Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Оңтүстік өңірлерде су тапшылығы: Су ресурстары министрлігі қандай шара қабылданатынын айтты

Фото: freepik.com

Биыл еліміздің оңтүстігінде тағы да су тапшылығы болатыны айтылған. Осыған байланысты Су ресурстарын реттеу, қорғау және пайдалану комитеті қандай шара қабылданып жатқанын айтты. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.

Орталық коммуникация қызметіндегі брифингте комитет өкілінен су тапшылығы жағдайында министрлік тарапынан егіншілерге нақты қандай көмек көрсетілетіні сұралды. Комитет өкілі әуелі оңтүстік өңірлерде су қоймаларында жиналған жалпы су көлеміне тоқталды. 

“10 сәуірдегі жағдай бойынша оңтүстік өңірлерде су қоймаларында жиналған жалпы су көлемі 26 миллиард текше метр. Бұл бес облыс пайдаланатын негізгі су қоры. Аралық Сырдария бассейнінде су көлемі 7,4 миллиард текше метр. Бұл өткен жылмен салыстырғанда жоғары. Шу-Талас бассейнінде шамамен 1 миллиард текше метр су жиналған. Бұл да өткен жылдан 200 миллион текше метрге артық. Ал Шардара су қоймасы жобалық көлеміне дейін толтырылған”, – деді комитет өкілі.

Комитет өкілінің айтуынша, бұл су көлемі ауыл шаруашылығы тауар өндірушілерін сумен қамтамасыз етуге бағытталған.

Сонымен қатар қазір Өзбекстанның Бұқара қаласында Сырдария бассейні бойынша су шаруашылығы комиссиясының отырысы өтіп жатыр екен. Онда алдағы кезеңге арналған су ағынының нақты көлемі айқындалады дейді.

Комитет мәліметінше, су тапшылығының алдын алу үшін бірқатар шектеу шаралары да қабылданған.

“Ауыл шаруашылығы министрлігінің жол картасына сәйкес, суды көп қажет ететін дақылдардың егіс көлемі қысқартылды. Мәселен, Достық каналы бойындағы Мақтаарал және Жетісай аудандарында күріш егістігі 3 500 гектардан аспауға тиіс. Қызылорда облысында күріш алқабы 70 мың гектармен шектелген. Бұл шаралар су тапшылығы тәуекелін азайтып, шаруалардың судан тарығуын болдырмауға бағытталған”, – деді комитет өкілі.

Айта кетейік, бұған дейін Оңтүстік өңірлерде су тапшылығы болмас үшін оны тұтыну лимиттері бекітілгені туралы жазған едік.

Нұрила Жұмаділлә
Жұма, 10 Сәуір, 2026 12:16