Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"Олар менің ең сенімді адамдарым ғой?": Гүлмира Сатыбалды сотта куәгерлерге қойылған сұрақтарға қарсылық танытты

Алматының қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотында Гүлмира Сатыбалдыға қатысты сот отырысында Baur Kazakhstan компаниясында заңгер болып жұмыс істеген Дінмұхамед Жұмаділда жәбірленуші тараптың сұрақтарына жауап берді. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.

Фото: Stan.kzФото: Stan.kz

Айта кетеік, бұл сот процесінде экс-президент Нұрсұлтан Назарбаевтың жиені Қайрат Сатыбалдының бұрынғы әйелі Гүлмира Сатыбалдыға Қылмыстық кодекстің үш бабы бойынша құқық бұзушылық жасады деген айып тағылып отыр. Гүлмира Сатыбалдының бұрынғы күйеу баласы Абай Жүнісов оның нұсқауымен 2019 жылдың 13 ақпанынан шілдесіне дейін алты ай бойы өз еркінен тыс үйқамақта ұсталғанын айтып, сотқа жүгінген. Сонымен қатар ол Қайрат Сатыбалдының бұрынғы әйелін олардың ортақ бизнесі – Baur Kazakhstan АҚ активтерін тартып алды деп айыптап отыр. 

Сот процесі 3 маусымда басталды және әлі жалғасып жатыр. Бүгінгі сот отырысында бұрын Сатыбалдының компаниясында заңгер қызметін атқарған Дінмұхамед Жұмаділда сөйледі. Ол 2016-2017 жылдары әуелі "Ария Жаңа Астана" компаниясында, кейіннен Baur Kazakhstan-да жұмыс істеген. Ол 2019 жылы жәбірленуші Абай Жүнісовпен қандай байланысы болғанын айтып берді.

“Абай Жүнісов үйқамаққа жабылған соң бір-екі күнде жиналыс болды. Оған топ менеджмент құрамы және Baur Kazakhstan қызметкерлері қатысты. Сол жерде көп адамды жұмыстан шығарды. Басында мені де шығарды, кейін аты-жөнімді сұрап, заң бөлімінің басшысымын деген соң мені қалдырды. Қабенов вице президент қызметінде қалды. Оның себебі осы болып жатқан оқиғалар есебінен түсіндірілді”, – деді Дінмұхамед Жұмаділда.

Әрі қарай жәбірленушінің адвокаты Рашид Теңізбаев сұрақ қойып отырды. 

Адвокат: – Гүлмира бұның бәрін не деп түсіндірді?

Дінмұхамед: – Жұмаділда: Былай ашып ештеңе айтпады.

 – Жиналыста Жүнісовтың ақша алғаны туралы сұрақ туды ма?

 – Сөз арасында айтылғаны болмаса, нақты айтылған жоқ.

 – Гүлмира тарапынан қандай да бір дәлелдер көрсетілді ме?

 – Жоқ, көрсетілмеді.

 – 2019 жылы ақпан айынан бастап қандай да бір аудит жүрді ме?

 – Жоқ, Sigma компаниясында аудит жүрді.

 – Құрылтайшыcы кім еді?

 – Есімде жоқ, басқа адам арқылы құжаттарды беріп жіберетін едік.

 – Жүнісов қамауда отырғанда қай күні келдіңіз?

 – Есімде жоқ, директор кеңесін ауыстыруға қол қойдыруға бардым.

 – Хаттаманы кім жасады?

 – Ақпан айында екені есімде, 14-інен кейін шамамен. Хатшы ретінде Диана Құрманалиева тұрды.

 – Жаңа құрам неге жасақталып жатқанының себебі қалай түсіндірілді?

 – Жалғыз құрылтайшы Жүнісов болғандықтан басқа адамның келісімі керек болмады. Дайын құжатты алып Жүнісовке бардым, кімнен келгенімді түсіндірдім, ол қол қойып берді. Мен дайын құжатпен баратынмын және алдын ала Жүнісов келісетін-келіспейтінін анықтап баратынмын.

 – Райымбек Ғазимовтың келісімі болды ма?

 – Ол директорлар кеңесіне қатысты бір құжатқа қол қойғанын білгем.

 – Куәгер түсіндіріңізші, Жүнісовтың үйіне қалай тап болдыңыз?

 – Бармас бұрын Батыршаевқа хабарласатынмын, кейіннен ол хабарласып, келісім беретін. Солай кіретінмін.

 – Күзетшілер кіргізетін бе еді?

 – Алдын ала хабарласқан соң білетін. Барғанда домофонның қоңырауын басамын,

 – Телефонды қайда қалдыратын едіңіз?

 – Есімде жоқ, әр кез көлікте қалдырып жүрген сияқтымын.

Сөз арасында бүгінгі сотқа онлайн қатысқан айыпталушы Гүлмира Сатыбалды сөйлеп қалды. Ол куәгерлерге қойылған “Қандайда бір қысым көрдіңіз бе?” деген сыңайдағы сұрақтарға наразы болды.

“Олар менің құдам ғой. Олар (Абай және Қасым Жүнісовтер – ред) менің ең сенімді адамдарым ғой?” – деп наразылық білдірді Гүлмира Сатыбалды.

Сонымен қатар куәгер, заңгер Жұмаділда Гүлмира Сатыбалдының тапсырмасын ғана орындағанын айтты.

“Осы тапсырма келгенде бүкіл құжатты қарап шықтық. Сол кезде Baur Kazakhstan-ның Жүнісовке бір миллиардтан жоғары қарыз болғаны белгілі болды. Кейіннен осы қарызды Гүлмира Сатыбалдының атына ауыстыру тапсырмасы берілді, сосын мен сол құжаттарды дайындадым. Акциялар аударылған жоқ, тек құжат жасалды және оған қол қойылған жоқ Мұны маған Айгүл Мекешова тапсырды. Ол 2016-2017 жылдары Baur Kazakhstan-да жұмыс істеген, вице президент болды”, – деді ол.

Ал адвокат Теңізбаев “Айгүл Мекешова Гүлмира Сатыбалды қорқытты, мәжбүрледі деген әңгіме айтты ма?” деп сұрады. Жұмаділда “жоқ” деп жауап берді.

Еске салайық, бұған дейін Абай Жүнісов өзінің үйқамақта болғанын айтқан еді. Сонымен қатар оның бауыры Қасым Жүнісов те сотта сөйлеп, бауырын шығарып алу үшін бүкіл дүниемүлкін сатқанын баяндаған.

  • Гүлмира Сатыбалдыға қылмыстық кодекстің 126-бабы 3-бөлігінің 3-тармағы (заңсыз бас бостандығынан айыру, ауыр зардаптарға әкеп соқтырған алдын ала сөз байласу), 194-баптың 4-бөлігінің 2-тармағы (зорлық-зомбылық қолдану қаупімен аса ірі мөлшерде бопсалау) бойынша айып тағылып отыр.
  • Онымен бірге оның қол астында жұмыс істеген Мәди Батыршаев Қылмыстық кодекстің 126-бабы 3-бөлігінің 3-тармағы (заңсыз бас бостандығынан айыру, ауыр зардаптарға әкеп соқтырған алдын ала сөз байласу) айыпталып отыр.
Талқылау