Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"Президент өзгерсе де, кез келген сұрақты шеше алатындай ресурстары бар болды": Сатыбалдының сотында жәбірленуші оған қатысты ештеңе істей алмағанын айтты

Алматының қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотында Гүлмира Сатыбалды ісі бойынша негізгі сот процесі жалғасып жатыр. Кезекті сот отырысында жәбірленуші Абай Жүнісов сөзін жалғастырып, өз еркінен тыс қандай әрекеттерді орындауға мәжбүр болғанын айтып берді. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.

Фото: Stan.kzФото: Stan.kz

Ол 2019 жылы заңсыз бас бостандығынан айырылған кезде өзін ұстап отырған үйге Дінмұхамед Жұмаділда есімді заңгер келіп жүргенін айтты.

“Сол жолы мен үйден телефон тауып алдым, соған жеті аудиожазба жазып алған едім. Дінмұхамед Жұмаділда компаниялардың үлесін жазып алуға және Сатыбалдының тапсырмасымен маған тиесілі компаниялардың үлесін атына аударумен айналысқан еді. Үйге қалай кірдің дегенде Батыршевтың рұқсатымен кірдім деген еді. Бір күні ол нотариуспен бірге келді", – деді жәбірленуші.

Абай Жүнісовтың айтуынша, Жұмаділда 1 370 миллион теңге қарыз алып жатқанын айтып, мәміленің нотариалды куәландырылуын талап еткен. Сондай-ақ акцияларды беру туралы талаптарын алға тартқан.

"Сол күні Жұмаділда 1 370 миллион теңгеге несие беру туралы келісімге қол қоюымды талап етті. Бұл материалдық көмек деді. Гүлмира бұл қарызды өзіне аударады деп, қарыз бұрын алынған деп, оны қайтару талабын серіктестікке беруімді талап етті. Содан кейін Жұмаділда маған тиесілі акцияларды Радионовқа беруімді де талап етті. Ол бұрын Қайрат Сатыбалдының жүргізушісі болған, содан кейін Гүлмираның қол астына жеке жүргізуші болып ауысты. Жұмаділда Baur Kazakhstan компаниясының маған тиесілі акцияларын беруді талап етті”, – деді ол.

Заңгер Жұмаділда құжатқа қол қой деп талап еткен. Ал Абай Жүнісов келіспеген. Бірақ қысым күшейе түскен.

“Келіспедім, себебі бұның бәрі жалған. Мен қол қоймайтынымды, Гүлмирадан қарыз алмағанымды айттым, Радионовқа қатысты да солай айттым, оның атына жазуға келіспеймін дедім. Өйткені сол кезде Қайраттың айтуымен сол компанияда аудит жүргізілу керек болған. Сол аудиттің біткенін күтейік, содан кейін кінәлімін бе, жоқ па бәрі белгілі болады деп айттым. Жұмаділда менен сонда да талап ететінін айтты. Осы кезде мен құжаттарды маған оқуға қалдырып, күтуді өтіндім. Бірақ мен бас тартқан сайын олар маған қысым көрсете берді. Жұмаділда басқа да құжаттарға, акционерлердің шешіміне қол қойды. Оның ішінде серіктестік қатысушысының компания басшыларын тағайындау туралы шешіміне кері қол қою қажет болды. Оның ішінде директорлар кеңесінің құрамын бекіту бар. Мен Гүлмираның өтініші бойынша компанияға тиесілі мүлікті "Нұрбанкке" кепілге беру туралы шешімге де қол қойдым", – деді Жүнісов.

Жәбірленушінің айтуынша, ол оқшауланып, бір өзі қалған кезде мәселенің ауқымын және көрсетілген қысымның ауқымын түсінген.

"Құжатымды үйімнің қасынан алып кетті, телефонымды кеңседе алып кетті. Ешкімге ештеңе айта алмадым, үй телефонымды да алып кетті. Батыршаевпен болған оқиға кезінде медицина көмегін шақырдық, Ал мен полиция қызметкерлерін де шақырдым, бірақ олар жетпей кетіп қалды. Мен ештеңе істей алмадым. Тағы бірдеңе істесем, менің жағдайым одан да жаман болар еді", – деді жәбірленуші.

Сонымен қатар ол өзінің өкінетінін айтты. Сол сәтте қорқып, ештеңе істей алмағанын, бұл адамдардың ешқайсысына қарсы тұра алмайтынын ойлаған.

“Жұмаділда өзінің не істеп жатқанын, жалпы не болғанын түсінді. Ол заңгер ретінде заңсыз әрекет жасап жатқанын білді. Бірақ Сатыбалданың тапсырмасын орындады. Гүлмира Сатыбалды өзін өте тәкаппар және сенімді ұстады. Ол өз іс-әрекеті үшін жазасыз қалатынын түсінді, тәкаппарлық танытты, мысқылдаған сыңай жасады. Осылайша ол артында Қайрат Сатыбалды тұрғанын көрсетті, соған сенімді болды. Ол айналасындағыларға олар қандай жағдайға тап болуы мүмкін екенін көрсетті", – деді ол.

Гүлмира Сатыбалдының қорғаушысы жәбірленушіден сотқа неліктен 2021 жылы, үйқамақта ұстағаннан екі жыл уақыт өткен соң ғана жүгінгенін сұрады. Адвокат сол кезде елде президент өзгергенін және Гүлмира Сатыбалдының отбасының ықпалы төмендегенін айтты.

"Ештеңе өзгерген жоқ. Мені Қайрат Сатыбалдыұлына барғанда ол өз мүмкіндіктерін көрсеткен. Тіпті президент өзгерсе де, кез келген сұрақты айта алатындай ресурстары бар екеніне сендім. Себебі мен олардың еш қорықпастан, жай ғана президентпен. (Нұрсұлтан Назарбаев – шамамен), президенттің басқа да отбасы мүшелерімен хабарласқанын өзім көрдім ғой", – деді жәбірленуші.

Абай Жүнісовтің айтуынша, Сатыбалдылар отбасының ықпалы оған бірлескен серіктестіктегі құрылыс келісімшарттарын алуға көмектескен.

"Гүлмира Сатыбалды Назарбаевтар әулетінің жақын мүшесі болды, ол шенеуніктермен қарым-қатынасының арқасында мол мүмкіндіктерге ие болды. Мысалы, біз "Ария Жаңа Астана" компаниясына зияткерлік құрылыс салуға келісімшарт жасадық Содан есімде, ол Қайрат Сатыбалдыұлына хабарласып, екеуі бірге премьер-министрдің орынбасарына барып, біздің компания құрылыс салсын деп сұрады. Мұны мен әкімшілік ресурс деп санаймын", – деді ол.

Айта кетейік, Гүлмира Сатыбалдыға қылмыстық кодекстің 126-бабы 3-бөлігінің 3-тармағы (заңсыз бас бостандығынан айыру, ауыр зардаптарға әкеп соқтырған алдын ала сөз байласу), 194-баптың 4-бөлігінің 2-тармағы (зорлық-зомбылық қолдану қаупімен аса ірі мөлшерде бопсалау) бойынша айып тағылып отыр.

Онымен бірге Мәди Батыршаев Қылмыстық кодекстің 126-бабы 3-бөлігінің 3-тармағы (заңсыз бас бостандығынан айыру, ауыр зардаптарға әкеп соқтырған алдын ала сөз байласу) айыпталып отыр.

Еске салайық, Гүлмира Сатыбалды 2023 жылдың маусым айында Қызылорда сотымен тағы 8 жылға бостандығынан айырылған. Бұл іс те бөтеннің мүлкін иемдену және жымқыру бабы бойынша қаралған.

Талқылау