Кедейліктің шегі төмендеді деп билік жағдайы төмен отбасылардан жәрдемақыны қайтаруды талап еткен
Оралдың 254 тұрғынына жалпы саны 19 миллион теңгені құрайтын жәрдемақы ақшасын қайта мемлекетке қайтару туралы ақпарат келген. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі "Уральская неделя" басылымына сілтеме жасап хабарлайды.
Фото: uralskweek.kz.
"Мой город" басылымының редакциясына Орал қаласының тұрғындары шағымданып келіпті. Олардың айтуларынша, мемлекет жәрдемақаны қайтару туралы ескерту алған отбасылар бір айдың ішінде соманың барлық көлемін төлеуі міндетті екен көрінеді. Әйтпесе, жергілікті билік олардың сотқа береді деп хабарлаған.
Бұл туралы Орал қаласының жұмыспен қамту бөлімі мен қоғамдық бағдарламалар жетекшісі Әсия Құрманқұлова хабарлады. Сөзінше, бұл бастаманың көтерілу себебі ресми түрде кедейлік шегінің төмендеуіне байланысты екен.
Осы жылдың 1 қазанынан бастап кедейлік шегі 19 893 теңгені құрапты, ал бұған дейін оның мөлшері 20 789 теңге болған. Осының себебінен мемлекет бұрын төленген жәрдемақыны қайтаруды талап етіп отыр. Яғни, әлеуметтік жағдайы төмен отбасылар осы уақытқа дейін алып, құртып үлгерген ақшаны қайтаруға міндетті.
"Сәуір айының басында АӘК алу үшін құжаттар тапсырған кезде бір тоқсан есепке алынды. Бұл —қаңтар, ақпан, наурыз. Өтініш білдіргендердің бір бөлігі сол кезде жұмыс істеді, екінші бөлігі енді ғана тұрды. АӘК бекіткенде табыс кедейлік деңгейінен төмен болды. Сәйкесінше, жәрдемақы сондай отбасыларға берілді. Мемлекет кедейлік деңгейін төмендеткен соң, кейбір отбасылар АӘК алатындардың қатарынан шығарылды. Отбасының табысы көбейген жоқ, бірақ кедейліктің деңгейі төмендетілгеннен кейін табыстың мөлшері оларға жәрдемақының бұл түрін әрі қарай алуға мүмкіндік бермейді. Әр тоқсан сайын төлемдерді қайта қарап шығу табыстың жақсы не нашар жаққа қарай өзгергенін анықтау үшін жасалады", — деп түсіндірді Әсия Құрманқұлова.
Ал сәуір айынан бастап әлеуметтік көмек ретінде жәрдемақы алып, ақшаны өз қажеттіліктеріне жұмсап үлгерген отбасылар биліктің бұл шешіміне қатты наразы. Айтуларынша, мемлекет бұл көмекті тоқтатып қана қоймай, ақшаны қайтаруды сұрап отыр. Көпшілігі бір айдың ішінде бірнеше мыңды құрайтын соманы қайдан табатынын білмей бастары қатып отырған көрінеді.
"Мой Город" редакциясының басылымына бірнеше ай бойы АӘК-ні алып келген әйелдер мұңын шақты. Олардың барлығы жақында ғана төлемнің тоқтатылатыны жайлы хабарлама келген. Әр әйел бюджетке белгілі бір соманы қайтаруға міндетті.
Орал қаласының тұрғыны Жансая Наурызова екі баланы асырап отыр, кішкентай қызы ДЦП-мен ауырады. Ол төрт айдың ішінде атаулы әлеуметтік көмек алған. Ай сайын 45 мың теңге алып отырған әйел енді мемлекетке 180 мың теңге көлемінде ақша қайтаруы тиіс. Әйелдің мұндай ақшасы жоқ.
"Мен төрт ай көлемінде АӘК алдым. Тамызда маған хабарласып, әлеуметтік көмектің тоқтатылғанын, мемлекетке 180 мың теңге қайтару керек екенімді айтты. Жалдамалы пәтерде тұрамыз, екі баланы тәрбиелейміз, кішкентай қызым ДЦП-мен ауырады. Оның емі үшін қаражат жинай бастадық, бізге қараша айының соңына дейін үлкен сома жинау керек, сонымен қатар, 180 мың теңгені қайтару керекпін. Менде мұндай ақша жоқ. Төлемесем, жұмыспен қамту орталығының қызметкерлері мені сотқа береді, банк карталарын бұғаттап тастайды. Жолдасым ғана жұмыс істейді. АӘК берген кезде ол күзетші болып жұмыс істеп, 60 мың теңге көлемінде айлық алатын. Қазір вахталық әдіс бойынша Ақсай қаласына жұмысқа орналасты. Әлі жалақы алмады, қызымыздың жәрдемақысына өмір сүріп жатырмыз", — дейді Жансая Наурызова.
Қаланың тағы бір тұрғыны Әсел Жұманиязованың айтуы бойынша, ол АӘК-ні осы жылдың сәуір айынан бастап алады. Жәрдемақы берілетіні белгілі болғанда оның жолдасы вахталық әдіспен жұмысқа орналасты.
"Менің үш балам бар, АӘК-ні төрт ай алдым. Құжаттарды тапсырған кезде жұмыспен қамту бөліміне күйеуімнің вахталық әдіспен жұмысқа орналасып жатқанын, жалақысы көтерілетінін айттым. Олар маған барлығы дұрыс, мұның жағдайды ушықтырмайтынын айтты. БЖЗҚ-дан көшірмені алып келуімді сұрады. Төлемнің тоқтатылғанын кездейсоқ біліп қалдым. Бірден жұмыспен қамту бөліміне келіп едім, олар шілде айында табыстың өскенін және ақшаны қайтаруға міндетті екенімді түсіндірді. Ешкімнен ешнәрсе жасырмадым. Менің 90 мың теңгем жоқ, күйеуім жұмыс істемейді. Баламыздың 19 мың теңгелік жәрдемақысына және күйеуім тапқан тиын-тебенге өмір сүреміз. Балалардың киетін киімі жоқ, қыс келе жатыр", — дейді әйел.
Фируза Бисембаева күйеуімен бірге төрт баланы бағып отыр. Оған да төлем жүргізуді қойған. Әйелдің сөзінше, жұмыспен қамту орталығы онымен жыл бойы АӘК төлетіні жайлы келісімшартқа отырған.
"Мен 85 мың теңге қайтару керекпін. Менде ондай ақша жоқ. Жолдасым жалғыз өзі жұмыс істейді, жалақысы ешнәрсеге жетпейді. Әр тоқсан сайын жолдасымның жұмыс орнын ауыстырғаны жайлы анықтама өткізуге міндетті екенімді айтқан жоқ. Телефонды, мекен-жайды ауыстырсақ, жүкті болсам хабар беруімізді сұрады. Жолдасым жұмыс істейді деген анықтаманы әкеліп тұруды ескерді. Бұл жерде біздің қатеміз жоқ, неге біз қиналу керекпіз? Қызымның балабақшасын қалай төлейтінімді білмеймін. Тәрбиешілер ақша төлеуімді сұрап, маған ұрысып жатыр", — деді Фируза Бисембаева.