Орынбор маңындағы ауыл тұрғындары үйлерін апаттан құтқарған бөгетті өздері салып алған
Ресейдегі Орынбор маңындағы ауыл тұрғындары үйлерін су тасқынынан құтқарып қалған бөгетті өздері салып алған. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Фото: gorodche.ru
Олар шамамен 3 миллион рубль (14 миллион теңгеден астам) жинап, бес күн тәулік бойы жұмыс істеген. Бөгеттің ұзындығы – 1,5 шақырым.
Тұрғындардың айтуынша, олар әкімшіліктен ешқандай көмек алмаған. Сондай-ақ тұру ережесін бұзғаны үшін төтенше жағдай кезінде берілетін төлемді де алмаған. Олардың сөзінше, тіпті кейбір шенеуніктер оларды рұқсатсыз жұмыс істеп, бөгет салғаны үшін жазалаймыз деп қорқытқан.
Таңғы 8:00-дегі жағдай бойынша Жайық өзеніндегі су деңгейі 776 см болып тұр, яғни су 8 см көтерілген.
Айта кетейік, Қазақстанның су ресурстары және ирригация министрлігі Ресей президентінің Орал федералдық округі бойынша өкілі Владимир Якушевтың су жіберуге қатысты мәлімдемесін жоққа шығарған еді.
"Тобыл өзеніндегі су Ресейден келеді. Тиісінше, суды ағызу туралы шешім Ресейден келетін ағындар негізінде қабылданады. Сондықтан Ресейдегі су тасқынына Қазақстан әсер етеді деу дұрыс емес. Бұл шындыққа жанаспайды", – делінген министрлік хабарламасында.