"Ондаған миллиард теңге қажетсіз жұмысқа босқа шашылды": BI Group өзін сынаған белсендіге жауап берді
Фото: BI Group
Қоғам белсендісі Санжар Боқаев Алматыдағы бірқатар жөндеу жұмыстарының негізсіз екенін айтып, видеоролик жариялады. Оның айтуынша, бюджеттен миллиардтаған теңге алатын BI Group компаниясы құрылыс пен жөндеу құнын қымбаттатып жібереді. Бұған еліміздегі ең ірі құрылыс холдингі ресми түсініктеме берді. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Әуезов атындағы театр
Санжар Бокаев сөзін қаланың ең маңызды мәдени нысандарының бірі Мұхтар Әуезов атындағы театрдан бастайды. Ол театр ғимараты 2024 жылға дейін жақсы күйде болғанын, "өте жақсы көрінгенін" айтады.
Оның айтуынша, фасадты тазалап, қаптамаға шлифовка жасап, проблемалы плиткаларды бекіту жеткілікті болған. Бюджет тапшылығы 6 трлн теңгеден асқан қазіргі уақытта нысанды жаңарту орынсыз. Жобаның құны оның мәліметінше 80 млрд теңгеге дейін жетуі мүмкін, бірақ ресми мәлімет әлі жарияланбаған.
Театр маңын абаттандыруға 2,5 млрд теңге бөлінген. Боқаевтың есептеуінше, 2 гектар = 200 сотық → әр сотыққа 12,5 млн теңге бөлінеді.
"Олар алтынмен көмкермек пе? Дағдарыстан шыққан соң 5–10 жылдан кейін жасауға болатын қажетсіз жұмысты неге қазір істейсіздер?" - дейді қоғам белсендісі.
Ол театрды жаңарту жұмыстарын BI Group жүргізетінін айтады.
"Қалқаман" ауруханасына жөндеу жүргізу
Видеода содан кейін Калқаман ықшамауданындағы №7 қалалық клиникалық аурухана көрсетіледі. Мұнда да ғимаратқа қайта жөндеу жұмыстары жүргізіліп жатыр. Бюджеттен 31 млрд теңге бөлінген. Мердігер BI Group, ал нақты жұмысты оның "Әлем Құрылыс" еншілес компаниясы жүргізеді.
"Барлық ірі тендерлерді BI Group ұтады. Бірақ компания өзі құрылыс жүргізбейді. Өзінің 30-40% маржасын алып, жұмысты басқа жеткізушілерге береді. Мен Айдын Рахимбаевқа айтарым, BI Group сіздер ар-9яты жоқ компаниясыздар, сіздер нашар компаниясыздар, өйткені сіздер барлық тендерді қымбат бағамен алып, шамадан тыс маржа жасайсыздар. Бұл салық төлеушілердің ақшасы. Осыны ойлап көрдіңіздер ме?", – дейді Боқаев.
39 млрд теңгеге БРТ желісі салынып жатыр
Одан әрі белсенді Райымбек даңғылына барады. Мұнда Қалқаманнан Саяхатқа дейін созылатын BRT желісі салынып жатыр. Жобаға 39 млрд теңге бөлінген. Құрылысты жүргізуші BI Group-тың еншілес компаниясы “Қазақжолқұрылыс”.
"BRT-ны салғанда өтімділік пен өткізу қабілетін өлшемеген. Автокөліктерге арналған жолдың өткізу мүмкіндігі нашарлаған. Ондаған миллиард теңге қажетсіз жұмысқа босқа шашылды. Жақсартпай, керісінше нашарлатып жатыр", - дейді ол.
BI Group ресми жауабында мемлекеттік тапсырыстар жүйесінің қалай жұмыс істейтінін мен жобалар құны қалай анықталатынын түсіндіреді.
"BI Group және оның бөлімшелері белгілі бір жобаларды бастауға немесе олардың мүддесін қорғауға қатыспайды. Кез келген нысанды (театр, мұражай, көпір, жол, аурухана, мектеп және т.б.) реконструкциялау немесе салу туралы шешімді мемлекеттік органдар қабылдайды", - делінген хабарламада.
Компаниялар саяси шешімдер қабылданатын кезде емес, тек конкурс рәсімі кезеңінде қосылады.
Компания өкілдерінің мәлімдеуінше, BI Group-тың бас мердігер ретінде таңдалуына әрдайым заңды конкурс процедуралары мен қатаң талаптар алғышарт болады. Олардың ішінде қаржылық тұрақтылық, команда біліктілігі, күрделі нысандарды салу тәжірибесі және құрылыс саласындағы сарапшылық қабілеті есепке алынады.
"Бұл жүйеде ешқандай “қолмен тағайындау” жоқ", - дейді компания.
"Үш сағат істейтінді бізде он минутта бітіреді": Германиядағы қазақ дәрігері сүндеттеу ісінде Қазақстан қалай алға кеткенін айтып берді