Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"Ресейден судың үлкен көлемі келе жатыр": Орал әкімі Миржан Сатқанов халыққа видеоүндеу жасады

Ресейден келетін су ағынының артуына байланысты Оралдағы Жайық өзені деңгейі 8 метрге жуықтады. Осыған байланысты Орал қаласының әкімі халықты шұғыл эвакуациялауды бұйырды. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.

Фото: Төтенше жағдайлар министрлігі

“Құрметті оралдықтар, баршаңызға белігі, қалада Жайық өзенінің көтерілуі күрделі жағдай болып отыр. Мамандардың айтуынша, Ресейден судың үлкен көлемі 2-3 күнде Оралға жетеді. Қауіпті деңгей 8,5 м болса, қазір Жайықтың деңгейі 8 метрге жақындады. Су тасқынына орай, жергілікті атқарушы органның және төтенше жағдай қызметтерінің барлық ресурсы тартылды. Қазір 350 арнайы техника, 2 мыңға жуық адам жұмылдырылды. Сондай-ақ өзге өңірлерден, облысымыздың аудандарынан келген әскери қызметшілер және еріктілер бұл жұмысқа белсене атсалысып жатыр. Ең бастысы азаматтардың амандығы”, – деді Миржан Сатқанов.

Қала әкімі әсіресе Жайық маңындағы елді мекендер мен саяжайларды су басу қаупі жоғары екенін айтты. Атап айтқанда Куриный, Старица, Коминтерн аудандарының халқын дереу эвакуациялау қажет.

“Өзіңіздің және жақындарыңыздың өмірін қауіпке тікпей, шұғыл ағайын-туыстарыңыздың үйіне орналасыңыздар. Уақытша баратын үй болмаса, Оралда эвакуациялық орталықтар жұмыс істейді. Олар халықты күні-түні үздіксіз қабылдайды. Сұрақтар бойынша 24-05-70 нөміріне хабарласуға болады. Эвакуацияны қазірден бастаңыз”, – деді Миржан Сатқанов. 

Бұған дейін 17 сәуірде Жайық өзенінде су тасқынының шарықтау шегі басталатыны хабарланған еді. 

Оралды су басу салдарынан хайуанаттар бағындағы жануарлар эвакуацияланды.

Талқылау