"Нормадан едәуір аз": Үкімет шекара маңындағы кейбір мектептердің жабылу қаупі барын растады
Фото: РИА Новости / Константин Чалабов
Батыс Қазақстан облысында Ресеймен шекаралас орналасқан Ақжайық, Бәйтерек, Бөкей ордасы, Жаңақала, Жәнібек, Теректі және Шыңғырлау аудандарындағы 13 мектепке жабылу немесе шағын форматқа көшу қаупі төніп тұр. Бұл мәселеге мәжіліс депутаттары назар аударып, үкімет өз жауабын ұсынды. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Бұған дейін Батыс Қазақстанда бастауыш мектептердің жаппай жабылуы мәжіліс қабырғасында алаңдаушылық туғызғанын айтқан еді.
Депутат Нартай Аралбайұлының сөзінше, кейінгі үш жылда облыста 12 бастауыш мектеп жабылған, ал 2024 жылы тағы 4 мектептің жұмысы тоқтаған. Бұл бір ғана аймақтағы жағдай көрінеді. Еліміз бойынша кейінгі бес жылда 194 ауыл жойылғаны шекарадағы елдімекендердің тағдырын таразыға тартуға мәжбүрлейді дейді депутат.
"Бұл – тек білім беру саласының мәселесі емес, бұл ұлттық қауіпсіздік пен көші-қонға тікелей әсер ететін фактор. Адамы кеткен ауыл картадан өшеді. Ал бос жатқан шекаралық аймақ стратегиялық тұрғыдан қауіп төндіруі мүмкін, – деді Нартай Аралбайұлы.
Нартай Аралбайұлы білім және ғылым министрлігінің (қазіргі оқу-ағарту министрлігі) 2022 жылғы №185 бұйрығына өзгеріс енгізіп, шекаралық ауылдарға ерекше мәртебе беруді ұсынды. Яғни мектеп жабуға негіз болатын оқушы санына қатысты талаптарды жеңілдету қажет.
"Ерекше жағдай" деген ұғым енгізілсе, кем дегенде 13 мектепті сақтап қалуға мүмкіндік бар, – деді депутат.
Премьер-министрдің орынбасары Ермек Көшербаев мәжіліс депутаты Нартай Аралбайұлының Батыс Қазақстан облысындағы шекаралық ауылдарда бастауыш мектептердің жабылуына байланысты депутаттық сауалына ресми жауап берді.
Вице-премьердің айтуынша, бүгінде өңірдегі 13 мектеп штаттық режімде жұмыс істеп тұр. Білім беру ұйымдарының қызмет етуіне кепілдік беретін мемлекеттік нормативке сәйкес, егер ауылдық елдімекенде бастауыш мектеп жасындағы балалар саны 5-тен, негізгі мектеп жасындағы балалар саны 41-ден, ал жалпы орта білім алушы оқушылар саны 81-ден асса, онда мектеп жабылмайды.
"Сонымен қатар "Білім туралы" заңға сәйкес, жергілікті атқарушы органдарда мектептерді сақтап қалуға толыққанды заңды мүмкіндік бар. Кейбір мектептерде оқушылар саны нормадан едәуір аз болғандықтан, 2025-2026 оқу жылында оларды бастауыш немесе негізгі мектепке ауыстыру, тіпті жабу қаупі бар, – делінген хабарламада.
Бұған байланысты оқу-ағарту министрлігі Батыс Қазақстан облысы әкімдігіне шекара маңындағы ауыл мектептерін сақтау және дамыту бойынша ұсыныс хат жолдаған.
"Қазір министрлік шекаралық аймақта орналасқан мектептерді білім беру ұйымдарының кепілдендірілген мемлекеттік нормативінен алып тастау мүмкіндігін қарастырып жатыр. Бұл бастама ауыл мектептерін сақтап қалуға жол ашуы мүмкін. Бұл мәселе үкіметтің бақылауында. Шекаралық ауылдардағы мектептерді сақтау және балалардың білім алу құқығын қамтамасыз ету бағытындағы жұмыс жалғаса береді, – делінген ресми жауапта.
Еске салайық, бұған дейін журналист Ләйлә Сұлтанқызы бала туу көрсеткішінің 14% төмендеуіне алаңдаушылық білдірді. Ол бұл жағдайдың ұзақ мерзімді демографиялық және әлеуметтік мәселелерге әкелуі мүмкін екенін айтты. Журналистің сөзінше, бала саны азайғандықтан балабақша мен мектептердің жабылып жатыр.

"Шетелде билетсіз, қонақүйсіз далада қалдым": Қазақстандықтар авторлық тур сатып аламыз деп 2 млн теңгеге дейін қаражаттарынан қағылған
