"Дәрігер ұйықтап жатпағанда баламды аман алып қалуға болар еді": Павлодар облысының тұрғыны сәбиінің өліміне ақ халаттыны кінәлап отыр
Павлодар облысының тұрғыны дәрігерлердің салғырттығынан сәбиінен айырылғанын мәлімдеді. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Фото: Видеодан скрин
Нәрестесінен айырылған Кристина Казьмирук іштегі баланың қозғалмай жатқанын жүктіліктің 36 аптасында білген. Сосын акушер-гинекологқа қаралып, дереу перзентханаға жүгіну керегін білген.
“8 қазанда жүктіліктің 36-шы аптасында баламның қозғалмай жатқанын сездім. Сосын емханадағы акушер-гинекологты шақырдым. Ол маған дереу перзентханадан көмек сұрау керегін айтты. Жедел жәрдем шақырып, Павлодар облыстық перинаталдық орталығына бардым. Перзентханаға келгенімде мені дәрігер Гауһар Тұрсынбаева қабылдады. Жедел жәрдем бөлімінде кардиотокография жасағаннан кейін баламда бәрі жақсы екенін, менің салмағым көп болған соң қозғалысы сезілмей жатқанын айтты”, – дейді ол.
Осыдан кейін әйел дәрігерден шұғыл ота жасауын сұраған. Сөзінше, бірінші жүктілігінде де осындай асқынулар болған.
“Құжатымда ерекше тәуекел тобындағы науқас екенім көрсетілген. Жүктілігім 2 типті қант диабеті және артериялық гипертензия фонында өтті. Дәрігерге 6 жыл бұрын бірінші жүктілігімде де осындай асқынулар болғанын айттым. Дегенмен дәрігер, бәрі босанып жүр, сен де босана аласың, деді. Бірінші босанғаным да кесарь тілігі арқылы болды. Маман мені перзентханаға ауыстырып, жағдайымды қадағалайтындарын жеткізді. Ауыстыру кезінде маған тек 1 кардиотокография берілді. Алайда дәрігер келіп тексермеді. Тек акушер ғана жауапты болды. Акушерден баланың жүрек соғысы қалай екенін сұрағанда, бәрі қалыпты, деп жауап берді. Сосын, таңғы сағат 5-ке дейін демалуға болатынын жеткізді”, – дейді әйел.
Кристина Казьмируктың сөзінше, сағат 5-те оны ешкім оятпаған.
“Түні бойы көз ілмей шықтым. Таңғы 5-те келіп ешкім тексермеді де. Таңғы сағат 6:30-да акушер жүрек соғысын тексеретін аппаратпен келді. Олардың әкелген аппараты жұмыс істемеді. Бір уақытта басқа дәрігер ультрадыбыстық аппаратпен келіп, қарай бастады. Өкінішке қарай, баламның жүрек соғысы ультрадыбыстық сенсормен нашар естілді. Сол сәтте нәрестенің жүрек соғысының төмендегенін сездім. Сосын палатада шу басталып, дәрігерлер келіп, шұғыл түрде кесарь тілігін жасады. Ота кезінде неанотологтар мен реаниматологтар баламның өмірі үшін күресті”, – дейді ол.
Ота біткен соң дәрігерлер әйелге баласының өлі туғанын хабарлаған.
“Баламның өлі туғанын, оны құтқара алмағанын айтты. Тәуелсіз тексеруді алматылық дәрігер, акушер-гинеколог жүргізді. Сонымен қатар патологиялық тексеру жүргізілді. Гистологиялық зерттеу нәтижесі бойынша балам іште жатқанда аман сау болған. Демек баламды медициналық көмек уақытылы көрсетілгенде аман алып қалуға болар еді. Өкінішке қарай, дәрігер ұйықтап жатқанда балам құрсағымда өліп кетті. Бұл сәбиді біз төрт жыл күттік”, – дейді Кристина Казьмирук.
Мұндай дәрігерлердің перзентханада жұмыс істеуге құқығы жоқ деген әйел, Денсаулық сақтау министрлігі мен Павлодар облыстық денсаулық сақтау басқармасынан көмек сұрады. Ол кінәлі адамның жазаланғанын қалайтынын жеткізді.
Аталған жағдайда Павлодар облыстық денсаулық сақтау басқармасы жауап берді. Денсаулық сақтау басқармасы әйелдің бұл өтінішін қабылдапты.
“Қазіргі уақытта медициналық және фармацевтикалық бақылау комитетінің Павлодар облысы бойынша департаменті аталған факті бойынша тексеру жүргізіп жатыр. Аталған іс бойынша егжей-тегжейлі талдау жүргізу үшін комиссия құрылып, оның нәтижелері назарларыңызға ұсынылады”, – делінген хабарламада.