Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар
Басты жаңалықтар

Орал тұрғыны гүл мен шоколадты құлпынай үшін 500 мың айыппұл төлеген

Фото: Әлеуметтік желіден алынды

Орал қаласында пробация қызметінің инспекторына гүл шоқтары мен шоколадты құлпынай жіберген азаматшаға қатысты үкім шықты. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.

Орал қаласының Әкімшілік құқық бұзушылықтар жөніндегі мамандандырылған сотында Әкімшілік Кодекстің 676-бабы бойынша азаматша Б-ға қатысты әкімшілік іс қаралды.

Сотта анықталғандай, азаматша Б қылмыстық кодекстің 190-бабының 3-бөлімі бойынша пробация қызметінде есепте тұрады. Ол өзінің пробация қызметінің инспекторы К-ның туған күніне орай курьер арқылы гүл шоқтары мен шоколадқа батырылған құлпынай жіберген.

“Әкімшілік кодекстің 676-бабына сәйкес, жеке тұлғалардың мемлекеттік функцияларды орындауға уәкілетті адамдарға немесе оларға теңестірілген тұлғаларға заңсыз материалдық сыйақы, сыйлықтар, жеңілдіктер не қызметтер көрсетуі, егер бұл әрекеттер қылмыстық құқық бұзушылық белгілерін құрамаса, екі жүз айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде айыппұл салуға әкеп соғады. Сонымен қатар, "Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл туралы" Заңның 12-бабына сәйкес, мемлекеттік жауапты лауазымдарды атқаратын және мемлекеттік функцияларды орындауға уәкілетті тұлғалар, өз өкілеттіктерін жеке, топтық немесе өзге де бейқызметтік мүдделерде пайдалануға жол бермеу мақсатында сыбайлас жемқорлыққа қарсы шектеулерді қабылдайды”, – делінген хабарламада. 

Сот отырысында азаматша Б кінәсін толық мойындады. Сот іс материалдарын зерттей келе, оның әрекетін заңсыз деп тауып, оған 550 480 теңге көлемінде әкімшілік айыппұл салды.

Қаулы заңды күшіне енген жоқ.

Дана Русланқызы
Сейсенбі, 13 Мамыр, 2025 19:25
Талқылау