Өңірлерді газбен қамту қарқыны өте төмен - Әлихан Смайылов
Үкімет отырысында премьер-министр Әлихан Смайылов халықты газбен қамтудағы негізгі проблемаларды атады деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі.

Фото: tengrinews.kz
“Астана қаласы, Қарағанды және Ақмола облыстарының тұрғындарын көптен күткен газға қосу қарқыны өте төмен деңгейде қалып отыр. Бұл өңірлердің тұрғындары газ тарату желілері жоқ, рұқсат құжаттарын алу қиын және газға қосылу қымбат деп шағымданады. Мысалы, Алматы облысының Биғаш ауылында тұрғындарға газ өткізуге 10 жыл бойы уәде беріліп келеді. Түркістан облысының Төлеби ауданындағы Алшалы ауылының тұрғындары да бірнеше жылдан бері көгілдір отын күтіп жүр. Батыс Қазақстан облысының Зеленое ауылында газ 2014-ші жылы өткізілген, бірақ осы күнге дейін әкімшілік ғимараттар ғана қосылған”, - деді премьер-министр Әлихан Смайылов.
Үкімет басшысы ауылдық елді-мекендерден басқа қалаларда да халықты газбен қамтамасыз етуде проблемалар бар екенін айтты.
“Нәтижесін өздеріңіз көріп отырсыздар, Астана әлі де "көк түтінге көміліп", ауаның ластану деңгейі бойынша әлемдік рейтингтерде көш бастап тұр. Алматыда екінші жылу электр орталығында жаңа бу-газ қондырғысын салу мерзімі кейінге шегерілуде. Өңір әкімдері мен "Қазақгаз" компаниясына осы мәселелерді ерекше бақылауға алу керек. Халықпен етене жұмыс істеп, барлық мәселелерді шешу қажет”, - деді Әлихан Смайылов.
"Бізден 100 есе жоғары алады": Қазақстан мен шетелдік дәрігерлердің жалақысын салыстырып көрдік