Оралда 15 жастағы қызды пойыз басып кетіп, аяғынан айырылды
Оралда 15 жастағы қыз пойыз басып кетіп, аяғынан айырылды. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі Мой Город хабарлайды.
Фото: mgorod.kz
Қайғылы оқиға 2024 жылдың 27 қыркүйегінде болған. 15 жастағы Аруна үйінен қалаға бара жатқан жолда оны пойыз қағып кеткен. Зардап шеккен қыздың анасы Әсия Түкжанованың айтуынша, қазір Арунаның оң аяғы мен сол аяғының бас бармағы кесілген. Оған үш күрделі ота жасалып, әлі ауруханада жатыр.
“Сол күні жұмыста едім, телефон шырылдады, қызымды тепловоз қағып кеткенін айтты. Мен бірден жүгіріп бардым. Қызым аяғына қарамауымды өтінді. Жанында фельдшер көмек көрсетіп жатты. Арунаның өзі аяғын рельстен көтеріп, жанына қойып, үстіне күртешесін жауып қойыпты”, – дейді қыздың анасы.
Қазір дәрігерлер қызды ауруханадан шығаруға дайын, бірақ ол үйіне қайта алмайды. Себебі үйде күнде пойыздың гүрілдеген дауысы естіледі. Отбасының жеке баспанасы жоқ. Олар үш жыл бұрын ауылдан көшіп келген екен. Қыздың анасы темір жол ауруханасында лаборант болып жұмыс істейді, ал әкесі жұмысшы.
“Қызымды ауруханадан шығарып жатыр, бірақ үйге қайтқысы келмейді. Мұнда сағат сайын пойыздардың дауысы естіледі, ешқандай жағдай жасалмаған. Дәретхана сыртта, жуынатын жер жоқ. Біз жалдамалы пәтер іздеп жатырмыз, бірақ әзірге таба алмадық. Аруна мектеп пен ауданды ауыстырғысы келмейді", – дейді Асия.
Аруна білім алатын №26 мектептің директоры 50-ден астам оқушының мектепке келу үшін темір жолды кесіп өтуге мәжбүр екенін айтады.
“Саяжайларда тұратын 50-ге жуық оқушы, сондай-ақ Хлебзавод аялдамасына жақын орналасқан үйлердің балалары осы темір жолдар арқылы мектепке барады. Мұндай қайғылы оқиға бірінші рет болып тұр, бірақ балалар әлі сол жол арқылы мектепке барады. Ешкім қауіпсіздікті ойлап жатқан жоқ. Көпірді жөндегенде де жаяу жүргіншілер баспалдағы қосылмаған. Кейін белгілі болғандай, Арунаға №7 орта мектептің жетінші сынып оқушысы көмектескен. Ол скутермен өтіп бара жатып, рельстердің жанынан жаралы қызды көріп, жолдан басқа шақыртуға бара жатқан жедел жәрдем көлігін тоқтатып алған. Соның арқасында Аруна аман қалды", – дейді №26 орта мектептің директоры Ләззат Қастуғанова.
Оқушылардың ата-аналары бұл теміржол бойында жарықтандыру да, камера да жоқ, қаңғыбас иттер көп, нашақорлар мен маскүнемдер жиі жиналатынын айтады.
Қызды қағып кеткен тепловоз "Вест Транс Сервис" ЖШС-не тиесілі. Компания директоры Құрманғазы Қажиденов қайғылы оқиғаға қатысты пікір білдіріп, келісімшарт аясында отбасыға көмектесуге және пәтердің жалдау ақысын төлеуге дайын екендіктерін атап өтті.
“Біздің компания нарықта екі жылдан астам уақыт жұмыс істеп келеді, мұндай оқиға бірінші рет болып отыр. Қазір тергеу амалдары жүргізілуде. Бойжеткен қауіпсіздік ережелерін бұзған. Егер ереже бойынша жол бойымен жүрсе, ол рельстерден бес метр қашықтықта болуы керек еді. Тепловозда бақылаушылар болған, бірақ олар қызды көрмеген, сондықтан тоқтамаған", – деді Құрманғазы Қажиденов.