"Оларға орталық ашу қажет": Астанада жеңгетайлықпен айналысатын әйел қыздардың неге жеңіл жүріске салынатынын айтып берді
Астанада жеңгетайлықпен ұсталған әйел жезөкшелікпен айналысатын қыздарға бас сауғалайтын орталық сұрады деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі “Еуразия” арнасына сілтеме жасап.
Түсірілімнен скриншот
Елімізде жезөкшелікке тыйым салатын заң жоқ. Сайт арқылы өздерін жарнамалауға мүмкіндік бар. Тек арада жеңгетай болғандар ұсталып, жазаға тартылады. Притон ұйымдастырып, жеңгейтайлықпен айналысқаны үшін он жылға дейін бас бостандығынан айырылу жазасы қарастырылған.
2021 жылы жеңгетайлықпен 18 адам сотталса, 2022 жылы 30 адам, ал 2023 жылы төрт адам істі болды.
“Жезөкшелерді жарнамалайтын Kyzdar.net сайтының әкімшісі құрықталды. Сайттың арқасында күніне жарнамадан екі млн теңгеге дейін кіріс түскен”, – деді ІІМ адам саудасымен күрес басқармасының аға жедел уәкілі Нұрбол Ашакулов.
Астаналық жеңгетай Маржанның жасы – 35-те. Айтуынша, 35-тен асқанда, қыздар жезөекше бола алмайды. Сондықтан олар жасы келгенде, жеңгетайлыққа көшеді.
“25, 27, 30 жастағы қыздар бар, бәрі өз еріктерімен келді. Бұл қызметпен айына 1,5-2 миллион теңгеге дейін табуға болады. Бұған дейін түрлі жұмыс істеп, пол жудық, официант болдық. Бірақ жезөкшелікпен тапқандай табысқа кенелмедім.Кейде бұл ісіме ұялатын кездер болады, ал көбіне ұялмаймыз”, – деді ол.
Бір қызығы – аталмыш притон ораза айында жұмыс істемеген.
Мамандардың айтуынша, қазір сайт кесірінен бұған тосқауыл жоқ.
“Сайт АҚШ-та тіркелген. Оны бұғаттағанның өзінде оның баламасы шығады”, – деп түсіндірді киберқауіпсіздік маманы Данияр Сыздықбеков.
Жеңгетай Маржан жезөкшелердің мәселесін толық айтып берді.
“Қаңғыбастарды да сауықтыратын орын бар, өмірде тауы шағылған бұл қыздарға да көмек керек. Құжаты жоқ, білімі жоқ қыздар басқа жерге жұмысқа алмағандықтан, бұл салаға амалсыз келеді. Арасында мектеп оқымағандар да бар. Егер сондай орталықтар болса, жезөкшелікпен айналысатын қыздар саны азайып, бір үйде ана болып отырар еді”, – деді ол.
Олардың айтуынша, жезөкшелікке көбіне ата-анасы қуып шыққан, бақытсыз, ажырасқан, оқымаған, жұмысы жоқ қыздар келеді.
Психолог-мамандар бұл жерден шығып, жаңа өмір бастау мүмкін екенін айтты. Бірақ ол үшін ерік-жігерді жиып, шын ниетпен тырысу керек.