Науқастар томотерапияны қайта қаржыландыруды сұрайды
Фото авторы: Валерий Калиев
Қазақстанда онкологиялық ауруларды емдеудің маңызды әдістерінің бірі – томотерапия бұдан былай қаржыландырусыз қалды. Денсаулық сақтау министрлігінің 1 қазаннан бастап күшіне енген бұйрығы бұл технологияны жоғары технологиялық медициналық қызметтер тізімінен алып тастаған. Соның салдарынан ондаған науқас пен олардың дәрігерлері дабыл қақты.
Мәселе Астанада өткен Ұлттық баспасөз клубындағы жиында көтерілді. Мамандардың айтуынша, бұл шешім науқастардың өмірін айтарлықтай қиындатпақ. "Үміт" Халықаралық онкологиялық томотерапия орталығының директоры Ерлан Шаяхметов қазіргі жағдайдың салдарын ашып айтты.
Фото авторы: Валерий Калиев
"Министрлік бұйрық шығарған соң томотерапияны клиникалық-шығынды топтар (бұдан әрі - КШТ) жүйесіне ауыстырды. Бірақ жаңа тәртіп бойынша төлем мен мемлекеттік тапсырыс тетігі бекітілмеген. Соның кесірінен біздің орталықта 57 науқас, оның ішінде жеті бала емін аяқтай алмай шықты. 6 қазаннан бастап біз тегін қызмет көрсетуді толық тоқтатуға мәжбүр болдық", – дейді ол.
Орталық басшысының айтуынша, томотерапия – сәулелік терапияның ең дәл әрі тиімді әдістерінің бірі, әсіресе, балалар онкологиясында. Бұл технология Қазақстанда 2019 жылы жеке инвестиция есебінен енгізілген.
"Біз Accuray компаниясының америкалық құрылғысын орнаттық, ғимаратты өз қаржымызға салып, физиктер мен дәрігерлерді АҚШ пен Үндістанда оқыттық. Екі рет халықаралық GSI стандартының аудитінен өттік. Енді осының бәрін тоқтатуға тура келіп отыр. Мемлекеттік тарифтің арқасында науқастар күніне төрт рет тамақ алып, персонал еңбекақысы уақтылы төленіп келді. Қазір бұл жүйе күйреді, – дейді Шаяхметов.
"Бұл балалардың аман қалу мүмкіндігін азайтады"
Жиынға Ресейдің Д. Рогачев атындағы Ұлттық медицина орталығының сәулелік терапия бөлімшесінің жетекшісі Алексей Нечеснюк қатысып, Қазақстандағы жағдайға алаңдаушылығын білдірді.
Фото авторы: Валерий Калиев
"Мен бұл жаңалыққа таңғалдым. Бізде өткір лейкозбен ауырған балаларды емдеу кезінде кемік майының тұтас жүйесін сәулелендіру әдісін қолданамыз. Мұны тек томотерапия сияқты технология арқылы ғана жасауға болады. 640 баланың шамамен 60%-ы осының арқасында аман қалды. Егер Қазақстанда бұл әдіс тоқтатылса, көптеген бала өмір сүру мүмкіндігінен айырылады, – деді ол.
Ресейлік маман өз ісіне адал екенін сөз ырғағынан білінді. Ол қолы дірілдеп, балалрдың ем-домсыз қалатынына қатты алаңдаған.
Науқастар не дейді
Онкологиялық аурумен күресіп жүрген Серік Доскенов те өз тәжірибесін бөлісті. Ол томотерапияның нәтижесін көзімен көргенін айтады.
Фото авторы: Валерий Калиев
"Бір күні орталыққа ертерек келіп едім, балалардың ем алып жатқанын көрдім. Сол сәт жүректі ауыртты. Конституцияда әр азаматтың денсаулығын сақтауға және тегін медициналық көмек алуға құқы бар делінген. Ал қазір бұл құқық шектеліп жатыр. Қазір мемлекеттің қаржыландыруынсыз екінің бірі өз қалтасынан сәулелі ем-домға ақша таба алмайды. Жарайды мен зейнеткермін, Құдайға шүкір туған-туыстарым мен балаларым көмектесті. Бірақ басқа азаматтар мұндай ақшаны қайдан табады? Бюджет қызметкерлері, көпбалалы аналардың жағдайы тіптен нашар ғой. Онкологиялық аурудың емінің ерекшелігі сол: ол жерде емдеу хаттамасын ауыстыра беруге болмайды. Ал басқа орталықтарда "Үміттегідей" технология жоқ. Біз министрліктен осы көмекті қалпына келтіруді сұраймыз", – дейді ол.
Семейден келген Нұрсұлу Ғалиеваның күйеуі ауыр дертке шалдыққан. Қазір орта жасқан асқан кісі "Үміт" орталығының пациенті.
"Әдеттегі химиятерапия өте ауыр. Ал басқа онкологиялық орталықтарда науқастардың бәрі де көршілес жатады. Ал енді өзі ауырып тұрған адамның жанына өзі сияқты жігері құм болған адамды жатқызып қойсаң – ем қалай қонсын!? Ал "Үміт" орталығына күйеуіміз екеуіміз барамыз да, сәулелі емін алып, қайтып келеміз. Ем-домның жақсы түрі. Бірегей емдеу әдісі қалыптасқан. Мамандары қандай тамаша!? Командасы мобильді әрі жақсы қызмет көрсетеді. Біз мемлекетке қажет екенімізді білсек, көрсек, сезсек дейміз!" – дейді Нұрсұлу Ғалиева.
Фото авторы: Валерий Калиев
Мамандар не сұрайды
Қаржыландыру тоқтаған соң жеке клиникаларға, мемлекеттік мекемелерден айырмашылығы, бюджеттік төлемсіз емдеуді жалғастыруға мүмкіндік бермейтін жағдай туғызады. Орталық білікті радиологтар мен медициналық физиктерді ұстап қала алмайды. Бұл мамандарды даярлау жылдар бойы жүргізіледі. Соның салдарынан шетелге кадр кетуі және ұлттық радиотерапия саласының әлсіреуі мүмкін. Жаңа есеп бойынша тарифі 70%-ға қысқарған. Бұл орталықтың жұмысын залалды етіп, жабдықтарды күтіп ұстауға, мамандар еңбекақысын төлеуге мүмкіндік бермейді.
Мамандар Денсаулық сақтау министрлігінен бірқатар мәселені қарастыруды сұрайды. Атап айтқанда, томотерапияны жоғары технологиялық медициналық көмек (ЖТМК) тізіміне қайтаруды, жеке медициналық ұйымдардың шығындарын ескере отырып, ашық тариф белгілеу керек дейді. Одан бөлек, 2025 жылдың төртінші тоқсанына дейін мемлекеттік тапсырыс пен төлем тетігін бекітуді, құрылғыларды техникалық қызмет көрсету және амортизация шығындарын өтеу жолын анықтауды өтінеді.
Шаяхметовтің сөзімен айтқанда, бұл тек орталықтың емес, елдегі жүздеген онкологиялық науқастың тағдырына әсер ететін шешім болып отыр.

Қазақстандық көпбалалы ана "Асар Уме" қайырымдылық қорын апатты үй берді деп айыптады
