Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"Өмірге қайта келгендеймін": Шымкентте 5-қабаттан құлап кеткен ер адам тірі қалды

ер адам құлап кеткен

Видеодан скриншот

Шымкентте көпқабатты үйдің 5-қабатынан құлап кеткен 26 жастағы ер адам тірі қалды. Дәрігерлер оның өмірі үшін бірнеше сағат күрескен. Алғашқы сағаттарда оған бірден төрт шұғыл операция жасалды. Науқас бірнеше күн комада жатып, тек бесінші күні ғана есін жиған. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі Otyrar арнасына сілтеме жасап хабарлайды. 

"Айтсам, мен өмірге қайта келгендеймін. Төрт күн ес-түссіз жаттым. Кейін тағы бес күн реанимацияда болдым, содан соң палатаға ауыстырылдым. Құдайға шүкір, қазір жағдайым тұрақты", – дейді зардап шеккен жігіт.

Жарақаттар әртүрлі әрі өте күрделі болғандықтан, түрлі саладағы дәрігерлер бірігіп, науқастың зақымданған денесін қайта қалпына келтіруге мәжбүр болды.

"Науқаста ашық бас-ми жарақаты, ми шайқалуы, маңдай және төбе сүйектерінің ауыр зақымдары, сынықтары болды. Сонымен бірге Лефор I түріндегі жоғарғы жақ сүйегінің сынуы, көз шараларының қосжақты зақымдануы, бірнеше тісінің сынуы анықталды. Осыған байланысты оның жағдайы ауруханаға түскен сәтте аса ауыр деп бағаланды", – нейрохирург Рахым Мергенбай.

Қазір жас жігіт сауығу жолына түсті. Негізгі өмірлік функциялары қалпына келді, дегенмен алда оны тағы бірнеше операция мен ұзақ оңалту кезеңі күтіп тұр. Ең бастысы – ол өмірге екінші мүмкіндік алды.

"Операцияны шұғыл жасауға тура келді. Ол өте ауыр өтті, себебі сынулар күрделі болды. Мұндай жағдай медицинада "көптік жарақат" деп аталады. Абырой болғанда, операция сәтті аяқталып, қазір науқастың жағдайы тұрақталды", – дейді травматолог Данияр Оразбаев.

Назархан Уән
Дүйсенбі, 15 Қыркүйек, 2025 08:23
Талқылау