Оралда автогаз тапшылығы туындап, жүргізушілер ұзын-сонар кезекте тұруға мәжбүр
Фото: uralskweek.kz
24 маусымда Оралдағы жанар-жағармай құю бекеттерінде сұйытылған газ ашық сатылымнан алып тасталды. Енді автокөліктер ұзын-сонар кезекке тұрып жатыр. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі Уральская неделя басылымына сілтеме жасап хабарлайды.
Көлік жүргізушілері кезекте екі сағаттан аса уақыт тұрып, газды тек талонмен беріп жатқанын айтты.
Энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасының басшысы Мирас Мүлкайдың айтуынша, бұл мәселеге Павлодар мұнай-химия зауытындағы жоспарлы жөндеу жұмыстары себеп болған.
Оның айтуынша, сұйытылған газ Чинарев газ өңдеу зауытынан жеткізіліп келеді. Кәсіпорын тәулігіне 80-100 тонна аралығында газ өндіреді және осы уақытқа дейін облысқа газ үздіксіз жеткізіліп тұрған.
Алайда Павлодар мұнай-химия зауыты уақытша тоқтап қалған соң, үкімет Чинарев зауытынан шығатын газдың бір бөлігін Ақтөбе мен Қостанай облыстарына бағыттауға шешім қабылдаған. Енді бұл зауыт сол өңірлерге де газ жөнелтіп жатыр.
“Зауыттың өндірістік қуаты артпаған, яғни бұрынғыдай көлемде газ алып отыр. Сол себепті тапшылық пайда болған. Батыс Қазақстан облысына қосымша 832 тонна газ бөлінгенімен, бұл да жеткіліксіз болып отыр. Нәтижесінде жанармай бекеттерінде газ тапшылығы байқалып жатыр”, – деді Мирас Мүлкай.
Сұранысты өтеу үшін өңірге қосымша көлемдер жіберілді:
- 21 маусым күні – "Жайықмұнай" ЖШС-нен 324 тонна;
- 23 маусым күні – "CNPC-Ақтөбемұнайгаз" АҚ-нан 468 тонна;
- 26 маусымда – 256 тонна газ темір жол арқылы жеткізілуі тиіс.
"Әдетте мұндай жағдайларды екі-үш күнішінде реттеп, қалыпқа келтіреміз. Бұл жолы да газ тапшылығын сол уақыт аралығында шешеміз деп ойлаймын", – деді Мирас Мүлкай.
Айта кетейік, бұған дейін Алматы мен Талдықорғандағы Qazaq Oil жанармай құю бекеттерінде бензин қымбаттағаны туралы жазған едік.

"5 балам бар": Алматыда хостелдегі 13 адамның өліміне қатысты сотта айыпталушы бас бостандығынан айырмауды сұрады
