"Олимпиададағы қола медалімнің өзі маған алтынға бергісіз болды": Каратэші Софья Берульцева спорттық мансабы мен жүлделері жайлы айтып берді
Биылғы маусым ел каратэшілері үшін аса табысты өтті. Токио Олимпиадасында алғаш рет шымкенттік спортшылар Софья Берульцева мен Дархан Асаділов қола жүлдені ел қоржынына салды. Бұл – Олимпиада бағдарламасына тұңғыш рет енген спорт түріндегі алғашқы жетістігіміз. Сиыр жылында бабы мен бағы қатар шапқан Токио Олимпиадасының жүлдегері Софья Берульцева Stan.kz тілшісіне берген сұхбатында 2021 жылдағы жетістіктері туралы айтты.
– Софья, сізді Азия біріншілігіндегі күміс жүлдеңізбен құттықтаймыз. Кезекті жеңісіңіз туралы айтып берсеңіз.
– Құттықтауыңызға рахмет! Жазғы ойындардан соң босаңсып қалған жоқпыз. Өйткені алда әлі талай жарыстар күтіп тұрған болатын. Әсіресе Дубайда өтетін әлем чемпионатының маңызы ерекше еді. Бұл додада маған қола жүлде бұйырды. Қола медальдің өзі маған алтынға бергісіз болды. Әлем чемпионатынан кейін де дайындықтар жалғасты. Жаттығулар мен нәтижелі еңбектің арқасында тағы да жеңіс тұғырының екінші сатысына көтерілдім. Яғни Алматыда өткен құрлықтық біріншіліктің күміс жүлдесіне ие болдым. Бұл сайыста 68 келіден жоғары салмақ дәрежесінде бақ сынадым. Финалда жапондық Юдзуки Саваимен кездестім. Бір өкініштісі, қарсыласыма финалда есе жібердім.
– Сиыр жылы несімен есте қалды?
– Спортқа келген әр адамның арманы – Олимпиадаға қатысу, төртжылдық додасынан жүлде алу. Өз басым алғаш рет Олимпиадаға барған кезімді ешқашан ұмытпаймын. Алған әсер, ондағы эмоциялардың орны бөлек. Әлем және Азия чемпионаттарының да медальдарын сыйлаған жемісті жыл болғанын қуана айта аламын. Еңбектің жемісі де, жеңісі де ерекше. Бірінші кездесуде мұндай көрсеткішке қол жеткізгеніме қуаныштымын. Олимпиаданың қола жүлдесі – ол да үлкен жетістік. Дегенмен бұл көрсеткіштермен тоқтап қалмаймын.
– Биылғы жеңістер сізге не берді?
– Биыл спортсүйер қауым үшін ең басты оқиға – Токио Олимпиадасы болғаны баршаға мәлім. Мұндай ірі жарыста өз елімнің намысын қорғау – мен үшін үлкен құрмет. Олимпиадаға үлкен физикалық және психологиялық тұрғыдан дайын болып бардық. Мен үшін әр жарыс – өмірлік сабақ. Токио Олимпиадасы да кезекті сабақ болды. Медаль аламын, туымызды көкте жебіретемін деген мақсатпен бардым. Дубайда әлем чемпионатында өнер көрсету бақыты да бұйырды. Форманы жоғалтпауға, намысты қолдан бермеуге тырыстық. Франция, Украина, Түркия, Финляндия елінің спортшыларын жеңіп, жартылай финалға шықтым. Жартылай финалда Испания өкілі Мария Гарсияға ұпай санымен есе жібердім. Ал қола жүлдеге таласта сербиялық қарсыласымнан басым түстім. Бұл байрақты бәсекеден де түйгенім көп болды. Бұл алдағы додаларда қателіктермен күресуге мүмкіндік береді деп ойлаймын.
– Токио Олипиадасы демекші, сол байрақты бәсеке кезінде сіздің қазақша сөйлегеніңіз көпті сүйсіндірді…
– Балабақшада қазақ тобында болдым. Бірақ мектепте орыс сыныбында оқыдым. Ауладағы достарымның көбі қазақша сөйлейтін. Сол себепті анама "қазақ тілін үйренейін" деп өзім ұсыныс айттым. Анам репетитор тауып, тіл үйренуге көмектесті. Сол үшін анама ризашылығымды жеткізгім келеді. Жалпы елімізде өмір сүріп жатқан әрбір азамат мемлекеттік тілімізді білуі қажет. Бір қызығы, мектепте үздік оқушы болмасам да, қазақ тіліне деген қызығушылығым айрықша еді. Қазақ тілінен пәндік олимпиадаларға қатыстым. Ол үшін мектеп директоры үнемі қолдау көрсетіп отырды.
– Егер каратэші болмағанда Софья Берульцева қандай мамандықты таңдар еді?
– Өзім механика және мұнай-газ кафедрасының стандарттау және сертификаттау мамандығын оқыдым. Негізгі оқыған мамандығым бойынша әзірше жұмыс істеп жатқан жоқпын. Мүмкін, болашақта осы салада қызмет етермін. Бірақ қазіргі уақытта маған жақыны – спорт.
– Жаңа жыл мерекесін қалай қарсы аласыз? Барыс жылынан не күтесіз?
– Жаңа жыл – біздің отбасылық мерекеміз. Егер жарыстарда болмасам, отбасыммен қарсы аламын. Барыс жылынан тек жақсылық күтемін. Жаныма жақын жандарым мен туыстарым аман болсын! Еліміз тыныш болсын деймін! Келе жатқан жаңа жылдарыңызбен!

"Ізімнен қалмай, бөксемді ұстады": Елордалық қыз сауда орталығында келеңсіз жайтқа тап болғанын айтты
