіңдер, бізге жақын болыңдар дейді екен. Бірақ қинау, мәжбүрлеу жоқ. Ксения өзі сияқты жағдайдағы қыздарға “берілмеңіздер” деп кеңес айтты.

"Бастапқыда барлық ата-ана қорқады, алаңдайды, сенімсіздік, күдік болады. Бірақ уақыт өте түсінеді және көз жеткізген соң алаңдамайды", – дейді Ксения.

Талқылау